Елді тонап шетелге қашқан кейбір шенеуніктер бір мезетте режимге қарсы күрескер болып шықты. Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің қылмыстық ісін қарап жатқан Вена сотының Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен ҚР Президентінің күзет қызметінің бұрынғы қызметкері Вадим Кошлякты қамаудан босатуы күтпеген жағдай болды. Мұсаев пен Кошляк 2007 жылы Рахат Әлиевпен бірлесіп «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлап, азаптап өлтірді деп айыпталып отыр. Әлиевтің о дүниелік болғанын ескеріп, Австрияның сот төрелігі істің егжей-тегжейін анықтап, әлгі екеуге тиісті жазасын береді деп күтілген еді. Оның үстіне сотта жәбірленушілер – із-түзсіз жоғалып кеткен банкирлердің отбасы мүшелері мен әріптестері сөз сөйледі, қолдарында қылмыстың жоққа шығарылмас дәлелдері де жеткілікті.

Бірақ жағдай басқаша болды. Әзірше. Екі сотталушының қамаудан босатылуы осы екі жексұрын адамды елге қайтарудың көп жылға жалғасқан «дәуірнамасының» аяғының басы болуы мүмкін. Осыған орай Қазақстан билігі өзіне-өзі қазған орға жығылды деп ойлаймын, әлемде Қазақстандағы сот төрелігінің шынайы ахуалын бәрі де біледі, соның салдарында біздің үкімдерімізге сенім болмай отыр! Бірақ, әрине, Мұсаев пен Кошляктың шампан ішуіне әлі ерте, басталған процесс ұзақ әрі екі тарап үшін қиын болмақ. Елімізден қашып кеткен адамдардың кейбірі дәл осы жағдайды пайдаланып, бірден жаны жек көретін режимге қарсы ымыраға келмейтін күрескер болып шыға келеді де, Ақорда тарапынан болған қудалаудың саяси астарын табады. Молшылықта тұрып, үлде мен бүлдеге оранып және жоғарыдан түсетін ең шетін тапсырмаларды орындаған (оппозицияны басып-жаншыған) кезде олардың жаны нағыз демократ болған екен әрі олар сол кездің өзінде режимге қарсы күрескен екен ғой (бірақ мұны ешкім де байқамапты). Шынында да, кейбір оңбағандардың бас сауғалайтын соңғы орны оппозиция алаңы болды! Оның үстіне кейбір қашқындардың жалған оппозициялық сөздері біраз адамдарға жағып жатыр. Қазір кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жәбірленушілер тарапын бұл қылмыскерлерді ұстап Ақорданың тапсырмасын орындап отыр деп кінәлауға жақын қалды. Бірақ бұл жағдайда екі тараптың да (банкирлердің отбасыларының және биліктің) мүддесі бір жерден шығып отырғанының несі жаман. Кезінде, ең сұрапыл, антиоппозициялық жылдарда әлгі Мұсаев ҰҚК басшысы болды, сол кезде ең биліктің принципшіл қарсыластарымен күрестің жаңа әдістері әзірленген еді: оларды өлтіретін, соққыға жығатын, соттайтын және түрмеге жабатын. Пәтерлерінің есіктерін бетондап, редакция кеңсесінде өлген иттерді асып қоятын, үлкенді-кіші оңбағандық пен арандату әрекеттерін ұйымдастыратын. Барлық жерде әлиев-мұсаевтың жетілдірілген, арсыз, зұлымдық «қолтаңбасы» сезілетін. Және де ең бастысы — олар өздерінің еш жазаға тартылмайтынына сенімді болатын. Осының шарықтау шегі «Нұрбанк» банкирлерін ұрлап әкетіп, өлтіруі болды. Батысқа бұл жалған саяси босқындардың бет пердесін ашып шынайы кескінін көрсетіп, олардың жоғары әрі жауапты қызметте болған кезде жасаған бүкіл ісі үшін толық жазалануын талап ету қажет. Бұл жағдайда Қазақстанның демократиялық жұртшылығы сырттан бақылап отыратын позиция ұстанбауға тиіс. Бұған мен сенімдімін әрі осыны табанды түрде талап етемін.

Әміржан Қосанов

«Новая газета»