«Жолдасың қайда?» – деген сұраққа таныс келіншек: «Ауылда, анасымен бірге ғой», – деп жауап беріп жүр. Енесі ауылдық жерде жалғыз тұрады. Қалаға келуге мұндағы пәтер тар. Оны жалғыз қалдырмауға бекінген ұлы сонда бес күндік жұмыста. Демалыс күндерін қаладағы үйінде өткізеді. Әуелгіде тосын көрінсе де, қазір бұл таң қаларлық жай болмай тұр. Заман ағымы бір орында тұра ма? Басқа қалада жұмыс істеп, отбасын орнықтырғанша ескі жайда қалдыра тұратындар көп бүгінде. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар да үй-ішін айлап көрмейді. Қалай болғанда да, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген көңілі ақ, адал болуы маңызды деп қоя салуға да болар еді. Бірақ заңды және азаматтық некеден басқа да неке түрлері пайда бола бастағанын ақпарат көздерінен оқып та, кейбірін күнделікті көріп те жүрміз.

Мәселен, мынадай неке бар екен. Жұбайлар бөлек тұрады, бір-бірімен анда-санда мейрамханада жолығып, «кездесіп» қояды. Бұл – олардың арасындағы романтикалық сезімнің ұзаққа созылуына әсер етіп, тұрмыс тауқыметінен некенің бұзылуынан сақтайды-мыс. Сірә, бай, әрі іскер жандарға арналған неке түрі болса керек.

Ресейдің поп-әншісі Наташа Королева күйеуі Сергей Глушкомен қарым-қатынасы жайлы сұхбатында былай депті: «Оның бөлек пәтері бар.

Жұмыстан кейін сонда барып, тынығып, дұрыстап киініп, жөнделіп келеді. Күйеуіңнің үйге шаршап, ашулы болып келгенінің несі қызық?!»

«Әркім өзінше есінен адасады» дегендей, отағасы кешқұрым жұмыстан келіп, бала-шаға мойнына асылып, алдына буы бұрқыраған кешкі ас келіп жатқан әдемі көрініс, мүмкін, «жұлдыздарға» жат та шығар.

Бұл мысалдар ғасырлар бойы мызғымай сақталған дәстүрлі отбасылық институттардың іргесі сетінеп, сөгіле бастағанынан хабар береді. Тарих бетіне көз жүгіртсек, неке институтын жоққа шығаруға талпынған қадамдар бірнеше рет орын алған. Кеңестер одағының «күн көсемі» Лениннің өзі бастапқыда еркін, ашық қарым-қатынасты жақтап, кейін «отбасы – мемлекет негізі» деген қағиданы енгізген емес пе? Онысы тегін емес. Қай елде болмасын, негізін қалайтын, сенімді, тұрақты күш – отбасы болып табылады. Ал жоғарыда келтіргендей жай ғана бірге тұратын, анда-санда жолығатын некелердің орнын түптеп келгенде дәстүрлі отбасы түрі басатын болады.

Нарықтық қатынастардың дамуымен, шетелге көзсіз еліктеумен бірге мате­риалдық құндылықтар алдыңғы кезекке қойыла бастады. Соның салдарынан жас қыздарымыз басында үйі, астында көлігі бар «дайын» жігіттерді ғана таңдауға айналды. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегендей, қиындықты бірге көре жүріп, бірге шаңырақ қаласуға қазір ешкімнің көнгісі жоқ. Заман ағысы орта, егде жастағы жандарды да шарпи бастағаны ма, қалай? Жақында ғана әжептәуір беделді апамыз «қызының бақыты үшін» сүттей ұйып отырған бір отбасының шырқын бұзған. Себебі қызының ауқатты, лауазымды кісінің етегінен ұстағанын қалаған. Ал екі ортада шырылдап қалған баланы ойлаған адам бар ма?

Көңілге қонатыны, Қазақстанда отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қалпына келтіруге күш салу жөніндегі әңгіме жоғары мінберлерден күн құрғатпай көтеріліп жүр. Депутаттар тарапынан бір кездегі «бойдақтар салығын» қайта жаңғырту, 21 жастан бастап отбасын құруды насихаттау жөнінде ұсыныстар білдірілді.

Отбасылық қарым-қатынас ұғымы мәнін өзгертіп, деградацияға ұшырай бастаған Америка мен Еуропа елдерінің одан ұтып отырмағаны әмбеге аян. Бір жыныстық неке, жынысын өзгерту, бірнеше мәрте ажырасу, міне, батыстық идеологияның қол жеткізген «жеңісі» және «жемісі». Жағдайдың ушыққаны соншалық, Англия мектеп­терінде гей-балаларға арнап бөлек әжетханалар ашыла бастаған. Оны қойып, 13 жасар Эльфи Паттен қаршадайынан әке атанғаннан кейін британнның оқу орындары жыныстық қатынасты балаларға 5 жастан бастап түсіндіру жөнінде шешім қабылдаған. Сонда біздің қит етсе үлгі тұтып, аузымызды ашып жүргеніміз кімдер?

Қысқасы, неке және отбасы институтын нық қалыптастыруға маңыз беріп, қазақы отбасын қалыптастыратын уақыт жетті. Бүгін қимылдамасақ, ертең кеш, өйткені түсініксіз неке түрі көбейіп барады.

Құралай Қуатова

«Замана» газеті