Тұрғындары жағдайымыз төмен, біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды келіп көретін басшы жоқ деп шағым айтқан соң кешегі аптада Шымкенттің «Достық» шағынауданына бардық. Үйлерді аралап, адамдармен сөйлескеннен кейін бұл елді мекенде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының шындығында төмен екендігіне тағы да көз жеткіздік. Солардың бірі – биыл жасы отызға толатын Медет Ермеков (суретте). Медеттің екі аяғы тізеден төмен қарай жұмыс істемейді екен. Осыдан бес жыл бұрын әкімшілік берген үйде бүгінде жалғыз өзі тұрады.

«Бала күнімнен мүгедекпін, – дейді Медет. – Өзім Орал қаласында туылғанмын.­ Ата-анам бала кезімде қайтыс болып, әжемнің қолында тәрбиелендім. Кейін әжем де дүние салды. Ал Оңтүстікте ешқандай туысқаным жоқ. Төлеби ауданындағы мүгедектерге арналған мектеп-интернатқа оқуға келгенмін. Содан Шымкент­те қалып қойдым. Тиісті құжаты болмаса да бес жыл бұрын әкімдер берген осы үйде тұрып жатырмын. Менің басымдағы күнді ешкімге салмасын деп тілеймін. Көріп тұрғаныңыз­дай, балдақпен жүре алмаймын. Қарда қоларбамен жүру тағы мүмкін емес. Бұрын азық-түлікті дүкеннен өзім барып әкелетінмін. Қар жауғалы сыртқа шыға алмай қалдым. Бәрінен бұрын мені қатты қинайтыны – даладағы әжетханаға бару.

Далада болғандықтан судың қатып қалғанына бір ай болды. Кейде ауылдың балалары жағдайымды сұрап келеді. Сол кезде суды тасытып, сыртқа таза ауаға шығамын. Көмір алуға ақша болмағандықтан үйдің іші салқын. Бөл­мені газбен жылытайын десем, бір айға үш баллонға 7500 теңге кетеді. Жарыққа – 1500, суға 500 теңге алады. Сондықтан 24 мың теңге жәрдемақымды қайсысына жеткізерімді білмеймін.

Мен бұған дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Азғантай ақшаға өз күнімді көріп жүрмін. Осы үйді бергеніне бес жыл болды. Содан бері әкімдіктен немесе әлеуметтік мекемелерден бір адам келіп жағдайың қалай деп сұраған емес. Сыртқы есік жабылмай қалған соң ақша жиып мына есікті өзім ауыстырттым. Ал терезелерден жел улеп тұр. Оны жөндеуге мүмкіншілігім жоқ. Осындай мүгедек бар еді деп хабар алмаған соң күзде қала әкіміне бардым. Ол жердегі қыздар әкім сені қабылдамайды деп кіргізбегендіктен Бегайым деген апайға арызымды тастап кеттім. Содан бері төрт-бес ай өтті, арызыма әлі жауап жоқ. Мен әкімге мына үйді әжетхана мен суға түсетін жері бар бір бөлмелі пәтерге ауыстырып беруді айтпақшы едім. Өкінішке орай, әкімдіктегілер мені тыңдағысы келмеді.

Бұрын дүкенге де өзім барып азық-түлік әкелетінмін. Ал қар түскелі сыртқа шыға алмай қалдым. Бұрын қарды өзім тазалай беруші едім, биыл суыққа шықсам ауырып қала беретін болдым. Негізі жер үйде тұру қиын. Ол аз болғандай, күзде тұмауратып жатқанымда үйге келген ұры қорқытып, біраз заттарымды әкетті.

Тым құрыса үйге кіретін басқыштарға қоларба жүретін пандос та қоймаған. Бір жерлерге барайын десем автобус жүргізушілері қоларбаңмен орын аласың, сені мінгізіп түсіретін адам жоқ деп алмай кетеді».

Біз Медеттің әңгімесіне қаныққаннан кейін Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарластық. Ол жердегілер бізге Шымкент қаласының үйде әлеуметтік қызмет көрсету мемлекеттік мекемесінің бастығы Сапарғали Ақылбековпен байланысуымыз керектігін айтты. Өз кезегінде ол кісі Медетті алдағы уақытта назарға алатынын, бірақ оған көмектесу жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі аз қамтамасыз етілген азаматтармен, мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс жүргізу секторының меңгерушісіМайра Кәрібаеваның құзырына кіретінін түсіндірді. Ал М.Кәрібаева «Достыққа» қанша барса да Медет Ермековтің үйіне кірмегенін айтты. Бірақ ол кісі: «Медет бізге өтініш берсін, ВТЭК-ке барсын, мүгедектерге арналған таксиге сұраныс жасасын», – деді де, телефон тұтқасын қоя салды.

Бір-біріне сілтеген шенеуніктерден естіген жауабымыздың сиқы осы болды. Сонда екі аяғы жоқ адам бұлардың барлығына қалай бара алады, барған күнде де әкімнің өзі қабылдамаған адамды кім құшақ жая қарсы алуы мүмкін? Өкінішке орай, бұл жай тиісті мекеме басшыларын еш селт еткізбейтін секілді.

Ұ.Үмбет

«Замана» газеті