«...Өнер де адамдардың үлкен әлеуметтік, адамгершілік мұраттар жолындағы күресінің бір көрінісі; өнерпаз өмірінің ылғи шатпалаңға шарпылып жүретінінің бір сыры осында», – деуші еді ғой Әбіш Кекілбаев бір сөзінде. Бүгінгі біздің эстрададағы кей орындаушыларды көріп, өнерпаз деген сөзді тырнақшасыз қия алмайсыз. Яғни «өнерпаз» дейсіз. Бірақ шатпалаңға шарпылып жүргендері рас. Бүгінгі шатпалаң Әбіш ақсақал айтқан шатпалаңнан бөлектеу ме, есерсоқтау ма, қалай?

Құр айқай бақырған
Жүрекке ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?
Абай.

Әйтеуір бүгін бір нәрсені білмейтін адам жоқ. Бәрі білгір. Тіпті өз саласы болмаса да, кез келген тақырыпта сенімен шүйіркелесе қалып, сенен де көп білетінін бір-екі автордан цитата айтып, дәлелдеп те үлгереді ғой, шіркін. Сабақты ине жібімен. Бұл туралы ойымызды кейін баян етерміз. Ал дәл қазір бүгінгі кей «өнерпаздың» қоржынына көз сүзсек. Қазақ әні туралы, өнері туралы әңгіме көп-ақ. Бір кездері жер аударылып, қазақ даласына ат басын тіреген поляк зерттеушілерінің бірі «маған күллі қазақ даласы ән сап тұрғандай көрінеді», – деп тамсана таңдай қақпаушы ма еді?! Ол қазақтың сөзін, әнін зерттеп барып, көпті көрген зерделі көңілі түйген ойы екені даусыз. «Басында Қамажайдың бір тал үкі, айырылып Қамажайдан болдым күлкі», – деп келетін халық әндері өзге мәдениет өкілін неге тамсандырды? «Әніне қарап, ұлттың эстетикалық талғамын, деңгейін білуге болады» деген білгірлердің пайымын қайдан оқыдық екен? «Қазақ даласының ән сап тұрғандай көрінуі» бабаларымыздың ғасырлар тоғысы мен жылдар арасынан тірнектеп жиған өнерінің әсері шығар. Бүгінде келмеске кеткен, қимастай болған сақи бабаларымыздың мұрасын тыңдай қалсақ, «пәлі» деп тамсанып, «па, айтқан екен» деп тебіреніп отырамыз. Егер сол өнер шынымен «құлақтан кіріп, бойды алып, көңілге түрлі ой салып жатса». Бұл жерде мәдени мұрамызға тіл тигізейін деп тұрғаным жоқ, соны тыңдайтын құрыш құлақ пен сезінетін терең жүректің аздығын айтпақпын ғой. Бүгінгі эстрадада орындалып жүрген әндер баспасөз бетінде де, эфирде де біраз мәселеге өзек болды. Әсіресе ән мәтіндеріндегі орашолақ сөздер мен бактериялық шабуылдан мутацияға ұшырағандай ұсқынсыз, «мүгедек» тіркестер біраз тезге алынған. Айқын Төлепбергеннің «Пах-пахы» да ерінбеген елдің ермегіне айналғанын көзі қарақты оқырман ұмыта қойған жоқ. Бүгінде хитке айналған әндерді тыңдап отырып, жоғарыдағы пайым ойға оралып, санаңды санға бөледі. «Ән ұлттың деңгейін көрсетсе, осы екен ғой біз аңсаған деңгей» деп, тыңдап отырған «хитіңнің» атасына нәлет айтасың.

«Қолым жетпей сенің шашыңа, Шаштарыңның исін сағындым. Күлімсіреп тұрып қасымда Еркелегеніңді сағындым», – деген ән қайырмасын естіп, сұлу қазақ поэзиясының деңгейі құлдырап барып, қан жоса боп табан астында жатқандай сезіледі. Бұл жақында концерті болайын деп жатқан, біздің «талғамы зор» замандастарымыз ағылып баратын, «егіліп» тыңдайтын Асан Пердешовтің аса бай репертуарындағы ән.

«Жоқ, сені жаным ұмыта алмаймын, Жоқ, сені мәңгі есте сақтаймын, Жоқ, сені жаным ұмытқаным жоқ, Жоқ, қадамашы жүрегіме оқ. Қалай ғана ұмытайын мен, Өзіңменен өткен күндерді. Бал жырына қадалмай қалған Сол ғажайып айлы түндерді», – дейді Асан бауырымыз «Ұмыта алмаймын» деген әнінде. Басқы үш тармағын түсінгенімізбен, төртінші тармақтағы «қадамашы жүрегіме оқ» дегені алдыңғы үш тармаққа мүлде байланыспай, үйірден бөлінген қысырақтай жалғыз тұрғанын, тіпті мағынасының өзі әннің сөзі деп айтуға келмейтінін автор байқамады ма екен? Ән деген әуезді, тұтастыққа құрылған адам жанының нәзік иірімдері емес пе?! Мына жерден біз ешқандай иірімді сезе алмадық. Енді бесінші-алтыншы тармақ жап-жақсы келіп тұрса, соңғы екі тармақ сөз түсінетін қазақ баласына мүлде түсініксіз.
Сырым Исабаевтың орындауындағы «Анашым» әнінің сөзі де шай үстінде айтылатын әңгімеге ұқсайды. Тым қарабайыр. Япырау, «анаңды үш рет Меккеге апарсаң да, еңбегін ақтай алмайсың» деген халықтың баласы едік қой. Тіпті өзің жаза алмасаң, әнге тәуір сөз жазатын ақындар бар ғой (тәуір ақшаға).

«Құттықтап ана туған күніңмен жиналды бүкіл ұрпағың, Қуанышыңнан ұмытып кеткен жазылып кетсін сырқатың. Ақтауға жүрміз ақ сүттеріңді кешігіп кетсек кейде тым, Аналар бәрің аман жүріңдер бейнеттің көріп зейнетін», – дейді әннің екінші шумағында. Алғашқы тармақтардың көркемдік, поэтикалық талаптарға жауап бере алмайтынын айтпағанның өзінде, үшінші тармақты әрең қисынға келтіріп, қазақ тілінде «сүттерің» деген грамматикалық тұлғаның болмайтынын ескерткің келеді. «Күзгі дауыл» деген әнін де көрдік. Қазақта әнге дұрыс сөз жазатын ақын қалмаған ба? Тегі, «біз ақын халықпыз, батыр халықпыз» деуші едік қой. Қайда сол ақындарымыз?

«Енді қалай ұмытайын есті алған жұпарыңды, Жұтпасын бұ да білмеймін, білмеймін жұтарымды. Мақпалын әр тал шашыңның алтынға бағаладым, Жүректі жұлып ұстанып қал дедім қаламадың, Жүректі жұлып ұстанып қал дедім қаламадың».

Сіз не ұқтыңыз? Мен ештеңе. «Мақпалын әр тал шашыңның алтынға бағаладым» деген несі? Мақпалдың не екенін білмей тұр ма, сонда автор? Қарапайым өлеңнің техникасы да жоқ қой мұнда. Сөзі нашар болса, жұрт байқамай кетеді дейтіндей. Ең сорақысы, екінші тармақты оқып көріңізші. Жұпар мен жұтар формалық жағынан үндесіп тұрғаннан кейін, келсін-келмесін айта салуды бейіл көрген-ау.
Жә, жарар. Бұлай тізе беретін біздің дәлеліміз де, дәйегіміз де жетерлік. Енді біз қазіргі кезде қоғамның көңілі ауып тұрған қырғыз әнін сөз етейікші. Бір кездері Бейбіт Қорған «Шоқ қыздармен» ағайын елді бір шулатқан еді. Сөз әнін Ринат Зайытов аударды деп. Құдай-ау, қырғызшадан несін аударады? Тек фонетикалық ерекшеліктер мен кей сөздердің мағыналық реңін берсе болды емес пе?! Оның атын дардай ғып, аударды демей. Кезінде Сүйінбай бабамыз Қатағанмен, Ринаттың өзі Аалымен айтысты емес пе! Егер екі елдің тіліне аудармашы қажет болса, Ринат қалай айтысты! Осындай қызық сұрақ. Қазақтың тойы онсыз өтпейтін болған «хит» ән – «Қызыл өрік». Қырғыз әні. Бұның да «аудармашысы» – Ринат Зайытов.

«Қызыл өрік төгілгендей Қара шашың өрілгендей. Сенің нұрлы дидарыңнан Күннің көзі көрінгендей» – деген шумақта, екінші тармақтағы өрілген етістігіне «дей» деген салыстырмалы шырай тудыратын жұрнақ жалғанып тұрған жоқ, әнге екпін беретін «ей» деген жалғау жалғанып тұр. Әйтпесе, қыздың шашы өрілгендей болмайды, анығы – өріледі ғой. Сонда «өрілгенде-ей» болады. Осы кезде мағынасы да айқындалады. Өріліп тұрған шашың, төгіліп тұрған өрікке ұқсайды екен деген мағына. «Жұлдыздар отбасы» журналы өткен жылғы соңғы сандарының бірінде осы әннің қырғызша мәтінін берді. Сонда қарасаңыз, Ақылбек айтып жүрген екінші тармақпен әннің түп нұсқасындағы мағыналық алшақтықты көресіз. Қазақшасында «неге «қызыл өрік» дей береді?» деген сауал қалады көкейіңде. Түп нұсқасында неге «Қызыл өрік» екенін айтылады. Сонда таяқтың бір ұшы кеп, тағы да «аудармашыға» тиеді. Ақыры одан да шаршап, қазақтың өзінің әні қашан хит болады екен деп, ойға шомасың баяғы...

P.S.Тәкен Әлімқұловтың «Көк қаршыға» мен «Саржайлауында», Мұхтар Мағауиннің «Көкбалағында» өнердегі үлкен өлшем, биік талғам айтылатын еді. Соны жоқтайтын еді. Сол заман анық туғандай. Әннің сөзі арзандап, тақырыбы тарылды. «Сүйдім. Махаббат. Жандым» деген үш сөздің арасында ғана сандалып, далақтап жүретін болдық. Сонда деймін ғой баяғы, біздің басқа сезімдеріміз қайда кеткен? Өткенде бір ағамызға амандаса барғанда, бір жігіт отырды. Өзі сазгер екен. Әніндегі бір сөзге ағамыз ескерту айтты. Содан кейін маған көңіл бөліп, ау-жай сұрасып отыр едік, «о, міне келді» деп, әлгі сазгеріміз сөзді бөліп, бірнәрсе құрастырды. Ағамыз «жоқ, келмейді» деді. Әрі әңгімемізді сабақтап ек, әлдене уақыттан кейін тағы сөзімізді бөліп, тағы ойына келгенін айтты. Ортақ ағамыз тағы келіспеді. Осылай үш-төрт рет қайталанды. Содан кейін «үйге барып жатып, ауырайын» деп, әлгі жігіт қарқ-қарқ күлді. Әннің де осылай жазылатын кезін көріп, таң болдым. Ән деген адамның басынан кешкен қуанышында, драмасында, трегедиясында тумайтын бе еді? Дұшпанның қолына түссе де, өз тағдырын ұлтының тағдырымен байланыстырған өз өмірлерінің драмасын ұрпақ трагедиясы жолында құрбан қылған Оспан батырдың қос серігі Сұлубай мен Бүркітбайдың әні, Қапездің әні, «ғашықтық ғаламаты» болған Естайдың әні, Ақанның, Біржанның әні – біздің ұлттың деңгейі. Өзі де қазақ әнінің алтын қорына сүбелі үлес қосқан Ілия Жақанов: «Қазақтың классикалық әндерінің ұлы атасы кім дегенде, Біржан салдан бастау керек. Біржан салдан соң Ақан сері, одан кейін Ақан серіге шәкірт болған Үкілі Ыбырайлар кетеді. алайда, бір өкініштісі, олар тудырған қазақы қуатты құнарды бүгінде жойып алдық. Енді еш уақытта қазақтың классикалық әні тумайды» деген еді бір сөзінде. Алаштың алтын құрсақ аналары аман болса, бұл пікір де жоққа шығар. Ал бірақ сол әндердің заңды жалғасы туғанша, АНТРАКТ.

Бағашар Тұрсынбайұлы

«Жас қазақ» газеті