Ұлы державалар арасындағы «Үлкен ойын» қыза түсті. Ресей, АҚШ және Қытай басты ойыншылар болса, Орта Азия елдері – теппекке жақсы ала доп. АҚШ-ты Ресей мен Қытай ықпалының осы аймақта артып келе жатқаны алаңдатса, Қытайдың Орта Азияның табиғи байлығы қызықтырады. Ресей бұл елдерді өз орбитасындағы (өз иелігіндегі) нысан ретінде көреді. Басқалардың айналшықтауын бақшасын аңдыған ұрыға балайды. Әрқашан тәжіктің, өзбектің, қырғыз бен қазақтың құбыласы – Мәскеу, қағбасы - Кремль болғанын қалайды. Ресейдің қазаққа деген пейілі ала бөтен. Қырғыз бен өзбекке қарағанда бір табан жақын, тіпті, егізінің сыңары десе де болады. Ресей сарапшыларынша айтқанда, орыс қазақпен біртұтас парламент құрып, ортақ төлқұжат ала беруіне болады. Бір өкініштісі, «ақымақ қазақтар осыны дұрыс түсінбей отыр». Орта Азиядағы мәскеулік мәңгілік мүдде – осы.

Бұл мүдде үшін күресте барлық тәсіл жақсы. «Бөліп ал да, билей бер». Жақпай бара ма, онда оларды жарыстыр. Бір халықты екінші халыққа қарсы қой. Шағыстыр. «Тоқтай тұр, дәлелің бар ма?» деп дау айтушылар табылар. Дәлел бар. Қазір ең мықты қару – зымыран немесе сутекті бомба емес, ақпарат. Оның күші бомба қаһарынан әлдеқайда өтімдірек. Ақпараттың да естісі бар, есері бар. Есерін ірікте де, тарата бер. Мұның қасында Хиросимаға тасталған бомба жолда қалатын болады. Өздері арандайды. Мәселен, Орта Азия елдеріндегі жаңалықтарды ұдайы жариялап отыратын ресейлік Центразия.ру, Фергана.ру атты сайттар ұзақ уақыттан бері тек қана осымен айналысып отыр. Яғни, бері діні бір, тілі бір, ділі бір бауырлас түркі халықтарының арасына ши жүгіртіп, от тастаудан басқа шаруасы жоқ. Ол сайттардың қожайыны бізге бөтен емес, қазір ресейлік болғанымен, бір кездердегі отандасымыз, ҚазҰУ-дың түлегі – В.Хлюпин.

Бір ғана мысал, жақында Ташкентте бір бейпіл ауыз біреу: «Өзбекстан – Алтын Орданың мұрагері. Қазақстаннан жер алып, жеріміздің аумағын Каспийге дейін ұзартайық!» – деп оттағаны бар. Бір қызығы, бұл сөз сарапшы Данияр Әшімбаевтың шамына қатты тиіп кеткен тәрізді. Ол бұған жауап ретінде: «Өзбекстан мен Қырғызстан автономия ретінде Қазақстанға қосылсын!» – деп салды. Д.Әшімбаевтың да сөзі өзбектерге ұнамайтыны түсінікті, Бехзод Иботовдеген бір өзбек: «Қазақстан толыққанды тәуелсіз ел емес, сыртқы қарызы көп. Самарқантта, Бұқара мен Хорезмде ұлы ғалымдар ғылыммен айналысып жүргенде «басымдыққа ие қазақтар, протоқазақтар» шөлде мал бағып жүрген... Данияр Әшімбаевқа берер кеңесім мынау: сіздің аты-жөніңіз бізге онша жараспайды. Оны Борат Сагдиев деп өзгертіңіз», – деп қатты кетіпті. Ұлттық намыс – эмоцияның ең күштісі. Мұнымен ойнауға болмайды. Бірақ, бұл жоғарыда аталған ресейлік сайттардың ең сүйікті тақырыбына айналды. Қазақтың өзбекке, өзбектің қырғызға деген қыжылын қоздатып жатыр.

Бұған ұлт-патриоттары пікір білдірсе, таңқалуға болмас еді. Ал Данияр Әшімбаев сынды сарапшының арантатуға іліккені қызық жайт. Қазақтың жеріне бұған дейін КСРО-ның соңғы басшысы Горбачевтан бастап, ресей саясаткерлеріЖириновский мен Солженицынге дейін (арасында қылышын жалаңдатқан казактар да, орыс-ұлтшылдары да, экстремистер де бар) Ресейдің пайдасына қарай Қазақстанды бөлшектеуге шақырған қаншама ұран көтерді. Ол кезде Данияр Әшімбаевтан мұндай патриоттықты байқамаған едік.

Өзбектер білмейтін шығар, бірақ Данияр Әшімбаев деген есім қазақ қоғамына жақсы таныс. Әсіресе, қазаққа қарсы ниетімен. Ол үшін Қазақтың мәдениеті, қазақтың тілі, қазақтың ділі, қазақтың діні, қазақтың болмысы, тіпті қазақ халқының өзі – «Қазақстан деген мемлекеттің іргетасын мұжып жатқан қауіпті мамбетизм өкілдері». Оның көкейіндегісінен ұққанымыз, тек қана орысша сөйлейтіндер мәдениет пен прогрестің өкілдері.

Айта кету керек, Қазақстан – әлемдегі ең ресейшіл ел. Тіпті, Ресей азаматтарының ресейшілдігі біздікімен салыстыруға келмейді. Шамамен, Мәскеу десе ішкен асын жерге қоятын 3,5 миллионға дейін этникалық орыс бар. Орыстардың 100-ге тарта ұйымдары жұмыс істейді. Ресеймен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейтін 43 ұйымы бар. Бұдан бөлек, қазақтардың өз ішінде ресейшілдер одан да көп. Оның көрнекті өкілдері ретінде қолында нақты билігі барлардан Қасымжомарт Тоқаев пен Кәрім Мәсімовтің есімдері ерекше аталады. Тіпті, Ресейдің сойылын соғушы бүтін бір институттар қызмет атқаруда. Айталық, Президент жанындағы Қазақстандық Стратегиялық Зерттеулер институты мен Саяси шешімдер институты. Ресейшілдіктің белсенді уағызшыларының арасынан оқшау көрінетіні – экономистҚанат Берентаев, сарапшы Данияр Әшімбаев, журналист Жәнібек Сүлеев, саясаткер Нұрлан Ерімбетов , саясаттанушы Марат Шибутов.

Данияр Әшімбаевтың өзбек пен қырғызға қатысты айтқан сөзі – белгі. Бұдан кейін Қанат Берентаев ертең «қазақ мұнайын игеріп жатқан бүкіл батыс компанияларын қуып шығайық» десе, оған таңқалуға болмайды. Жәнібек Сүлеев «Бізге тәуелсіздік керек емес, республиканың да қажеті жоқ. Ресейдің губерниясына айналмасақ, АҚШ немесе Ауғанстан бізді бомбылауға әзір» деп байбалам салса, аң-таң болмай-ақ қойыңыз. Бірақ, Нұрлан Ерімбетов бұлардың алдын орап, «Ресеймен интеграцияға қарсыларды жазаға тартайық!» –деген ұран тастап үлгерді.

Таяуда Орта Азиядағы ең ірі екі мемлекет Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекет басшылары бас қосып, аймақтағы күрделі мәселелерге қатысты ортақ байламға келе алған еді. Бұл біреулерге ұнамай қалған секілді. Жалпы, Орта Азияның бауырлас түркі халықтарының жақындасқанын қаламайтындар державалар бар. Қайбір жылы Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азия Одағын құру бастамасын көтеріп, осы бағытқа қарай жасалған бір қадам – аймақ елдерінің басшылары бас қосқан жиынның шырқын әр сөзге килігу арқылы Ресей президенті Владимир Путиннің өзі бұзған еді.

Ресей мүддесінің сақшылары бауырлас Орта Азия елдерінің арасына сына қағатындай мәлімдеме жасауы, әсте, тегін емес. Бұдан «Үлкен ойындағы» Ресейдің мүддесін көруге болады. Қазақстанға жиі келіп, дәріс беріп кететін Қырғыз-ресейлік славян университетінің саясаттану кафедрасының профессоры Александр Князев, Шекаралық әріптестік ассоциациясының сараптамалық қызметінің жетекшісіАлександр Собянин, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық сараптамалық орталығының директоры Алексей Власовтыңпікірлерінен Кремльдің ындыны неден кебетінін көруге болады. Айталық, Александр Собянин қырғыз-қазақ, қазақ-өзбек шекарасына беларусь пен ресей әскерін әкеліп орналастыруды бұрыннан айтып жүр. Тек ол үшін титтей болса да себеп керек. Қазақ пен қырғыз, қазақ бен өзбек арасында жер дауы туындауға тиіс. 20 жылда шекарадан үлкен ши шықпаса, онда оны қолдан жасау қажет.

Екінші бір ресейлік сарапшы, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық сараптамалық орталығының директоры Алексей Власов Орталық Азияға қатысты қара аспанды төндіріп отыр. Оның сөзіне сенсек, әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері, исламшыл топтардың радикалдануы, діни алауыздық, су-энергетикалық мәселенің түйіне шешілмеуі, ксенофобия мен ұлтшылдық осы аймақта Ош оқиғасындай қан төгіске ұрындырмақ. Сондықтан дереу ҰҚШҰ-ның (ОДКБ - Ресей әскерінің – деп оқыңыз) мәртебесін нақтылап алу қажет екен. Оның сөзінен аңғарғанымыз, Ресейсіз қазақтың да, өзбектің де, қырғыздың да күні қараң.

Бір қызығы, бұл мәселелер Ресейдің өзінде де бар дүние. Алабұртып тұрған Қап тауын айтпағанда Пугачев қалашығындағы кикілжің бұған су жаңа мысал. Солтүстік көршіміздің астанасынан бастап, шағын қалаларына дейін әсіре ұлтшылдық жайлаған. Орыстың ұлтшылдары мен неофашистері қолдарына пышақ, шоқпар алып, түсі өзгелерді өлтіріп, ұрып-сабап жатыр. «Ең сорақысы, бұларды халық қолдап отыр» деп наразылық білдіріпті «Сова» атты сараптама орталығының маманы Вера Альперович. «Левада-Центр» атты қоғамдық пікірді зерттеу интитутының мәліметтері бойынша, ресейліктердің 68 пайызы мигранттар қаптап кетті деп есептесе, жартысына жуығы – 48 пайызы «Ресей орыстар үшін» деген ұранды қолдайды.

Тоқетері, Данияр Әшімбаев және оның пікірлестері туыстарымен араздастырып, қара торы, қысық көзді қазақтарды осындай Ресеймен табақтас болуға шақырып отыр.

Дәурен Жайлаубеков

taiqazan.org