«Біздегі күй осындай,

Түріктің киносындай!»

Бұл – жас ақын Айнұр Төлеудің жыр жолдарын бұрып алып, Қазақстан Кинематографис­тер одағының басындағы жай-күйге лайықтап айтқандағымыз. Кино үйінің хал-жағдайының өзі де бүгінде түріктің бір хикаясына арқау болуға жарап тұр. Таққа талас болмаса да, кресло бөле алмаған көптің кикілжіңінің соңы сиырқұйымшақтанған дауға айналып бара жатыр.

Әлқисса, тұп-тура алты ай бұрын Қазақстан Кинематографистер одағының кезекті құрылтайы болып, басқарма төрағалығына сайлау өткізіледі. Бұл бәсекеде одақтың бұрынғы басшысы Игорь Вовнянко жоғары дауыс жинайды. Алайда одақ жарғысы бойынша бұл лауазымды иелену үшін ең жоғарғы дауыс жинау жеткіліксіз, ол үшін ең кем дегенде ұйым мүшелерінің үштен екісінің «көңіліне жағу» керек екен. Сөйтіп, осы құрылтайда (бәлкім, оған дейін-ақ) екіге бөлінген одақ мүшелері айтысып-тартысып, ақыры бәтуалы бітімге келе алмаған соң, сайлауды келесі құрылтайға аманаттап қалдырады. Қуырдақтың көкесі осы сәттен «қазанға түседі», уақытша қызметінде қалған Игорь Вовнянко құрылтай шақыруды қаперіне де алмайды. Ашуға булыққан, әбден ширыққан Қазақстан Кинематографистер одағының мүшелері, міне, осы сәттен бастап, нақты іске шындап кіріскен сыңайлы. Бұған дейін іштен тынып жүргендері сезіледі, әйтпесе Кино үйі кереге көздері күрмеулі мәселелермен көмкеріліп-ақ қалған екен. Бұл жайында арнайы сұхбатымызда Қазақстан Кинематографистер одағының кейінгі құрылтайында басқарма төрағалығына сайланған Сламбек Тәуекел әңгімелеп берді.

– Жалпы, шығармашылық одақтар қоғамдық ұйым болып саналады ғой. Ендеше, осы ұйымдар бізге керек пе, бүгінгі таңда? Мақұл, кеңестік кезеңде одақ атаулы биліктің сара саясатын бір арнада жүргізуге, шығармашылық мекемелерін бір уыста ұстауға, мемлекеттік идеологияны жүргізуге жұмылдырар күш болды. Ал бүгінде ше? Дегенмен керек дедік. Кинематографистердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, отандық кино өнімін дамытуға қажет деп келе жатырмыз әлі. Бірақ соған сай жұмыс жасалып жатқан жоқ қой. Бұл бір мәселе. Екіншіден, сонау заманда Шәкен Аймановтың ұсынысы, Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен кірпіші қаланып, осы одаққа берілген Кино үйі бар. Негізі, көздің қарашығындай сақталуы тиіс-ақ ғимарат еді. Алайда тәуелсіздік алғаннан кейінгі «түсініксіз» нарықтық заманда ол ғимараттың 60 пайызы «50 жылға жалға» деген желеумен, ал шындығында нақты ақшаға сатылып кеткен. Алдымен 40 пайызы, кейін тағы 20 пайызы. Әлбетте, заңсыз. Өйткені мұндай шешім тек қана құрылтай жиналысы арқылы шешіледі. Ал одақ тарихындағы ешбір құрылтайда мұндай мәселе көтерілмеген болатын. Ақыр аяғы, жетімсіреген баладай қалған 40 пайызға ғана иелік етіп отыр Қазақстан Кинематографистер одағы бүгінде. Бірақ бұл менің қадірменді досым Игорь Вовнянконың ісі емес, оған дейінгі болған шаруа. – Дегенмен, заң бар, жариялылық бар заман ғой, ғимараттың заңсыз сатылған бөлігін қайтаруға әрекет жасалмады ма? – Ол кезде жасалмаған. Бүгін кеш, ол іс бойынша сотқа шағымдану мерзімі 3 жыл ғана болса, сатылым жүргізілгелі бері 20 жылдан асқан. Дегенмен заңгерлер әлде де Кино үйінің сатылған бөлігін қайтару мүмкін екендігін айтады. Ол үшін басқарма төрағалығы креслосына отырып, қолға мөр алып, бел шеше кірісу қажет. Оған Игекең илікпей отыр ғой әлі. – Дегендей, кресло кикілжіңіне көшейік. Сәуір құрылтайы неге әуре-сарсаңға бастау болды? – Сәуір айында өтетін құрылтайға әлі біршама уақыт бар кезде одақтың басқарма төрағасы Игорь Вовнянко «Осы орынды жаңа құрамға босатып берсем» деген ойдың жетегінде жүрген болатын. Алайда көкжиектен сәуір сығалай бастағалы ойы өзгеріп, тағы бір мерзімге сайлануға құлшыныс білдіре бастады. Жақсы, құрылтай басталғанға дейін одан өзге ешқандай үміткер де болмады. Тек құрылтайға 5 минут қалғанда Сергей Әзімов өз бағдарламасын ұсынды. Менің үміткерлігім құрылтай қатысушыларының өтініштері бойынша дауысқа салынып ұсынылса, бізден бөлек, режиссер-мультипликатор Сәлімғали Мырзашев деген азамат өз-өзін ұсынды. Сөйтіп, 4 үміткердің арасында өткен бәсекеде Вовнянко 67, мен 61, Әзімов 42, Мырзашев 4 дауыс жинады. Жарғы бойынша, сайлау әділ өтуі үшін жеңімпаз құрылтайға қатысушылардың үштен екісінің дауысын жинауы керек екен. Олай болмаған жағдайда жоғары дауыс жинаған 2 үміткер қайта сайлауға түседі. Бірақ ол күні сайлау нәтижесі кеш шығып, бұл уақытта құрылтайда 30-40 қана адам қалғандықтан, ендігі сайлау кезектен тыс шақырылуы тиіс келесі құрылтайдың еншісіне қалдырылды. – Естуімізше, ол құрылтай 50 күннен соң ғана өткізіліпті. – Игорь Вовнянконың қалауы болса, ол құрылтай өтпей де қалар еді. Кейін білгеніміздей, бұған дейінгі құрылтайда да Игекең мен Тұңғышбай Жаманқұлов арасындағы тартыста ол аз ғана артық дауыспен жеңіп, сол күйінде басқарма төрағасы болып қала берген. Ешкім оған мән бермеген, жарғыны қарамаған да. Сөйтіп, айналып келгенде, Игорь Вовнянко соңғы мерзіміне заңсыз жолмен сай-ланған десек те болады. Жақсы, өткен өтті, бұл жолы жұмыс жарғы бойынша жүргізілгенімен, ол қайта құрылтай шақыруға мүлде құлық танытпады. Ақыры, істі біз қолға алып, одақ мүшелерінің қолын жинап, басқарма басшыларының басым бөлігінің келісімін алып, төтенше құрылтай шақыруға шешім қабылдадық. Алғашқыда Игорь Вовнянкоға жолыққанымызда, ешқандай қарсылық көрсетпеген еді. Алайда дәл құрылтай өтетін күні «бұл басқосуды мойындамайтынын» мәлімдеп, қарасын да көрсеткен жоқ. Керісінше, оның жақтастары Кино үйінің әр бұрышында тұрып, құрылтайға келушілерге «жиын болмайды» деген жалған ақпарат таратып, оның өткізілуіне қарсы әрекет жасаған. Алайда одақтың көптеген мүшелерінің қатыспағанына қарамастан, құрылтай өткізілді. Одақ мүшелерін сыйламағандығы үшін Игорь Вовнянконың есімі үміткерлер тізімінен мүлде өшіріліп тасталды да, сайлауға мен және өз үміткерлігін қайта ұсынған Сәлімғали Мырзашев екеуіміз түстік. Нәтижесінде 140 дауыс жинаған мен жеңіске жеттім. – Алайда ол құрылтай болғаннан бері 2 жарым ай өтсе де, Сізді Кино үйінен таппаймыз. Неліктен? – Тағы да сол Вовнянконың қитұрқы әрекеті. Құрылтай өткен түні еңбек демалысына орай Тайландқа ұшып кетіп, одақтың атқарушы директоры арқылы менің атыма «Қазақстан Кинематографистерінің төтенше құрылтайы арқылы сайланған басқарма төрағасына» деген бағыттамамен хат қалдырыпты. Онда 11 шілде күні елге келгеннен кейін одақтың барлық құжаттарын маған өткізу мәселелерін қарастыратыны жайлы жазады. Жарайды деп, оны да күттік, алайда 12 шілде күні барғанымызда, ол қайтадан баяғы «әніне басты». Өткен құрылтайды мойындамайтынын айтып, одақтың мөрін, қызметтік кеңселерін, қаржылық-бухгалтерлік құжаттарын тапсырудан бас тартты. Керісінше, кабинеттер есігіне таңбаланған қағаз жапсырып, ешкімнің кіруіне рұқсат етпей отырған көрінеді. – «Берсе қолынан, бермесе жолынан»... Заң баршаға ортақ, неліктен сотқа бермей отырсыздар? – Медеу аудандық Ішкі істер басқармасына хат жаздық. Алайда олар бұл іске араласудан бас тартты. Шамасы, Кино үйін жалға беруден түсетін қаржыдан олар да үлес алатын болса керек. Одан кейін Медеу аудандық прокуратурасына хат жаздық. Олар бұл істі қарауды қайтадан сол аудандық Ішкі істер басқармасына жолдағанына қарамастан, іс әлі тоқтап тұр. Оның үстіне Қаржы полициясына шағым түсірдік, олардың тапсырмасымен бір аудиторлық компания қазір Қазақстан Кинематографистер одағының қаржылық құжаттама­ларына тексеру жүргізіп жатыр. – Жалға беру жайын айтып өттіңіз. Ғаламторда «Кино үйі гей-клубқа айналып отыр» деген ақпарат гулеп жүр. Анық-қанығын білгеніңіз бар ма? – Ақ-қарасын айту қиын, әрине. Бірақ гей-клуб болсын, басқа нәрсе болсын, Кино үйінің кең залы жалға берілетіні рас. Мәселе, ол заңға сай жалға беріліп отыр ма, осында. Есеп қағаздары бойынша залдың 1 шаршы метрін жалдау құны шамамен 29-30 АҚШ доллары болу керек, ал ол 3-4 долларға кетіп жатқанын естиміз. Былайша айтқанда, мұнда заңсыз ақша айналымы жүріп жатыр. Одан түскен табыс кімнің қалтасына кетеді? Ал құрылтай кезінде байқағаным, залдың жаңадан қатырма қағаз жапсырылған қабырғаларының астынан «Право на любовь» деген сынды жазуларды, сахнадан түрлі шынжырларды көрдік. Әжетханалары орысша «М» - «Мадамы», «Ж» - «дЖентельмены» деп таңбаланған екен, бұл жазулар әлі күнге дейін тұрған болу керек. Осының бәрі ғаламторыңыздағы сыбыс әңгіменің өтіріктен гөрі шындыққа жақындау екендігінен хабар беретін сықылды. – Кино үйі – клуб үйіне айналып тұрса, қазақ киноларының өркен жая алмай жатуының бір себебін осыдан да іздеген жөн шығар?.. – Көпшіліктің Қазақстан Кинематографистері одағынан көңілі қап жүргені де соған байланысты. Оған дейінгісін айтпай-ақ қояйын, соңғы 8 жылдың ішінде бір қазақ киносының тұсаукесер көрсетілімі Кино үйінде өткізілмеді. Бір қазақ киносы көрсетілмеген. Оның орнына кино залы жын-ойнақ ұйымдастырушыларға жалға беріліп келді. Кинорежиссерлер пәленбай мыңдаған қаржы шығындап, киноларының тұсаукесерін кинотеатрларда өткізуде. Ал киноның нағыз қайнаған ошағы – Кино үйі емес пе? Олай десек, Вовнянконың жауабы дайын. Мұнда кино көрсететін қондырғы жоқ, оны сатып алуға 30-40 мың доллар көлемінде қаражат керек болса, ол тағы жоқ. Сонда жалға беруден түсетін қаражат қайда кетіп жатыр? Тіпті ол болмағанның өзінде, 8 жылда жалғыз ғана мәселенің шешімі табылмауы мүмкін емес қой. Лизингке алса да, қарызды бірер жылда өтеп тастауға болар еді. Өйткені, кино түсірушілер қазір өз өнімдерінің тұсаукесерін Кино үйінде қуана-қуана жасауға дайын. Ол бір десеңіз, мен көше, базарға шыққан сайын бейнедиск сатушылардан қазақ киноларын сұраудан жалықпаймын. Өкінішке қарай, қазақ киносының бірде-біреуін таппайсыз. Ал шындығында, қазір қазақ киноөндірісі ерекше қарқынмен дамып келеді. Дарынды жас режиссерлер көбейді. Ал олардың өнімдері қайда сонда? Неге сөреде шаң басып жата беруге тиіс? Америкада бір блокбастер шықсыншы, сол мезет біздің елде соның 100 мыңдаған көшірмесі жасалып, базарларымызда сатыла бастайды. Қиын ба, қиын емес. Мұның бәрі Қазақстан Кинематографистер одағының атқаруы тиіс, алайда атқара алмай отырған міндеттері. – Одақ бір Игорь Вовнянконың басқарған тұсында ғана емес, тәуелсіздік алып, нарықтық экономика жүйесіне көшкелі бері өз сүрлеуін жоғалтып алғанын айттыңыз. Ендеше, осы жылдарда неге бұл мәселе Үкімет алдында көтерілмеді? Соңғы 8 жылда одақтың басқарма төрағасы болған Игорь Вовнянко­дан ешкім батылы жетіп, бұл мәселелерді шешуін талап етпегені ме? Отандық кино жанашыры ретінде Сіз не айттыңыз? – Сөзден кенже қалған ешкім жоқ. Айтылды, айтылып келе жатыр. Бірақ қай жақсы үй өз ішіндегі бүлігін сыртқа жайып көрсетуші еді? Бізде де солай. Осы шығармашылық үйін салдырған Қонаевтың, Аймановтың құрметтері үшін Кино үйін, Қазақстан Кинемато­графистері одағын жақсы жағынан көрсетуге тырысып бақтық. Әлі де айтылмаған, Сіздер әлі де білмейтін жайттар өте көп. Бүгінде мәселе мүлде ушыққасын, қазақ киносының мүмкіндігі бола тұра, өркен жая алмай жатқанына алаңдағандықтан ғана айтылып жатыр бұл мәселелер. Қазірдің өзінде заңсыз жолмен Кино үйінің ғимаратын босатпай отырған Вовнянконың жолына «әлі де ойланар, дұрыс шешімге келер» деген үмітпен қарап жүрміз. Әйтпесе, Кино үйіне басып кіріп, кілтін тартып алсақ та, біздікін ешкім теріске шығара алмайды. – Ескі дос, талай жыл қызметтес болдыңыздар. Игорь Вовнянкоға тағы бір мәрте жолығып көрмейсіз бе? – Жоқ, жолықпаймын. Мен үшін кино достықтан да қымбат.

Сөз соңы: Кино үйі қазір жабық мекемеге айналғандай. Кабинеттері құлыпталған, мөрленген. Жұмыс телефондары қоңырау қабылдамайды. Орнын босатпай отырған экс-төраға Игорь Вовнянк­о болса, «байланыс аясынан тыс жерде». Әріптес журналистердің көпшілігі бір ауыз тілдесудің мүмкіндігін таппай жүр. Сірә, бұл текетірес әлі ұзаққа созылатын секілді.

Нұрболат Аманжол