Ұлттық валютаға деген сенімді оны қорғауға, қолдауға тиісті өкіметтің өзі аяқ астынан девальвация жасап, әлсіреткеннен кейін тағы да сондай шараның болатынынан секем алған халық жинақтауға тиісті қаражатын теңгемен емес, шетелдік валюталармен сақтайтын болды. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың айтуына қарағанда қазір шетелдік валютадағы депозиттер барлық салымның 55 пайызын құрайды екен. Осының өзі алаңдатарлық жағдай, дейді депутат. Оның үстіне мұнай бағасының түсіп бара жатқаны мен Ресей рублінің құлдырауы да теңгеге қосымша қысым жасауда. Сондықтан да халық ұлттық валютамыздың тұрақтылығы туралы ресми мәлімдемелерге қарамай, оның күрт өзгеруі мүмкін екенінен қатты қауіптенеді. Ең бастысы оның өзгермелігін тұрақтандыратын нақты және мөлдір құқылық негіз жоқ.

Міне, осы мәселеге депутат Айқын Қоңыров алаңдаушылық білдіріп, Мәжілістің соңғы отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда қолданыстағы заң бойынша Ұлттық банк мемлекеттік ақша-несие саясатын анықтайтын жалғыз орган деп жазылғанын айта келіп, бұған сөзсіз келісеміз, бірақ оның ұлттық валютаның курсын бір мезгілде өте үлкен көлемге жападан-жалғыз өзгерту қақысы болмауы керек. Өйткені, мұндай істің әлеуметтік-экономикалық салдары үлкен. Соның кесірінен кәсіпорындардың жағдайы ғана емес, халықтың әл-қуатына нұқсан келеді. Ертеңгі күндерін ойлап, жинақтап жүрген ақшалары мен зейнетақылық қаражаттарының күйіп кеткені халықты күйзеліске ұрындырады. Сондықтан Ұлттық банк теңгенің бір мезгілдік курсын күрт төмендететін девальвация жариялау туралы мәселені жалғыз шешпей, оған өзіндік құқылық реттегіш жасалуы керек. Үкімет «Ұлттық банк», «Халықты зейнетақымен қамтамасыз ету», «Банк және банк әрекеттері» туралы және т.б. заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеуді тиіс. Ол ұлттық валютаның курсын бір сәттік өзгертудің негізі және оның ең үлкен шегі қандай болуы керектігін реттеуі керек. Сонымен қатар, халықтың банктердегі салымдары мен зейнетақылық жинақтау қорындағы ақшаларына құнсыздануға байланысты өтемақы төлеуді анықтайтын болуы қажет.

Бұл өте дұрыс талап. Ұлттық банк биылғы девальвацияда халықты ойламай ірі кәсіпорындардың мүддесі үшін теңгенің құнсыздандыра салды. Ал мынандай заң болса ол да аяғын аңдап басқан болар еді ғой. Депутаттың сауалына «халықтық коммунистер» фракциясының барлық өкілдері қолдады.

Еламан Жаңабаев