Отанымыздың гимніне қатысты біртүрлі оқиғалар комедиялық сериалға ұқсай бастады. Спорттық тарихымызда бірінше рет бокстан чемпиондық атақты жеңіп алған қазақ қызы Назым Қызайбай «Менің Қазақстанымды» емес, шамасы өзі естіп көрмеген ескі гимнді тыңдауға мәжбүр болды. Сонша уақыт пен тер төгіп, армандаған жеңіске жеткен керемет сәтін осындай ыңғайсыздық бүлдіргені өкінішті.

Бокстан Қазақстан әйелдер командасының үйлестірушісі Берік Мыржықпаев өздерінің еш кінәсі жоқ екенін айтып ақталды. «Чемпионаттың алдында ұйымдастырушыларға туды да, гимнді де бердік. Бәрін тәртіпке сай етіп жасағанбыз. Оқиғадан кейін бірден ұйымдастырушыларға хабарласып, қателік туралы айтып, себебін түсіндіруді талап еттік. Олар техникалық қателік жібергенін мойындап, кешірім сұрады» дейді ол. Кешірім сұрағандары жақсы әрине. Бірақ бұл гимнге қатысты енді ешқандай ыңғайсыз жағдай болмайтынына кепіл бола алмайды.

Спорттық жарыстарда әнұранымыздың қанша рет шатастырылғанын толық тізіп шығудың өзі оңай емес. Әйтеуір, бірде хоккейде, бірде волейболда, тағы бір жолы бокста бола беретініне етіміз үйренуге айналды. Ал ең масқара жағдай 2012 жылы Кувейтте мерген қызымыз Мария Дмитриенконы марапаттау кезінде британдық комик Саша Барон Коэннің Қазақстанды мазақ ететін фильмінде айтылатын әннің орындалуы болды. Және ол үшін кім кінәлі – біздің спорттық командалардың жетекшілері ме, әлде жарысты ұйымдастырушылар ма, сол жағы да түсініксіз. Былай қарасаңыз, әнұранын өзгерткен жалғыз Қазақстан емес, оған қоса туын да өзгерткен елдер бар.

Гимнге қатысты соңғы оқиғаны интернет-форумда талқылаушылардың біразы «Ескі гимніміз де жақсы. Жаңамыз да әдемі. Сондықтан бізге екі гимн қабылдай салған жөн» деген пікір айтады. Шынында алдағы уақытта спортшыларымыз да ыңғайсыз жағдайға қалып, өзіміз де күлкіге қалмауымыз үшін сөйткен дұрыс шығар?

Нұржігіт Берікбай

osdp.info