Бердібек ағамыздың тойының ыстық -суығы басылмай жатып Нарынқолға қатысты тағы бір хабар жетті. «Алаш айнасы» аталған тойда бір топ зиялылардың Нарынқол атауын өзгерту туралы бастама көтергенін сүйінші сұрағандай етіп жазып жатыр.

Сол топырақта өскен мен үшін бұл жаңалық төбемнен түскендей болғанын жасырып қайтейін. Әлгілердің негізгі уәжі - Нарынқол қалмақтың сөзі екен. Айналайын ағаларым -ау, ауданнан бір айырылдық...Енді көңілге сәл де болса медеу болып жүрген Нарынқолдың атауының өзін өшіруге бел байлағандарың қайткендерің?

Нарынқол бұл Райымбек бабамның туын тіккен жері! Нарынқол бұл -Мұқағали! Сол өздерің мерейтойын тойлаған Бердібектiң аруағы кіндік қаны тамған жерінің атын өшіргендердi кешіре қоймас! Қалмақтың атауы ұнамаса, Қаскелеңді , Шамалғанды, Зайсанды, Мақаншыны және тағы қаншама жердің атын өшіру керек болады? Нарын қалмақтың сөзі болса, ертең Нарын құмға ауыз салайық. Артық кетсем кешіріңіздер, бұларыңыз ешқандай ақылға сыймайды, зиялы ағалар! Мынау көрші Ресей түркі атаулы қалаларын - Саратовты, Омбыны, Астраханьды неге өзгертпейдi ? Украинаның ең көрікті жері - Көктөбел деп аталатынын білесіздер ме? Өйткені олар тарихқа қиянат жасаудың ақымақтық екенін жақсы түсінеді. Жоқ жоңғармен алысқанша құдіреттеріңiз жетсе Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгертуге күш салыңыздар! Нарынқол мен Байынқол атауларына көз алартпай -ақ қойыңыздаршы !

Арман Сқабылұлы

(Жазба журналист Арман Сқабылұлының Фейсбуктегі парақшасынан алынды)