«Серке.орг» сайты іздестіріп жүрген Рауан Сіргелінің суреті табылды. Оны кеше ұлтшыл журналист Геройхан Қыстаубаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында жариялады. Қазақ ұлтшылдарының ортасына от тастап оларды шағыстырып жүрген Рауан Сіргелі - 2-суреттегі сол жақта қара костюм- шалбар киіп, сағат тағып отырған жігіт. Қазанның 22-і күні өткен құрылтайды ұйымдастыру комитетінің кезекті жиынында ол өзін ұлтшылдарға «Қазақ елі» қозғалысының төрағасы Қажымұқан Ғабдолланың орынбасарымын» деп таныстырған. Осыған байланысты ұлтшылдардың арасында от тастап жүрген жігіттің артында Қ.Ғабдолла тұрған болуы кәдік деген күдік туған. Бірақ, бұл күдіктің бекер екенін, Рауан Сіргелінің өзіне ешқашан орынбасар болмағанын айтып, Қажымұқан Ғабдолла редакция поштасына хат жолдапты. Төменде сол хатты жариялап отырмыз.

Жақын күндері қазақ баспасөз құралдарында менің: «Өзегімізді талдырған ӨЗГЕРІС есігімізді қағып тұр...» деген атпен көлемді сұқбатым жарияланды. Қысқаша айтқанда, мен бұл сұқбатта ұлтшыл-демократтардың Құрылтайы туралы өз көзқарасымды білдіріп, тізгінін Мұхтар Шаханов ағамыз ұстаған Ғабиден Жәкей, Мақсат Нұрыпбаев, Болатбек Біләл секілді қазақтың белсенді азаматтарының баянды бастамасына қолдау көрсеткен болатынмын. Сірә, менің осы қылығым қазақтың бірігуін мәңгілік қаламайтын қайсыбір харам пиғылды қара күштердің қытығына тиген тәрізді...

Аталған сұқбатымда мен: «Құдайдың қазаққа бұйыртқан жарқыраған шырағы мен бұрқыраған бұлағы қаншалықты көп болса, сүйегін сырқыратқан сынағы одан жүз есе асып түсті...» деп едім, осы сөзім әулиелік болды.

Менің жеке басымның емес, мұқым қазақ ұлтының дұшпандары енді жалған сөз, өтірік өсегіне ешкімге белгісіз Рауан Сіргелі дейтін жап-жас жігітті арқау етіп, жалаулатуды қызу бастап кетті. Мен бұл арандатушылықтың артында кімнің сүйегінің сықырлайтынын жақсы білемін...

Ал, Рауан Сіргелі деген жігіттің “Қазақ елі” қозғалысында жастар қанатының қарапайым мүшесі болғаны рас екен. Бірақ, мен Рауан Сіргеліні жыға танымаймын...

Осыдан біраз уақыт бұрын Рауан Сіргелінің Геройхан Қыстаубаевты оңдырмай сынаған мақаласы қолыма тиді. Бір жағынан, мақала авторын танымағандықтан, екінші жағынан, Геройханның кісілік қасиеттеріне қанық болғандықтан, мен ол мақаланы газеттеріме де, сайттарыма да жариялағаным жоқ. Геройхан: “Рауан – Қажымұқанның адамы болса, яғни, мақаланы жазған Қажекең екен ғой” деп ойлап қалуы мүмкін, бірақ, бұл бекер әңгіме, жауларымыздың құр арандатушылығы.

Соңғы күндері Рауан Сіргелі туралы сұрқия әңгімелер гулеп кетті. Бірде «Рауан Серікжан Мамбеталин мен Ғабиден Жәкейге: “Сендерді сабауға маған тапсырыс түсті” деп, екеуін бір-біріне айдап салыпты»-мыс десе, келесіде «Геройхан Қыстаубаевқа хабарласып, қоқан-лоққы жасап, қорқытқан» деп еседі...

Менің бұл өсектердің біріне де сенгім келмейді. Менімен телефон арқылы сөйлескен Рауан Сіргелі осыншама жамандыққа баратын азаматқа ұқсамаған...

Бұл жігіт менімен әр сөйлескен сайын: “Қажымұқан аға, мен Мұхтар Шахановты және сізді қатты сыйлаймын. Сіз өте мықты ұлтшылсыз. Менің “Қазақ елі” қозғалысына қасық қаным қалғанынша қызмет еткім келеді” деп жүрді. Мен Рауанға: “Рауан інім, мен Оралдамын, сен Алматыдасың, егер ұлтқа қызмет еткің келсе, Алматыдағы ұлтшыл ағаларыңа көмектес. Еркін Рақышев пен Ғабиден Жәкейге сен туралы айтайың, олар сені көрсін. Сен олардың көңілінен шығып жатсаң, сол ағаларыңмен бірге Құрылтай игілігіне қызмет ет” деп айтып, Еркін мен Ғабиденге ескерттім. Олардың екеуі де Рауан Сіргеліні жеке-жеке шақырып, кездескен...

Естуімше, таяуда тағы да Рауан Алматыдағы “Қазақ елі” қозғалысының жігіттерінен менің “Түйінді шындық” кітабымның бірнеше данасын алып, менің кітабымды біреулерге бергенде: “Мен Қажымұқанның орынбасарымын” деп өтірік айтқан сияқты. Тіпті, осылай болған күннің өзінде мен ресми түрде мынаны мәлімдеймін: «Рауан Сіргелі ешқашан менің орынбасарым болған емес. Ол – “Қазақ елі” қозғалысының мыңдаған мүшелерінің бірі ғана...»

Сондықтан, бұл жігіт арқы­лы да, басқадай сасық іс-әре­кеттерімен де менің және ұл­тымның дұшпандары қазағыма қылдай қиянат жасай алмайды!..

Ұлтшыл күштердің ақсақалы Мұхтар Шаханов ағамыз: «Қазіргідей ұлттық мүдде аяқ асты болып отырған кезде біз бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек» деп, барлық ұлтшылдарды, жалпы жұртшылықты бірлікке шақырып еді, әттең, қазақтың қас дұшпандары аяқтан шалуын тоқтатар емес... Патшалық Ресей мен совет өкіметінің кезіндегі қазақты қазаққа қарсы айдап салу тәсілі қайта күш алды...

Ал, менің АЙТҚАНЫМ АЙТҚАН: Ұлтың мен еліңе жаның ашыса, оның мүддесін қорғап, қол жинаған қай қазаққа да қолдау көрсету парыз. Құрылтайды ұйымдастыру бастамасын көтерген үш жігіт, ең алдымен, ортамыз бен ордамызға енген қауіп пен ертең жетуі ықтимал қатерді ашық айтып, байбалам салды. Осы ұстаным үшін мен бұл азаматтармен біргемін!

Ұлттық мүдде жолында пендешілікке жол берілмеуі керек. Батылдық пен батырлық, табандылық пен төзімділік, жанашырлық пен жанкештілік қана қазақты бір тудың астына жинап, жарқын болашаққа жол бастай алады. Абай атамызды қайталап айтамын:

Сезімпаз көңіл,

Жылы жүрек,

Таппадым деп түңілмес.

Бір тәуір дос,

Тым-ақ керек,

Ойы мен тілі бөлінбес...

Суретте: «Қазақ елі» қозғалысының жиыны

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

«Қазақ Елі» халықтық қозғалысының төрағасы