Соңғы жылдары «бір доллар беріп сөйлетіп, жүз доллар беріп қойдыра алмадым» деген «модный мақал» пайда болған. Көпшілікті қайдам, «көк қағаздың көлеңкесінде» қызмет істеп жүрген кейбіреулер осынау мақалдың мағынасын жақсы білсе керек. «Тисе – керекке, тимесе – терекке» деген дүбәра ойдың жетегінде жүрген кейбіреулер осыны жақсылап көкейлеріне түйіп алған. Түйіп алғаны емей немене – қазақтың «қанына қайшы келетін» әдеби-мәдени, саяси-экономикалық дүмбілез дүниелерді «батыс демократиясының терісін» жамылып алып, қабырғалары қатпаған жас ұрпағымыздың көкейлеріне «килограмдап» құйып жатса! Ақпарат кеңістігін әдемілеп тұрып жаулап алған көптеген шетелдік басылымдардың «барып кел, шауып кел» қызметінде басқа емес, өзіміздің қаракөздеріміз жүр. «Онда тұрған не бар?» дейсіз ғой. Онда тұрған ештеңе жоқ әрине, тек солардың жүз пайызға жуығының қазақтың емес, қазаққа «қонақ болуға» жарамайтын өзгенің мүддесін қорғайтындығы болмаса. Мұндайлардың кейбіреулері қыза-қыза қазақтың тұлғасына айнала бастаған азаматтарымызға өздерінше «жаргондатып» - «ат қойып, айдар тағып» алған.

Бірің өліп, бірің қал – жыртыл қазақ!

Соңғы бір айдың ішінде еліміздің батысынан басталған «терроршылар төңкерісі» кеше ғана оңтүстіктің ортасына жетті. Айрандай ұйып отырған ел ішіндегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалай» алмайтын ахуал қалыптасты. Ваххабиттер, салафиттер дейтін сақалдылардың қатарына енді «Халифат жауынгерлері» келіп қосылды. Ел ішіндегі ұлыған-шулағанды одан әрмен әспеттеп, онсыз да үрейленіп отырған көпшіліктің қолтығына кейбіреулер су бүріккеннің орнына, жел қойып жатыр. Ұлттың «бір тал шашы» үшін отқа да, суға да түсетін... көпшілік абдырап қалғанда, аузына қарайтын ат төбеліндей азғана қайраткерлеріміз бар еді. Солар неге үнсіз деген ой келеді маған бүгін. Қазақ үшін қасық қаны қалғанша «қимылдайды» деп өзім есептейтін Бекболат аға Тілеуханды кейінгі кездері қалың қазақ түсінбей қалды. Мұны білемін, өйткені ел ішінде жүргендіктен естіп жүрмін... көріп жүрмін. Тілеухан түңіліп кетті ме, не болды деп ойлаймын кейде. Әлде шалақазақтармен шайқаса-шайқаса... «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» (Абай) деп тізгін тартты ма?! Ұлтымыздың әдебиетін де, мәдениетін де... басқасын да «дүбәра интервенттерден» қызғыштай қорып, шыр-пыр болып жүрген Тілеухан тым-тырыс қалды біраздан бері. Пәлен жыл орыстың отарында болған қазақтан қолдау таппағанына қапаланды ма, кім білсін? «Қазіргі қазақ намыссыз, қорқақ» деп айтыскер ақын Ринат Зайытов айтқан еді бір сөзінде, сол есіме түседі осындайда. Өйткені қазақтың есігінен еніп, тырмысып төріне шыққан кейбіреулер «мәңгүрт қазақ» деп айтты – шыдадық. «мәмбет қазақ» деп айтты, шыдадық. Тіпті «маңқа қазақ» деп те айтты, оған да шыдадық. Әлі қаншасына шыдаймыз, оны да бір АЛЛА біледі. Осылардың барлығын ойлай-ойлай келе... «қазақтың намысы 86-ның желтоқсанымен бірге көміліп кетті-ау» деп қоямын өзіме-өзім. Кейде ой елегінен өткізіп, аңысын аңдасам – кейбір өзге тілді бұқаралық ақпарат құралдарында «бірің өліп, бірің қал – жыртыл қазақ» дегенге саятын сайқал саясат жүріп жатқанға ұқсайды. Қалай дейсіз ғой? Мінекейіңіз, былай: Кез келген өзге тілді басылымды алып қарасаңыз, қазақтың мүддесін қорғаған болып, қазақтың «жонынан таспа тіліп» жатқан авторлар – өзге тілде жазатын қазақтар. Кез келген «МЫНАУ» деген телехабарды көріңізші, – жүргізушілері өзге тілді қазақтар. Жо-жоқ, мен бұл жерде өзге тілді қазақтарды кінәлап отырған жоқпын, керісінше – олардың өзге тілдегі сауаттылықтарына қызығамын да! Тек таңғалып, таңдай қағатыным – қазаққа қарсы қазаққа жаздырып, қазаққа қарсы қазақты сөйлетіп қойған мықтылардың миға сыймайтын «тонкая политикасы» қазақты қайда апара жатыр, осыған миым жетпейді. «Бірің өліп, бірің қал – жыртыл қазақ!» деп, көлеңкеден күле қарап тұратындар кімдер екен, Тілеухан мырза, Сіз білесіз бе! Әлде... Алим Нуриев жазғандай, Сізді енді «Мистер Т.» дейміз бе?

Аппарат алдай ма, Алим Нуриев алдай ма?

Өткен айдың соңына қарай бір басылым бетінде Алим Нуриев деген автор жазды – «Кто вы мистер Т..?» деп. Әділін айту керек, автор абайлап сөйлеп отырып «Мистер Т.-ның» талқанын шығарған. Ол былай дейді: «...на днях наш герой (Бекболат Тілеуханды айтады. М.М.) прошел проверку на детекторе лжи... полиграф вибрировал, фиксируя, что Тлеухан говорит не правду... аппарат показал, что депутат солгал...» «... он не всегда откровенен. Особенно когда пытается выглядеть аскетом, человеком высочайших моральных принципов, но глядя на то, с каким лоском он одевается и как вальяжно себя ведет, становится смешно...» Бұл жерде автор әңгіменің барлығын аппаратқа сілтейді. Аппараттың көрсетуіне қарағанда, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, төтесінен айтқанда, өтірікші екен. Айтатын әңгімесіне жүріс-тұрысы, тіпті киім киісіне дейін сәйкес келмейді екен... күлкілі көрінеді екен. Осының қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, төрелігін айтыңыз, Тілеухан мырза!

Егер айтылғандар анық болмаса, онда аппарат алдап отыр, болмаса Алим Нуриев алдап отыр. Бұл жері бізге түсініксіз. Хош дейік. Отандық бір сайтта жарияланған Жәнібек Бектұрғанов деген саясаттанушының сараптамаларына сүйене отырып автор Алекең «Мистер Т.-ны» одан әрмен төмпештейді. 90-шы жылдардың бас кезінен бастап елімізге кеңінен тарай бастаған Ваххабизм туралы айта келіп ол «Бекболат Тілеухан – ваххабист» деген түпкілікті тоқтамға келеді. Мәселен, Бекболат Қанайұлы өзінің діни сауатын ваххабит-салафиттердің белгілі идеологы Дарын деген шейхтың арқасында ашқан көрінеді. Бұл аз болса, өзінің радикалды көзқарастары үшін Өзбекстаннан қашып кетуге мәжбүр болған Иброхим деген аты Азияға мәшһүр шейхтің де жақын досы тәрізді – біздің депутат қайраткеріміз. Ал бұл кісі, білмегендер біле жүрсін, Астанадағы «Шұбар» мешітінің имамы. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, бұл Иброхим деген имамымыз «Өзбекстан Ислам қозғалысы» деп аталатын әйгілі террористік ұйымның белді де беделді идеологы Обидхон Назаровтың шәкірті болса, осынау Обидхонымыз «шешен боевиктерінің» аты әлемге әйгілі көсемдерінің бірі, марқұм Саид Бурятскийдің құшақ айқастырып, төс қағыстырған жақын досы көрінеді. Осының бәрін жіпке тізгендей көгендеп әкеліп көпшіліктің назарына ұсынғанда, Алим Нуриевтің айтпағы не болды? Айтпағы – «Бекболат Тілеухан ваххабит екен» деген бір ауыз сөз ғана. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» – терроризмнің толқыны елімізге ендей бастаған дәл қазіргі кезде «мистер Т.» ваххабит екен» деген суық сөз елес сияқты ел кезіп жүр. Бұған Тілеуханның тым-тырыс қалуы да «отқа май құйылғандай» әсер етеді. «Мистер Т.-ның» авторы Алим Нуриевтің ойлағаны болған тәрізді – Тілеуханды ваххабист қылып шығарды. Мен бұл жерде Алим Нуриевтің өзі ашып айтпай отырған.., «белгісіз бір сайтқа» сілтеме жасағанын жоққа шығармаймын, ол тіпті Бектұрғанов деген саясаттанушының пікірінен «... не разделяю его точку зрения» деп өз басын «технично» алып қашып отырғанын да жақсы түсінемін. Ол тіпті былай дейді: «...в итоге Жанибек Бектурганов приходит к выводу, что Бекболат Тлеухан является ваххабитом. Конечно, мы только процитировали автора материала и не разделяем его точку зрения...» Көрдіңіз бе, осылайша Алим Нуриев сайттағы саясаттанушының сөздерін оқырманның көкейіне құйып-құйып тастайды да, аяғында «бұл менің пікірім емес» деп тайқып кетеді. Қазақ, негізі, газетте жарияланған дүниелерді «тасқа басылған» деп, яғни шындық деп шынайы қабылдап үйренген. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, қазақтың психологиясын жақсы білетін Алим Нуриевтің айы оңынан туды. Аталмыш мақаланы оқыған қазақтардың көпшілігінде «біздің Бекболат ваххабит екен» деген ұғым қалыптаса бастады. Бекболат Тілеухан мырзаның «сақалды жігіт» екенін ескерсек, сақалдылардың барлығын «содыр-террористердің» тізіміне тіркей салатын қазіргі таяз түсінікті ескерсек – әу баста осындай мақсатты көздеген автордың (болмаса автордың артында тұрған белгісіз біреулердің) ойлағаны орындала бастады деуге әбден болады, өйткені «мистер Т.» тым-тырыс қалды. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дейді қазақ. «Молчание – знак согласие» дейді орыс. Осының қайсысына сенейік, Тілеухан мырза?!

Марат Мадалимов