2014 жылы Қырымды аннексиялауы және шығыс Украинада көтерілісшілерге қолдау жасауының арқасында президент Путиннің Ресейдегі беделі қатты өсті, деп жазады мемлекет және халықаралық қатынастар бағдарламасының директоры Джерард Тоэл (Виргиния технологиялық университеті, АҚШ) және география профессоры Джон О'Лухлин (Колорадо Университеті, АҚШ) The Washington Post беттерінде жарияланған мақалада. Бірақ дауға айналған жерлерде Путинді қаншалықты жақсы көреді? Дәл айтқанда, әңгіме Қырым және сәуір айында ол «Новороссия» деп атаған жер туралы болып отыр. Авторлардың пікірінше, бұл Украинаның сегіз облысы: Одесса, Николаев, Херсон, Днепропетров, Запорожье, Харьков, Донецк және Луганск аймағы.

Авторлар «Путиннің қолдауға ие болуының себебі халық арасында этникалық орыстардың және орыс тілін өздерінің ана тілі деп санайтын адамдардың пайыздық үлесіне тікелей байланысты ма» дегенді анықтап көрмек болды.

2014 жылдың желтоқсанында олардың тапсырысы бойынша Оңтүстік-Шығыс Украина мен Қырымда 140-тан астам сұрақтан құралған сауалнамалар жүргізілді. «The Kyiv International Institute of Sociology Оңтүстік-Шығыс Украинаның алты облысында 2 мың адамның арасында біздің сауалнамамызды жүргізді. (Біз Луганск және Донецк облыстарындағы қақтығыс аймақтары сауалнамаға қатыстырмауға мәжбүр болдық...)», - деп жазады авторлар. Дәл сол кезеңде Левада орталығы Қырымда 752 респондент арасында осыған ұқсас сауалнама жүргізді.

Респонденттер төрт портреттегі тұлғаларға өздерінің көзқарасын білдіріп 5 ұпай шәкілі бойынша баға беруге тиіс болды («өте жақсы» деген бағадан бастап «өте жағымсыз» дегенге дейін). Оңтүстік-Шығыс Украинада бұл портреттерде Ленин, Обама, Путин және Порошенко болса, Қырымда Порошенконың орнына Сергей Аксеновтың суреті көрсетілген (1-суретте). Респонденттер өздерінің ұлтын, сондай-ақ үйлерінде негізінен қай тілде сөйлейтіндерін айтуға тиіс болды.

«Сауалнамаға қатысқандардың үштен біріне жуығы саясаткерлерге бейтарап баға берді. Оңтүстік-Шығыс Украинадағы респонденттердің жартысы Обамаға осындай баға берсе, Қырымда дәл сондай баға алған Ленин болды. Путинге айқын қарама-қарсы баға берілді: Украинаның алты облысында бұл өте жағымсыз баға болса, Қырымда өте жағымды баға болып шықты», - деп жазады басылым.

Авторлар барлық саясаткерлерге сай келетін «симпатия рейтингін» есептеп шығарды. Ол жағымды не жағымсыз сипатта. Оның егжей-тегжейлі нәтижелері газет сайтында жарияланған (2-3-суретте).

Шығыс Украинада Путиннің рейтингі жағымсыз (халықтың әр түрлі топтары бойынша -100-ден бастап - 120-ға дейін). Обаманың рейтингі де жағымсыздау (0 бастап -70-ке дейін). Қырымда Путин орыстардың (шамамен +170) және украиндардың (шамамен +100) арасында жағымды рейтингке ие, ал татарлардың оған берген бағасы бейтарап (нөл және плюс-минус бірнеше процент). Бұл аймақта Обаманың рейтингі халықтың барлық топтарының арасында жағымсыз (татарлардың берген бағасы -70, украиндар -150, орыстар -180).

Осыған қарап авторлар төрт тұжырым жасайды. Біріншіден, Оңтүстік-Шығыс Украинада бұл саясаткерлерге күмәнмен қарайды, тек жалғыз Порошенко ғана украин және орыс тілдерінде сөйлейтін украиндар тобының ішінде симпатияның аз-маз жағымды рейтингіне ие болды. «Барлық төрт лидердің ішінде Путин ең жағымсыз баға алды», - деп жазады авторлар. Қырымда Путин орыстар мен украиндардың арасында жоғары рейтинг алды, татарлар оған жалпы бейтарап баға берді. Аксеновке берілген симпатия рейтингі орташа-жақсы. Обамаға Қырымда ғана емес, жалпы Оңтүстік-Шығыс Украинада жағымсыз баға берілді.

Екіншіден, Қырым мен Оңтүстік-Шығыс Украинада этникалық орыстардың және этникалық украиндардың пікірлерінің арасында аса үлкен айырмашылық жоқ. «Атап өтетіні, этникалық орыстар көбіне-көп Обаманы жек көреді, ал Путинді жақсы көреді, бірақ сауалнама жүргізілген Оңтүстік-Шығыс Украина облыстарындағы этникалық орыстардың көпшілігі Путинді жақсы көрмейді деуге болады», - дейді басылым. Қырымда украиндар мен орыстардың арасында кішігірім айырмашылықтар бар. Татарлар Ленинді өте жақтырмайтындарын білдіріп, Путинді ең аз қолдау білдірді.

Үшіншіден, Украина ұлттық және тілдік белгі бойынша екіге жарылған деген пікір бекер болып шықты. Сауалнама нәтижесі мұны жоққа шығарып отыр, дейді авторлар. Басқа сұрақтарға берілген жауаптарды алдын ала талдауға қарағанда, Оңтүстік-Шығыста украин ұлтына деген адалдық және тілдің қолданылуының арасындағы байланыс болмашы ғана. Авторлар атап өткендей, электораттың нені ұнататыны және НАТО мен ЕО-ға кіруді қолдау мәселесіне орай Батыс және Шығыс Украинада қатты айырмашылықтар бар, бірақ бұған қарап Украинаға адалдық дәрежесі де әр түрлі деуге болмайды.

Төртіншіден, болып отырған дағдарыс аймақ ішінде халықтың нені жөн көретініне байланысты емес. Авторлардың тұжырымдауынша: «Бүгін Украинаның жікке бөлінуінің себебі - Ресейдің оның бір аймағын тұтастай аннексиялап алуында. Сол аймақтағы халықтың көпшілігі бұл қадамды қолдайды, ал шетелде аннексия заңсыз, құқыққа қайшы деп айыпталып отыр. Ресей қолдау көрсетіп отырған сепаратистік пиғылдағы Донецк және Луганск облыстарынан тыс жерлерде, бірақ «Новороссия» деп аталып отырған аймақта Украина азаматтарының көпшілігі, соның ішінде этникалық украиндар не этникалық орыстар, украинтілділер не орыстілділер, немесе осы екі тілде де сөйлейтін көптеген адам Путиннің әрекеттерінен түңіліп отыр» деген қорытынды жасалған.

Inopressa материалдары бойынша