Қайбір күні ғаламторда «Ел болашағына алаңдаймыз» деген тақырыптағы Ашық хат жарияланды. Мемлекеттегі бірсыпыра мәселелерді тізіп келіп, «Біз Қазақстанның қазіргі көшбасшысынан Тәуелсіз елдігімізді мәңгілікке баянды ететін таңдауды осы бастан жасап қоюын өтінеміз және сын сағат туа қалған жағдайда барша халықты Қазақ елінің Болашағы үшін Иманғали Тасмағамбетовке қолдау білдіріп, азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз!» депті. Не керек, сол күні-ақ Ашық хатқа қол қоюшылар «авторлықтан» бас тартты. 151 адамның қай-қайсысы да ондай «петицияны» көрмек түгілі, естімегенін айтты.

Мұхтар Шаханов ағамыз: «Это сделали сволочи!» деп бір-ақ кесті. Басқа зиялылар дәп сондай қызуқандылыққа салынбаса да, бәрінің пікірі «бұл – арандатушылық» дегенге саяды. Жалпы, Ашық хат жазылып, одан кейін «естімедім, білмедім» деп басын ала қашу үйреншікті жағдайға айналғалы қашан. Бірақ бұрын құрығанда қол жинаушының есімі белгілі еді. Бұл жолы аноним жазғыштың поштасына дейін жойылып кеткен. Оны ұйымдастырғандар да, «мөлдіретіп тұрып» мәтінін жазғандар да белгісіз қалып отыр. Айдың-күннің аманында қара аспанды төндірген бұл арандату кімге керек болды? Күйші-композитор Секен Тұрысбек те өзінің аталған Ашық хатқа «қол қойғанын» естігенде таң қалыпты...

Секен Тұрысбек, күйші:

Мені саясатқа араластырмаңдар!

− Секен аға, жақын күндерде ғаламторда жарияланған «Ел болашағына алаңдаймыз» деген Ашық хатқа қол қойғандар тізімінен сіздің де есіміңізді көріп қалдық. Біраз азаматтар Ашық хаттан бас тартып та үлгерді. Өзіңіз бұған не дейсіз?

− Бұл тап-таза арандату. Бір ауыз ескертпек түгілі, сыртымыздан атымызды алып, тіркей салыпты. Оқысам, Мұзафар Әлімбаев бастаған ақсақалдар жүр. 151 адамның аты – баланың ойыншығы ма? Сорақысы, сол хатты кім ұйымдастырғаны да белгісіз. Әйтпесе өз басым саясатта шаруам жоқ адаммын. Осы күнге дейін патшадан да, Иманғалидан да жақсылықтан басқаны көргем жоқ. Біреулер телефон соғып, «Неге олай дедіңіз?» дейді. «Не айтып отырсыңдар, айналайын?» деп таңғалдым басында. Бекер лайламаңдар. Ал өз қолыммен қойып берген қолым болса, әкеліп көрсетіңдер. Өнер адамдарын неге сондай әңгімелерге араластырады осы? Ылғи Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова... жақсының атын жамылып сөзін өткізбек болады. Асанәлі Әшімов ағамыздың «байқамай қол қойып, өкінгенім бар, енді ешқандай ашық хатқа қол қоймайтын болдым» дегені есте қалыпты. Сонау 1989 жылы жазылған бір әнімнің «Сөзіңнің сиқы түзелмей, көзіңнің жасы құрғай ма?» деген сөзі бар еді. Одан бері ширек ғасыр өтті, өзгерген сайтан да жоқ. Бүгін қолға алынған дүниелер сол кезде айтылса қандай жақсы болар еді. Мысалы, біз латын қарпіне кештеу ден қойып жатырмыз деп есептеймін. Бізден басқа түркі жұртының бәрі латынға баяғыда көшіп алды.

− Бұған дейін қандай да бір ашық хатқа қол қойып көріп пе едіңіз?

− Жоқ.

− Бұл ашық хат кімге керек болуы мүмкін?

− Білмеймін. Әйтпесе Елбасыға қарсы келген күнім жоқ. Басқаны былай қоғанда, маған оркестр құрып беріп, Астанаға шақырып, мемлекеттік статус берген – осындай жақсылық жасаған адамға, қайтіп жаман ой ойлауым мүмкін? Елбасының тапсырмасымен Иманғали Нұрғалиұлы да маған көп жақсылық жасады. Елдің берекесін ойлау керек, өзім музыкамен әуре болып жүргенде, мені саясатқа араластырмаңдаршы.

− Бірақ қоғамдағы белгілі тұлға, зиялы қауымның өкілі ретінде халықтың сөзін айтудан қашпайтын шығарсыз?

− Неге қашамын? Халықтың тағдырына қатысты мәселеде неге үнсіз қаламын? Біз Желтоқсанда алаңға неге шықтық? Мен тек қолға түспедім... Онсыз да ылғи бірін-бірі түртпектеген заман болып тұр қазір. Бір ауыз сөз айтсаң, он ауыз қосып, соңын дауға ұластырады. «Көңіл толқынына» да тиісті ме...

− Марқұм Жарылқасын Аманұлының жары Күміскүл Төрешқызының «Көңіл толқыны» Жарылқасынның күйі еді» дегенін айтып отырсыз ғой?

− Ол кісінің (Жарылқасын Аманұлы) көзі жоқ, мен аруақпен айтыспаймын. Сотқа беріп, апаммен алысып жүру де ұят. Бірақ әлгі сұхбатта айтқанының бәрі өтірік. Жарылқасын Мэлс Өзбековке үй әперген дейді. Мэлс Өзбеков жатақханада қайтыс болды. Анық-қанығын білмей жатып, жала жаба салатын журналистер неге жауапкершілікке тартылмайды? Өзімде «Көңіл толқынын» 1984 жылдан «Толқын» (күй-этюд) деп бастап, шимайлағаныма дейін бар. Жалпы, «Ақ жауын», «Жазғы қар», «Боздақ», «Күлтегін», «Көкбөрі», «Аруана», Ақжүніс», т.б. 12 күй жазыппын. Күй өнерін жалғастыруды өз міндетім деп сезінемін. Әрине, әндер де жазамын.

− Жарылқасын Аманұлының басқа күйлері бар ма еді? Болса, естіп пе едіңіз?

− Мен естіген емеспін.

− «Қайта-қайта күй тартқызды» дейді ғой сізді...

− Жо-о-оқ, мен тартқан шығармын күйді. Немесе оның алдында-ақ естіп жүрген болар, әсер еткен шығар «Күй толқыны»... Мэлс Өзбеков «Секен, осындай бір ағам бар, таныстырайыншы» деп, ертіп барды, сонда күй тартып бергенмін. Сосын «Аққу сазы» деген әнімді көрсеттім... «Өзің де ақын екенсің» деп тілек жазып берді. «Жарылқасын бұл күйді 1986 жылы Желтоқсанға арнап шығарған» дейді. Қайдағы 1986? 1989-ға дейін Желтоқсанға арнап күй шығармақ түгілі, біреуі қыңқ деген жоқ. Ал 1987-1988-де «Боздақ» деген күйді мен жаздым. Атын Қажытай Ілиясов қойды. Ал «Көңіл толқыны» өзімнің екі қызыма арналған. Екеуі де екі жасында, тәтті кездерінде шетінеді. Сондай қасіреттен туған күйім еді. Мен әркез айтамын, қасіреттіден ғана қасиетті өнер туады. Жақында Таласбек Әсемқұлов кесіп айтты теледидардан. «Көңіл толқыны» 1985 жылы шыққан, мен куә болдым» деді. Хасен Қожа Ахмет те «1985 жылы біз «Көңіл толқынын» «Сазген» оркестрімен ойнағанбыз» деп куәлік айтты. Жеке орындауымда 1985 жылы «Қазақстан» телеарнасында ақын Ұлықбек Есдәулетов пен ол кезде музыкалық редактор болу керек, Нұртілеу Иманғалиұлы клип жасаған. Жұртқа бұл күйдің тез тарауының бір себебі сол клип болған шығар. Ол уақытта клип деген ұғым жоқ еді.

− Жалпы, сіз мұндай мәселемен бірінші рет кездесіп тұрмаған сияқтысыз...

− Өзім жақсы көретін ақын Жұматай Жақыпбаевтың бірінші әйелі «Көңіл толқынын» Жұматай жазып еді» деп шықты Талдықорған облысында. Жұматай марқұм бірде менен «Көңіл толқыны» деген пластинкамды алып, тағы бір кездескенде «Сенің кішкентай пластинкаңды тыңдау үшін сандықтай проигрыватель сатып алдым» дегені бар. Күйге ғашық болғаны ғой. Асқар Сүлейменовпен бірге жүретін, екеуінің домбыра тартысына дейін ұқсас еді. Міне, алдымда Асқар Сүлейменовтің «Секен асу» деген күйі тұр. Осы екі-үш айдың көлемінде Әлия Бөпежанова Таласбек арқылы маған шығып, «Асекеңнің 75 жылдығы келе жатыр, сенде тартқан күйі бар екен» деп іздетіпті. Архивімді ақтарып, екі-үш күнде тауып алдым. Күрделі, ойдан, тәтті мұңнан тұратын, ырғақтары күрделі күй екен. Ырғағының өлшемдері (ритмі) сыныңқы келеді... Абай айтады ғой, «Ақылдың сөзіндей ойлы күйді тыңдағанда көңілдің өсері бар» дейді. Бұл күйді жұрт назарына кезінде-ақ шығаруым керек еді. «Өзін насихаттау үшін Асқар Сүлейменовтің атын пайдаланып жатыр» деуден тайынбайды кейбіреулер. Ол кісі 1992 жылы 3 мамыр күні біздің үйде Қажытай Ілиясов, Есенқұл Жақыпбеков, Армиял Тасымбековтермен бірге болды. Ұзақ әңгімеден кейін тамақтанып болған соң, «Мен қазір күймен ауырып отырмын. Күйшінің үйіне кірер кезде үркіп кірдім. Рұқсат болса, Секен екеумізді оңаша қалдырсаңыздар қайтеді?» деді. «Асеке, бір ауыз сөзіңіз» деп Қажытай бауырларын алып қайтіп кетті. Оңаша қалып, маған жаңағы «Секен асуды» саған арнаған күйім деп, орындап берді. Мен магнитофон лентасына жазып алдым. Әбікеннің «Қоңырымен» «ауырып» жүрген кезінде, менің күйлерімнің де әсерімен туса керек. Сол жерде «Адасқақ» деген кітабына: «Ұлылыққа дауа жоқ. Сол дарыған Секенге», «Күй Секенжанға» деп жазып бергені бар. Сол отырыста маған: «Секен, мынаны нотаға түсіріп маған берсең, мен «Парасатқа» шығарсам» деп айтқан. Оған үлгермей қалдық. Сол өкінішті. Оншақты күннен кейін, 15 мамырда Асекең өмірден озды. Қазір «Секен асу» нотаға түсті. Нотасын Әлия Бөпежановаға бердім. Сосын ол кісіге: «Оркестрге лайқыталып сәл-пәл өзгеруі мүмкін. Ықшамдалуы мүмкін. Дау туып жататын болса, менің қолымда факті бар. Өзіме арналған дүниені жаман болсын деп өңдемеймін ғой» деп ескерттім. Сөз жоқ, кез келген ақын да, жазушы да күй жазғысы келген, бірақ кез келген жаза алмайды. Содан кейін қараптан-қарап жала жауып, қиянат жасайды. «Жарайды» деп қолды сілтей салайын десең де, біреу сенің жауабыңды естімей қалады. Біреу жала жабушының айтқанымен қалады. Әйтпесе «екі елі ауызға бір елі қақпақ» дей ме, қазір ешкіммен сөйлескім де келмейді, сұхбат та бергім келмейді. Музыкам елдің керегіне жараса, сол менің барым да, бақытым да.

− Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Әсия Бағдәулетқызы

«Халық сөзі» газеті