Қазір халықаралық іздеуде жүрген облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтен жаңа әкімге «мұраға» қалған Атырау облысындағы құрылыс нысандарын салу барысында кеткен қаржылық бұзушылықтар шамамен Т10 млрд-қа жетті, деп мәлім етті Атырау облысының жаңа әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетов.

«Жергілікті бюджеттен қаржыландырылған 10 нысан бойынша 3 млрд 100 млн артық төленген, ал республикалық бюджеттен қаржыландырылған 5 нысанға артық төленген қаражат сомасы 6 млрд 800 млн теңге болып, қорытындысында 9 млрд 900 млн теңге болды. Бүгінге қаржыландыру мәселесі қарастырылуда», - деді Б. Ізмұхамбетов жұма күні ҚР президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте.

Оның айтуынша, Б. Рысқалиев қызметінен кеткен соң, әр түрлі себептермен 45 нысан құрылысы тоқтап қалған. Жобалық-сметалық құжаттарды мұқият тексерген кезде 15 нысан бойынша артық төленгені анықталып, ал басқа 30 нысанның тоқтап қалу себептері тексерілуде. «Мен оларды апаттық проблемалар дей алмаймын» деді Б. Ізмұхамбетов.

Бұрындары хабарланғандай, қаржы полициясы агенттігі Атырау облысы әкімшілігінің лауазымды тұлғалары және мердігерлік ұйымдардың басшыларымен жасалған сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстарды жасау фактісі бойынша қылмыстық істердің тергеуін аяқтады. Анықталғандай, Рысқалиев биліктік өкілеттікке ие бола тұра, мемлекеттік қаражатты ұрлау мақсатында 35 адамнан құралған 3 ұйымдасқан қылмыстық топтан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрған.

Тергеудің 8 айында (2012 жылғы 21 тамыздан 2013 жылғы 18 сәуірге дейін) қылмыстық қауымдастықтың мүшелеріне қатысты ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, бюджет қаражатын ұрлау, жалған кәсіпкерлік, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, алаяқтық, жалған құжат жасау және қызметтік жалғандық жасау сияқты қылмыстар бойынша 73 қылмыстық іс қозғалды.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айыппен 11 адам қамауға алынды, олардың арасында облыс әкімшілігінің бұрынғы аппарат жетекшісі Керімов, қаржы басқармасының бастығы Жантеміров, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Жиенбаев, «Госэкспертиза» РМК директоры Құралбаев, оған қоса сыбайлам кәсіпорындардың директорлары мен ұрланған ақша қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тұлғалар бар.

10 адам үй қамауында, 2 адамға ешқайда шықпау туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Ағымдағы жылғы 18 сәуірде аталған 23 тұлғаға айыптар тағылып, олардың қылмыстық істің материалдарымен таныстыру процедурасы басталды. 11 адамды сырттай қамауға алу туралы санкция беріліп, іздеуге жарияланды, олардың ішінде облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев, оның ағасы Аманжан Рысқали және олардың күйеу балалары Әлбақасов, Желдібаев, Ізбасар, сондай-ақ оларға тәуелді фирмалардың директорлары мен құрылтайшылары бар. Бұрын хабарланғандай, облыс әкімшілігінің шенеуніктері мен бірқатар құрылыс компанияларының жетекшілеріне қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Болат Дәукенов, Атырау қаласының әкімі Асқар Керімов, облыстық басқармалардың бірқатар бастықтары қамауға алынды.

Биылғы қаңтарда Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевті қамауға алу туралы санкция берілді. Оған бюджет қаражатын жымқырған және қызмет бабын асыра пайдаланған деген айып тағылды. 2012 жылы 15 тамызда ҚР президентінің жарлығымен Атырау облысының әкімі Б. Рысқалиев денсаулығына байланысты қызметінен босатылды. Одан кейін қаржы полициясы прокурорлық тексерістен кейін бюджет қаражатының аса ірі мөлшерде жымқырылу фактісі бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғады.

Анастасия Прилепская

ҚазТАГ