Өзін оппозиция белсендісі әрі әділдікті жазатын журналист ретінде көрсетіп жүрген «Нұрадам.кз» сайтының жетекшісі Гүлжан Ерғалиеваның жүріп өткен өмір жолы күмән мен күдікке толы. Оның көкірек керіп айтып жүрген қазіргі сөзі мен көмескілене бастаған кешегі ісі бір-бірімен кереғар.

Осыдан екі жыл бұрын оппозицияның сөз айтар жалғыз мінберін - «Свобода слова» газетін Болат Әбілев екеуі оппозицяның басқа лидерлерімен ақылдаспай, жымысқы тірлік жасап, биліктегі әлдебіреулерге астыртын сатып жіберді. Оны сата сала, ол «Гүлжан.орг» деген сайт ашқан. «Билік жауып тастады» деген желеумен оны да жоқ қылды. Қайдам, билік сөйтсе, сөйткен шығар... Бірақ, билік «шаруасы бітті, жауып тастадық» деген әблязовшіл газеттерді жұрт қиналмай-ақ интернеттен тауып алып әлі оқып жатыр. Ал, Ерғалиева «Гүлжан.оргтың» басын су құйып, «Нұрадам.кз» деген сайт ашты. Енді мұны да «билік жауып тастады» деген желеу айтып, жоқ қылып отыр. Мұнда қандай гәп бар? Осыны түсіну үшін Гүлжан Ерғалиеваның өткен өміріне шолу жасауды жөн көрдік.

Шынын айтсақ, Гүлжан Ерғалиева өмір бақи билік элитасының жанында жүр. Оның әкесі – майдангер, ақын Хамит Ерғалиев кеңес заманында биліктің әлпештеген еркесі болғаны жасырын емес. Мемлекеттік сыйлықтың иегері өзінің көзі тірісінде-ақ шығармалар жинағын түгел шығарып үлгерді, мемлкеттен тегін үй алды, жай алды, атақ алды, биліктің көмегімен жеткен басқа да жетістіктері жетерлік. Мұндай адамның қызы елеусіз қалуы мүмкін емес, ол жағы өзінен өзі түсінікті жайт. Ал Г.Ерғалиева журналистика факультетін бітірген соң, жоғарғы жақтағы адамдардың қолдауымен «Қазақтелерадио» корпорациясының жастар редакциясына жұмысқа орналасады. Бірақ, ол жерде Гүлжан Ерғалиева бәлендей креативтікпен өзін таныта алмады. Оның курстастары мен бұрынғы жұмыс орындарындағы әріптестерінің есінде Гүлжан ханым компания ұжымы арасында көңіл көтеруді жақсы көретін далақай қыз ретінде есте қалған. Уақыт болса, сырғып өтіп жатты. Оған салмақты адам болып, өмірдегі өз орнын табу қажет еді. Горбачевтік қайта құрудың пәрмені Қазақстанға жеткенде, Гүлжанның жолы болып, ол «Невада-Семей» қозғалысы туралы фильм түсіретін топқа кірді. Міне, дәл осы жерде Қазақстан журналистикасының болашақ «жұлдызы» өзін толық таныта білді. Әкесінің дүрілдеп тұрған атағының да пайдасы тиіп, Гүлжанның Олжас Сүлейменовпен таныстығы достыққа айналды.

Алайда, Совет Одағының құлауы Гүлжан ханымның жоспарын бұзып, ол іс жүзінде жұмыссыз қалды десе де болады. Бірақ әкесінің ескі байланыстары тағы да оған дер кезінде көмекке келді. «ГүлжанTV» телекомпаниясын ашуға қаржылай көмектесетін демеушілер табылды. Алайда, телекөрермендерге бұл арнадан оның хабарларын көруді жазбады. Бұл телекомпанияның ашылуына қатысты тарихтың «қараңғы» және күмәнді тұстар жеткілікті. Дәл сол сияқты Гүлжан Ерғалиеваның өмірбаянында да ондай «дақтар» баршылық. Мысалы, ол 2001 жылы Рахат Әлиевтің адамдары өзін қалай қорқытып-үркіткені жайлы сөзқұмарлықпен талмай айтып жүр. Бірақ, оның әгімесіндегі оқиғада Рахат Әлиев оны не үшін қудалағаны ылғи кадр сыртында қалып қояды. «Қоғамдық келісім» бағдарламасының қарапайым жүргізушісі Гүлжан Ерғалиева ол күндері тасы өрге домалап тұрған мемлекет басшысының құдыретті күйеу баласына қандай қиянат жасай алады?! Дәл осы жерге келгенде Гүлжан Хамитқызы сөзді басқа жаққа бұрып жіберуге құмар-ақ.

Гүлжан Ерғалиеваның өзін керемет санайтын мінезі оған бұдан кейін де бірнеше рет зиянын тигізеді. Алайда, ол сондай қиын-қыстау кездердің бәрінен судан таза, сүттен ақ болып шығып жүрді. Оның су бетіне қайта қалқып шығуға көмектесетін қамқоршылар да қашанда табыла кетеді. Қызық. Осының өзі-ақ біраз жайды аңғартса керек. Бұл жоғарғы жақтағы біреулер қарсыластарына қарсы ақпараттық соғыс ашып, оның көзін құрту үшін «Гүлжанды қару ретінде пайланып жүрген жоқ па?!» деген күмәнді ойға итермелейді.

Гүлжан Хамитқызының – Олжас Сүлейменов құрған «Қазақстан Халық конгресі» партиясының басшысы қалай болғаны да күдік пен күмәнге толы. Съезде осы мәселеге қатысты қабылдаған қаулы, қарар сияқты құжаттарды Гүлжан Ерғалиева жұртшылыққа ешқашан көрсеткен емес. Бірақ, соған қарамастан, партияның жарғысы мен құрылтай құжаттары соның қолында болып шықты. Осылайша, партияға ие болған соң, Гүлжан Хамитқызы Қазақстанның саяси өміріне де белсене араласты да кетті. Алайда партияны басқару, саясат туралы айғайлағаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Сондықтан ол көп ұзамай журналистика мамандығына қайта оралып, 2003 жылы «Сөз» газетінің орыс редакциясын басқарды. Ал біраз уақыттан кейін осы газеттің қожайын Шәріп Құрақбаевтың өзін былай ығыстырып, өзі бас редактор, өзі қожайын болып алып, өз білгенімен билеп-төсетеп кетті. Сол кезең 2005 жылға, Асхат Шәріпжановтың мезгілсіз қаза тапқан мезгіліне сай келеді. Бүгінде Гүлжан Хамитқызы Асхат туралы еске алғанда, оны режимнің қолынан қаза тапқанын, оппозициялық журналист болғанын сарнап айтады. Алайда, Асхат тірі кезінде оппозициялық журналистикада жүрген өзінің әріптестерінен аз таяқ жеген жоқ. Нақты айтар болсақ, Гүлжан Хамитқызы Асхатты қақаған қыстың дәл ортасында жұмыстан қуып жіберіп, оны күнкөріссіз қалдырғанын журналистердің бәрі біледі.

«Мен шындық үшін күресіп жүрмін» деп мақтанғанда, Гүлжан Ерғалиева кейде өзін қатты әшкерелеп алатынын да байқамайды. Мәселен, «Мен кімнің жағында және кімге қарсы жұмыс істеп жүргенім туралы айтып берейін» деген мақаласында ол «Осындай шындық жұртшылыққа белгілі болып, президенттің құлағына жеткені – біреулер үшін өте тиімсіз» деген еді. Егер осы сөйлемнен қорытынды жасайтын болсақ, Ерғалиева журналистикамен емес, белгілі бір адамдардың сыртынан ашық түрде сөз тасумен, сөз жеткізумен айналысады екен. Шын журналист болған оқиғалар мен деректерді сол күйінде таратуы тиіс. Ал ақпаратты «президенттің құлағына» жеткізу журналисттің шаруасы емес, онымен мемлекет басшысының айналасында жүрген адамдар айналысады. Әлде, Гүлжан Ерғалиева өзін ел президентінің жанында жүрмін деп ойлай ма?

Гүлжан Хамитқызының БАҚ-тың мақсаты мен журналистердің міндетін мүлдем басқаша түсінетініне назар аудару керек. Оның сайтындағы жарияланымдар ашық түрде тек біржақты беріліп келеді. Сол мақалаларға қарап, біздің елде жағымсыз істермен айналысатын басқа шенеуніктер қалмағандай пікір туындайды. Екіншіден, материалдарда шындық пен өтірік қат-қабат араласып кетіп жатады. Өтірігі ашылып қалса немесе басқа баспасөзде оны терістейтін факті жарияланса, не бас редактор, не оның қарамағындағы журналистер жалған ақпарат таратқандары үшін оқырмандар алдында кешірім сұрауды да жөн санамайды. Соған қарамастан Гүлжан Ерғалиева өзін батыр, журналистиканың «жұлдызы» санайды. Сондықтан оны Қазақстан журналистикасының «Мата Хариі» деген дұрыс болар еді. Себебі, екеуінің де өмірбаяндарындағы қара дақтар жағынан ұқсастықтар басымдау. Осыған орай Гүлжан Ерғалиеваның оппозициядағы әріптестерін сынаған болып, бопсалағанын қалай еске түсірмеске? Атап айтсақ, қуғынға ұшыраған олигарх Мұхтар Әбілязов ұзақ уақыт бойы оның шабуылының объектісіне айналды. Осы жерде тағы бір маңызды жәйтті айта кетсек, артық болмас. Гүлжан ханым кезінде басқарған «Сөз» газетін дәл осы Әбілязов қаржыландырып келген. Оны Ерғалиеваның өзі де біледі. Ал артынан газеттен кеткен соң, сол демеушісін Своик екеуі «Свобода слова» газетінде өлтіре жамандағы журналистік этика тұрғысынан қалай көрінер екен?.. Қазақстан оппозициясының жетекшілерінің бірі Жармахан Тұйяқбайдың атына да Ерғалиева теріс пікірін аз білдірген жоқ. Осындай мақалалар жазуға Гүлжан Хамитқызының спонтандығы мен ерекше әсершілдігі себеп болды ма, әлде бір нәрсені тағы да «президенттің құлағына» жеткізгісі келді ме, ол жағын түсініп болмайсың. Бірақ мұның бәрі оппозицяның өз ішінен шалған жымысқы әрекеттің айғағы болып, тарихта қалатыны анық.

Ергалиеваның өмірінен тағы бір эпизодты еске түсіру қажет. Өзінің оппозициялық қызметі қызып тұрған 2006 жылы ол Алматы қаласы көшелерінің бірін әкесінің атымен атауға қол жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге батыс облыста әкесінің мерейтойын салтанатты түрде дүрілдетіп атап өткіздіреді. Ол кезде Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып тұрған және оның батыс облыстардағы ықпалы зор еді. Ал Гүлжан Хамитқызы оны жерден алып, жерге салып, сынағандай болып жүрген-ді. Бірақ, мұның бәрі Хамит Ерғалиевтің мерейтойын дүрілдетіп, мемлекеттік деңгейде атап өтуге кедергі болған жоқ.

Гүлжан Хамитқызы қоғамдық жұмыстан қол үзді деуге келмейді. Кезінде Ергалиева мінезі жұмсақ Ғалымжан Жақияновқа өзін Қзақастанның демократиялық таңдауы (ҚДТ-ДВК) қозғалысының қатарына күштеп қабылдаттырып, саяси кеңес мүшесі жасағаны туралы да біраз журналис біледі. Біраз уақыт өткен соң, Гүлжан Хамитқызын тіркелмеген партияда екінші рөлде жүру жалықтырса керек, ол сол кездегі партия жетекшісі Асылбек Қожахметовті «ұйымды басқара алмайсың» деп айыптап, айғай-шу көтерген. Нәтижесінде, Қожахметов отставкаға кетеді, ал Гүлжан Хамитқызы аман-есен басқа партияға ауысып алды. Оның осы қылығына қанық болған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы көзі тірісінде оны маңында ұстаса да, жанына жақынжатпағанын ерекше атап өту керек. Себебі, қазақтың «Мата Хариі» оппозиция үшін биліктен де қауіпті еді. Қазір оның «экс-министр, содан соң Қазақстан оппозициясы лидерлерінің бірі болған Алтекеңмен етене жақын болдым» деген әңгімелері білетін адамдардың күлкісін тудыратыны сондықтан. Себебі, А.Сәрсенбайұлының Гүлжан Хамитқызы туралы не ойлап, не айтқанын және оны қандай мақсаттарға пайдалануға болатыны, болмайтыны жайлы не дегенін оппозициядағылар жақсы біледі.

Гүлжан Ерғалиеваның «көмегімен» «Қазақстан Халық конгресі» саяси сахнадан кетті, ҚТД жабылды, «Нағыз Ақ жол» жойылды, «Сөз» жабылды, «Свобода Слова» газеті сатылды, «Азат»ЖСДП» ажырасты, «Гүлжан.орг» ғаламторда жоғалып кетті... Ал Ергалиева әлі күнге дейін сясатта белсенділердің бірі болып, жұлдыздай жарқырап, жан-жағына айдаһарша от шашып жүр. Қарап отырсақ, мұның бәрі дәл осылай болу керек болған секілді.

Бақыт Омар

Taiqazan.org