«Замана» газетінің өткен нөмірінде «Сары әулиені» қыздары сот­қа берді» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын. Онда елге «Сары әулие» деген атпен танымал болған Марат­ қажы Есенбаевты қыздарының үйге таласып сотқа бергендігі жөнінде айтылған. Біз кешегі аптада қазір «Сары әулиенің» Атырау қаласында тұрып жатқан үлкен қызы Бақытгүл Есенбаевамен хабарласып, оқиға барысы жөнінде сұрадық.

«Біз біршама уақыт әке­мізбен бірге тұрғанбыз, – деді Б.Есенбаева. – Бірақ мінезіміз жараспады. Ол бізге қол кө­терген соң полицияға ша­ғымдануға мәжбүр болған кезі­міз де бар. 12 жасымда анам дү­ниеден қайтып, ауыр күндерді басымыздан өткізіп жүргенде ол бізден бас тартты. Әкенің өз перзенттерінен бас тартуы үшін үлкен себеп керек емес пе? Неге ол бұлай істегенін түсінбеймін. Сіңлім Ажаргүл заңды түрде менің қамқорлығымда. Кейін әкеміз сіңлімді үйіне алғысы келеті­нін біл­дірді. Алғашында әкеміз екені рас қой деп оған да қарсы болмап едім, бірақ Ажаргүлді сені көрмейтіндей етемін деген соң келісімім­ді бермей қойдым.

Қазір ол кісінің менің сыртымнан айтып жүрген сөз­де­рінің біреуі де дұрыс емес. Әкеміз қыздарынан бас тартқаны аз болғандай, бізді жаман көрсету үшін өсек таратыпты. Мен бұрын намаз оқы­ғанмын. Жаман жүріске са­лынғандығым жөнінде соңымнан сөз ерген емес. Жезөкше­лікпен, нашақорлықпен айналыссам тиісті орындар есепке алған болар еді ғой. Аллаға шүкір, ондай теріс әрекеттерден тазамын. Ал осыдан үш күн бұрын Ажаргүл қыздар байқауына қатысып, «Атырау аруы» деген атақты жеңіп алды. Енді 8-желтоқсанда Алматыда өте­тін «Қазақстан аруы» бай­қауына қатысады. Егер біз теріс жолға түскен болсақ, әділ­қазылар Ажар­гүл­ді неліктен сол сайыстың же­ңім­пазы деп таныды? Әкеміз­дің айтып жүргендерінің барлығы бос сөз. Мен екі бала тәрбиелеп отырған анамын, күйеуім бар. Жалпы, қарапайым адамдармыз. Бұрын әкем түсіністік танытса кешірермін деген ой болған, енді сыртымыздан жалған сөз таратқаннан кейін онымен кешірім де, келісім де болмайды».

...Кешегі дүйсенбіде Шым­кенттің Абай аудандық со­тының судьясы С.Айнабе­ковтің төрағалық етуімен сот отырысы қайта жалғасып, екі жақтың қорғаушылары сотқа өз дәлелдерін айтып, қойыл­ған сұрақтарға жауап берді. Судья кезекті үзіліс жариялағанда біз ол кісілерді және М.Есенбаевтан үйді сатып алған адамды әңгімеге тарттық.

Гөзәл Темірова, Б.Есенбаеваның қорғаушысы:

– Мен бұрын ол кісіні мұндай адам деп ойламайтынмын. Өз қызының атына жаман сөз айтқан әрекеттерін еш түсіне алар емеспін. Жезөкше, ваххабист деп кінәлады. Кейін осы сөздері үшін жауап беремін деп ойланбағаны ма?

Енді сот барысы жөнінде айтарым мынау. Осыдан тура бір жыл бұрын Абай аудандық сотының шешімімен Марат қажы Есенбаевқа заңды мұрагерлікке құқық беретін 2003 жылғы №1-10963-куәлік күшін жойған. Демек, мұра ретінде сатылған үйдің де келісім-шарты заңсыз болуы керек. Біз қазір соны дәлел­демекшіміз. Әрине, үйді ақшасын төлеп сатып алған адам­ға қиын болатынын түсінеміз, бірақ менің клиентімнің де құқы аяқ асты болмауы керек.

Молдабай Мырзакелдиев, Марат қажы Есенбаевтың қорғаушысы:

– Біз Абай аудандық сотының былтыр шығарған шешімін бұздыру үшін Жоғарғы Сотқа шағым түсірдік. Себебі ол шешім бізге хабарланбай, сырттай шығарылған. Менің қорғауымдағы кісі 2006-жылы өз қыздарынан заңды түрде бас тарт­қан. Ал үйді әйелінің сыр­қат екенін біліп, өмірден көңілі тоқ болып өтуі үшін өз ақшасына сатып әперген. Алматы облысының Қарасай аудандық соты екеуін 1999-жылы ажырастырып жібергенімен екі жақ та тиісті орындарға тір­кетіп, ажырасқандығы жөнінде куәлік алмаған. Осының өзі олардың заңды ажырасқандығына күмән келтіруге негіз бола алады. Демек, бұл Марат қажының некедегі әйелінің дү­ниесіне заңды мұрагер бола алатынын білдіреді.

Якубжан Садықов, М.Есен­баевтан үйді сатып алушы:

– Мен бұл үйді Марат қажыдан оның сенімді өкілі арқылы заңды түрде сатып алғанмын. Сол кезде көпшілік бұл үйді түсініксіз бір елес бар деп алмай жүрген болатын. Мен өліден емес, тіріден қорқу керек дегенді айт­қанмын. Мұндай дау-дамай бар екенін ол кезде білгенім жоқ. Бірақ осы жанжал басталғанда Бақытгүлге өзім хабарласып, мәселені бейбіт шешу керектігі жөнінде айт­қан едім. Ол: «Сен кімсің, сенімен сөйлеспеймін!» – деп қарсылық білдірді. Содан бері хабарласқаным жоқ. Енді мен де онымен сөйлес­пеймін. Үйім­нен айырылып қалмау үшін сотта өз құқымды өзім қорғаудамын. Әділдік үстемдік құрып, үйім өзімде қалады деп үміттенемін. Әйт­песе Жоғарғы Сотқа дейін шағымданамын.

Жалпы, бұрын Марат қа­жы­ны білмейтінмін. Ол кісімен сот барысында ғана та­ныс­тым. Өте жақсы адам екен. Ондай жанды балалары алақанына салып жүруі керек. Қазақта: «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар ғой. Мен әкесімен соттас­қанына қарағанда қызда­рының адамгершілігі нашар ма деп қалдым.

...Қысқасы, бұл жанжалдың нүктесін сот қоятыны белгілі. Көп ұзамай шындық та белгілі болып қалатын шығар.

Р.S. Өткен жұма күні аталған мәселеге байланысты сот процестері аяқталып, шешім оқылуы тиіс болатын. Бірақ судья С.Айнабеков кейбір жағдайларға байланысты шешімнің кейін шығатынын, оның мерзімін екі жаққа да қосымша хабарлайтындарын айтып сот отырысына үзіліс жариялады. Ал соттың бұлайша ойламаған жерден үзіліс жариялаған сырын сол жердегі жұрт сан-саққа жүгіртіп жатты. Тіпті мұрагерлікті анықтауға байланысты бұдан бірнеше жыл бұрын шыққан шешім бойынша облыстық сот тарапынан тексеру басталуы мүмкін дегенді айтып қалғандар да болды.

Қысқасы, бұл істің әлі де созыла түсетін сыңайы бар.

Ұ. ҮМБЕТ.