Әлемдегі мұнай бағасының құлдырауы қандай салдарға әкелуі мүмкін деген сұрақтың жауабын табу үшін АҚШ-тың Bloomberg агенттігінің Bloomberg View басылымының беттерінде осындай тақырыпта мақала жарияланған.

Осыдан бес жыл бұрын американ журналисі Томас Фридман өзінің атақты "петросаясаттың бірінші заңын" тұжырымдаған болатын. Бұл заңды тұжырымдау кезінде ол сүйенген зерттеу нәтижелері бойынша, мұнайдың бағасы қымбат болғанда мұнай шығарушы елдер неғұрлым репрессивті және агрессивті болуға бейім келеді екен. "Ресейдің соңғы он жылдың ішінде авторитаризмге және ызалы ұлтшылдыққа бет бұруы бұл теорияны растап отырған сияқты. Дегенмен бұл заңның екі бағытта да жұмыс істейтініне сенім жоқ: Мұнай бағасының құлдырауының жалғасуы елдің саяси маятнигін кері бұруы мүмкін деген ойғаРесейде шүбәланып қарайды," – деп жазады автор Леонид Бершидский.

Фридман тұжырымдаған Петросаясаттың бірінші заңы бойынша, мұнайға бай мемлекеттерде мұнайдың бағасы және бостандық үрдісі әрқашанда бір-біріне қарама-қарсы бағытта жүреді. Петросаясаттың бірінші заңына сәйкес, мұнайдың әлемдік орташа бағасы жоғарылаған сайын, сөз бостандығы, еркін баспасөз, еркін әрі әділ сайлау, тәуелсіз сот жүйесі, заң үстемдігі, саяси партиялардың тәуелсіздігі соғұрлым құлдырай түседі. Баға өскен сайын, мұнай шығаратын елдердің басшылары әлемнің олар туралы қандай пікірде екеніне және олар туралы не айтатынына соғұрлым аз алаңдайды, содан осындай жағымсыз үрдіс күшейе түседі. Екінші жағынан, Петросаясаттың бірінші заңына сәйкес, мұнайдың бағасы неғұрлым төмен болса, мұнай шығарушы елдер неғұрлым ашық саяси жүйе мен қоғам құруға қарай бет алуға көбірек мәжбүр болады, оппозицияның пікірін көбірек елейтін болады, құқықтық және білім беру құрылымдарын құруға көбірек бет бұрады. Ал бұл халықтың бәсекелесу, жаңа компаниялар құру және шетелден инвестициялар тарту қабілетін барынша арттырады. Сондай-ақ шикі мұнайдың бағасы неғұрлым төмен болса, мұнай шағарушы елдердің басшылары сыртқы күштердің олар туралы не ойлайтындарына соғұрлым көбірек сезімтал болады…

Дәл қазір "оңтайлы жағдайдың" алғышарттары қалыптасқан сияқты. Мұнайдың бағасы бір баррель үшін $ 70 сәл ғана төмен – бұл әзірше Ресейде және Венесуэланы қоспағанда, басқа да мұнай шығарушы ірі мемлекеттердің көпшілігінде аласапыран заман орнайтындай тым арзан емес. Егер ондаған жылдардың іс жүзіндегі деректеріне сүйенген Петросаясат теориясы бойынша болжам жасауға болатын болса, жақын арада Ресей неғұрлым либералдық ішкі саясат жүргізуге және өзінің сыртқы агрессиясын жұмсартуға бет алуға тиіс, - деп жазады Бершидский.

"Әзірше Путин бағдардың осылай өзгеруін болдырмау үшін патриотизм идеясына үндеп, Ресей азаматтарын отаны өзінің геосаяси амбицияларын сақтап қалуы үшін бар қиындыққа табандылықпен төзуге шақырды. Мен Мәскеуде сұхбаттасқан инсайдерлердің айтуынша, Путин және оның айналасындағылар келесі бір-екі жылдың ішінде мұнайдың бағасы өседі деп үміттеніп отыр, бұл Ресейге өз валютасын нығайтуға, протекционизмін бұрынғы деңгейге жеткізуге және барлық рангтегі әскерилер мен полицейлерге жомарттықпен ақша төлеуін жалғастыруға мүмкіндік береді" - дейді автор. "Егер бағаның арзан болуы бес-жеті жылға жалғасса, Путин және оның жүйесі күйрейді", - дейді бұрынғы президент Дмитрий Медведевтің әкімшілігінің бас кеңесшісі.

Бұл жағдай мұнайдың арзандауы демократияны орнатады және агрессияны болдырмайды деген теориямен үндесіп отыр. Түптің түбінде Кеңес Одағының тағдыры мұнай бағасының бірнеше жыл бойы арзан болуы неге әкеп соғатынын көрсетіп отыр. Егер мұнайдың бағасы арзан болып қала берсе, Путин үшін соңғы сынақ 2016 жылы болмақ. Егер репрессиялар мен ұлтшылдық риториканың қиысуы арқасында Путиннің беделі, немесе одан қорқыныш сақталса, онда Петросаясаттың бірінші заңын ерекше себеппен қайта қарау қажет болуы мүмкін. Бұл себеп: тығырыққа тірелсе де, өзінің позициясын ұстап тұра алатын диктатор", - дейді автор.

S