Бүгінде Шымкенттегі «Бекжан» базары жөнінде әңгіме көп. Ел ішіндегі алып-қашпа әңгімеге сенсек: «Бұл жер біраз уақыт бұрын арабтарға қыруар қаржыға сатылып кетіпті. Сөйтіп 1-ші тамызда базарды оларға босатып беру керек болған. Сонда базар басшылары саудагерлерден жылдың соңына дейінгі салықты жинап алып, артынша әдейі өрт қойған. Нәтижесінде арабтардан да, саудагерлерден де ақша жинап алды. Базар қыруар қаржыға сақтандырылған. Енді оның да ақшасын алады, сөйтіп үш жеп биге шыққалы тұр», – делінеді.

Осы өрт шығардың алдында түн ортасында нөмірсіз қара «БМВ-мен» келген төрт жігіт күзетшілерге: «Егер тірі қалғыларың келсе, тез арада табандарыңды жалтыратыңдар» депті, екі арада атыс болыпты деген де әңгіме бар. Сауда қатарлары тез жану үшін фосфор ұнтағы себіліпті деушілер де табылды. «Алтын бұйымдар салынған отқа жанбайтын үлкен сейф ұрланыпты», «Біреулер екі «КамАЗ» жүк көлігіне қымбат бағалы киімдерді тиеп алып кеткен» деп те айтылып жүр.

Бұл әңгіменің шындыққа қанша­лықты жанасатыны белгісіз. Оның рас-өтірігі тергеу ісі аяқ­тал­ған соң белгілі болмақ. Ал «Бекжан» базарының иесі, белгілі кәсіпкер Әмірхан Шүменов бұған не дейді?

Ашығын айтайық, кәсіпкермен кездесу оңайға соққан жоқ. Оны арнайы іздеп барғанымызда жолымызда кесе-көлденең тұрған «спецназдың» еңгезердей жігіттері маңына жуытпай қойды. Ал базардың Қанат деген күзетшісі: «Ол кісі ауырып қалды», – деп бізді кері қайтаруға тырыс­ты. Ә.Шүменов сол кезде автотұрақтың екінші қабатындағы кеңседен шығып келе жатты. Біз онымен аз уақыт қана сөйлестік, сондықтан көңілдегі көп сұраққа жауап ала алмадық. Ал арадағы сұхбат былай өрбіді:

– Саудагерлерге көмек неге түрлі сомада беріліп жатыр?

– Ол рас, кейбіреу таратылып жатқан ақшаны азсынуда. Алдында менің өзім де көмек ретінде қыруар қаржымды саудагерлерге жеткенінше таратып бердім. Әрқайсы­сына 300 мың теңгеден тиді. Осыдан кейін облыс әкіміне қоғамдық қор құру қажеттігін айтқанмын. Енді сол қоғамдық қор зардап шеккендерге 200 мың теңгеден үлестіруде. Жұрт оны да аз деп наразы болып отыр. Мен өрттен зиян шеккен барлық саудагерлердің жа­найқайын жақсы түсінемін. Кейбірінің, тіпті, нан сатып алатын ақшасы қалмаған. Сондықтан жұрт арасында ақшаға байланысты дұрыс түсіністік болғаны жақсы еді.

– Базардан 15 адамның мәйіті табылған деген сөз айтылуда. Осы рас па?­­

– Жалған. Тек бір қырғызстандық саудагердің күйген денесі табылды. Тағы бірі күйік орталығында емделуде. Өзге адам шығыны жоқ.

– 45 жеңіл көлік жанып кетіпті деп естіп жа­тырмыз...

– Ол да өтірік. Екі-үш жеңіл көлік пен менің «КамАЗ» жүк көлігім ғана жанып кетті.

– Өрт шығар алдында базарға нөмірсіз «БМВ» көлігімен төрт жігіт келіпті деген де сөз бар.

– Иә. Олар келген соң ұзамай барлық павильонда бір мезгілде жарық өшіп, бірден өрт шыққан. Кім біледі, біреулер «порох» септі ме екен? Артынша 69 бейнекамера мониторларымен қоса жанып кеткен.

– Сонда күзетшілер ештеңе істей алмған ба?

– Бірдеңе деп айту қиын. Біздің күзетшілер қарусыз жүреді. Олардың арасында өрттің шығуына мүдделі жаққа жұмыс істегендер де болуы мүмкін.

– Сонда сіздерде қанша күзетші бар?

– 45 – 50-дей шығар.

– Ақпарат құралдарында 7-8 мың саудагер зиян шекті деп айтылды. Бұл туралы не дейсіз?

– Олай емес. Бізде әр адамның екі-үш, одан да көп орны болуы мүмкін. Соның есебінен әлгіндей сөз шыққан. Ал негізінде базарда 2,5 – 3 мыңдай адам сауда жасайды.

– Өрт қасақана жасалған тәрізді. Мұны кім істеуі мүмкін?

– Айта алмаймын. Не де болса өз ішімде.

...Осы жерге келгенде кәсіпкермен арадағы әңгіме шорт үзілді. Қалта телефоны үздіксіз шырылдап, өзі де асығып тұрған кәсіпкерді одан әрі бөгей алмадық.­

Қ. Мұхамеджан

«Замана» газеті