Жуырда жеңіл машинасының жа­нып кетуіне «белсенділігінің» қатысы бар деп ойлайтын Ермек Нарымбаев бір жарым жылдан бері банктердің несие саясатына қарсы күрес жүргізіп келеді. Ол «коммерциялық банктер астыртын амалдармен ипотекалық несиеге негізсіз пайыздық сыйақы қосады» деп есептейді. Ал банктер мұнымен келіспейді, «нағыз жала» деп өре түрегелді. Десе де, осы мәселе қоғамда үлкен дау тудырып, кешегі аптада қоғам белсендісі «Альянс банкті» заңды түрде жеңіп шықты.

Соңғы уақытта «Каспий», «Альянс» банктерінен несие алушылардың құқығын қорғап жүрген Ермек Нарымбаев қазақстандық банктердің көбі несие алушыларға «жасырын пайыз» деп аталатын үстеме қоса­тынын, банктер келісімшартта немесе жарнамада көрсетпейтін мұндай пайыздар қарызды өсіріп жіберетінін ашық айтып, күреске шығып жүр. Банкирлер мұны жоққа шығарады.

Осы тұста расында ипотекалық несие қанша тұрады деген сауал туындайды. Еуропада пайыздың нормасы бір, екі, ары кетсе үш пайыздан аспайды екен. Ал АҚШ-та ипотекалық пайыз 3,3%-ды құраса, Ұлыбританияда 4-5%, Жапон елінде 2 пайызбен белгіленеді екен. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіштер әлдеқайда жоғары. Ұлттық банктің мәлімдеуінше, қазақстандық банктердің ипотекалық несие бойынша пайыздық мөл­шерлемесі 10-20 % аралығында екен.

Қоғам белсендісі Ермек Нарымбаев банктерді «пайыздарын көбейтіп, тұтынушыларын алдаған» деп баспасөз мәслихатын өткізгеннен кейін «Альянс» банктың бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев «беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа беретінін мәлімдеген-ді. Артынша екеуінің араздығы әлеуметтік желіде де біраз пікірталас тудырды. Осындай біршама сөз дауынан кейін банкир Жомарт Ертаев фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасын жапты.

Дау-дамай басылып, қалалық сотта жеңіп шыққан соң Ермек Нарымбаевқа хабарласып, істің нақты жайын сұрастырдық.

– Банктер «жасырын пайыз» арқылы өте көп пайда көріп отыр. Сондықтан да борышкерлердің қарызы екі-үш есеге көтеріліп кетті. Астыртын арам амалдармен халықты қанап отырған пайыздардың көзін жойсақ, несиенің әлеуметтік проблемалары да азаяр еді. Қоғаммен сол үшін де тығыз қарым-қатынастамын. Өз ісім бойынша «Альянс банктегі» несиеме қатысты қалалық сотқа шағымданып, нәтижесінде сот мені қолдады. 4 сағатқа созылған сот мені 3 миллион теңгені артық төлеген деп тауып, негізгі қарыз мөлшерімен 10% сыйақыдан басқа ештеңе төлеуге міндетті емес екенімді шешті. Бұл, әрине, менің жеңісім, – деген белсенді Ермек Нарымбаев күрескенде ғана жеңістің дәмін тататынын айтып, адамдарды қорықпай күресуге, соттың қара қылды қақ жаратынын айтып, банктерге төлеуге міндетті емес артық ақша төлемеуге шақырды.

Ал «Каспий» банкке қатысты дау-дамай туралы сұрағанымызда да қо­ғам белсендісі ештеңесін жасырмады.

– Рас, енді Бостандық сотына «Каспий» банкке қатысты ша­ғымдандық. Істің барысы мен нәтиже­сін күтудеміз. Қосымша пайыздарды ала аламыз деп үміттенеміз, – деді Ермек Нарымбаев.

«Жұмыс істемейтініңізді білеміз, қайтіп жан бағасыз?» – деген сауалымызға жылы әрі қысқа жауап берді.

– Мен адамдармен, қоғаммен жұ­­мыс жасаймын. Көмектесемін. Әрдайым қолдаймын. Қоғамдық жұмыстарым үшін адамдар сыйақы береді, ешкімге алақан жаймай, өз күнімді өзім көріп жүрмін.

Ақбота Мұсабекқызы

arhar.kz