Ағымдағы жылдың І тоқсанында экстремистік мазмұндағы материалдар жариялайтын 34 шетелдік сайт анықталды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф айтты.

«Агенттіктің орталық аппараты мен аумақтық департаменттерінде сарапшылар тобын құрдық. Олардың қызметі жөнінде типтік ереже мен сарапшылар қорытындыларының үлгілері бекітілді, әдістемелік негіз дайындалды», - деді агенттік басшысы.

Қ.Лама Шарифтің атап өтуінше, агенттік құрылған мерзім ішінде діни мазмұндағы шамамен 1000 материалға дінтану сараптамасы жүргізілді. Тағы 1,5 мың басылым алдын ала дінтану сараптамасынан өтті және оларға қатысты тиісті шешім қабылдануда. Олардың нәтижесі бойынша дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған 300-ге жуық діни әдебиеттің тізімі Дін істері агенттігінің сайтына орналастырылған. Ал қалғандары техникалық жөндеуден кейін орналастырылатын болады. Заңға қайшы 93 материал мен таратуға ұсынылмайтын басылымдар бойынша тиісті шешімдер қабылдануда.

«Діни-экстремистік және лаңкестік топтардың ақпараттық алаңдарын жою, шектеу мақсатында интернет-сайттарға мониторинг жүргізу және жабу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2012 жылдың І тоқсанында 800 сайт талданды, олардың ішінде экстремистік мазмұндағы материалдарды жариялайтын 34 шет ел сайты анықталып, тиісті шешім қабылдау үшін Бас прокуратураға жолданды», - деді агенттік төрағасы.

ҚазАқпарат