Үкіметтің жаңа бағдарламасына сай, биыл еліміздегі мектептерде қазақ, орыс, ағылшын тілдері 1-сыныптан бастап оқытылмақ. Көп тіл білгеннің зияны­ жоқ дейтін халқымыз мұны құп алуда. Дегенмен басқаша пікірдегі азаматтар­ да жоқ емес. Мысалы, Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауылынан хат жолдаған Ұлбала Мыңжасарова қазаққа үш тіл де аздық етеді деген пікірде.

«Елімізде мұсылмандықты қасиет тұтатын азаматтар мешіт­терді көптеп салып тастады, – дейді хат авторы. – Бұл, әрине, жақсы. Бірақ тұрғылықты ха­лықтың санымен есептегенде, оған мінәжат етушілер тым аз. Тек жы­лы­на екі рет, айт намазы кезін­де ғана мешіттерде иін тіресіп тұрған жұртты көреміз. Олар бас­қа кезде мешітке бармайды. Бұл Құдайға шынайы құлшылық етуден гөрі жасанды құрметке көбірек ұқсайды.

Мұның басты себебі ел ішін­де Алла жаршыларының иман­дылықты белсенді түрде насихаттауға құлықсыздығы деп ойлаймын.

Олар той-томалақ пен өлім-жітімнен басқаға қатысы жоқтай, жай күндері бейтарап, бейғам күйде жүреді. Сондықтан болар, тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асса да елімізде ислам­ діні басқа діндердің кө­лең­кесінде қалғандай күй кешуде. Мүмкін, Алла жаршылары бас­тарына ақ сәлде мен шапанды киіп жүрсе болды, бәрі ретке ке­летіндей сезінетін шығар. Шын мәнінде олай емес қой. Қатардағы имам-молдалар Бас мүф­тисіз ешқандай күшті екпін көр­сете алмасы белгілі. Миллиондаған жас пен жасамыстың өшіп бара жатқан имандылық жігерін көтеруді Бас мүфтиден күтпегенде, басқа кімнен күтеміз?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз: «Еліміздегі діннің билігін өзіне бердік», – деген еді. Біз соның жемісін әлі көрмей ке­леміз. Бас мүфтидің: «Елімізде бұрын мешіт пен медресе саны 70-ке жетпейтін, қазір олар 2300-ден асты», – дегенін де талай ес­тідік. Еліміздің қай түкпірінде мешіт ашылса да Әбсаттар қажы қызыл лентасын өзі қиып, жақсы тілектерін айтып кетеді. Бірақ ол мешіт ашылғанымен, оған баратын адамдар саны көбей­мегенін білмей ме? Осы жайларды ой елегінен өткізе отырып, мен­ бас мүфтиге өтініш айт­пақпын.

Бұрын да, қазір де мектептер­де орыс және батыс тілдері оқытылуда. Бірақ араб тілі медре­селерде ғана оқытылады. Ал балалардың барлығы медреселерде оқып жатқан жоқ қой. Сондықтан имандылық кері кеткен мына заманда миллиондаған жас­тардың иманын, жігерін арттыру үшін мектептерде басқа тіл­дермен қоса араб тілін де оқыт­қан дұрыс. Немесе басқа елдерде сұранысқа ие емес орыс тілін мектеп бағдарламасынан алып тас­тау керек. Бұл үшін Бас мүфти Елбасыдан рұқсат алып, ол іс білім министріне міндет­тел­се, бұл қазақ халқы үшін бұ­рын-соңды бол­маған жақсылық болар еді. Се­бебі араб тілі – ислам тілі, имандылық тілі. Оны оқып, игерген қазақ және өзге ұлт өкілдерінің исламды таза ұс­тануына жол ашылады. Кей­бі­реулердің басқа жолға түсіп, азғын­даушыларға еріп кетуіне тоқтау болар еді.

Орыс пен батыс тілдеріне еліктегіш үкіметіміздің араб тілін онша менсінбейтіні белгілі. Ал, қа­рап­ тұрсаңыз, сол араб елдері эко­­номикалық дағдарысты да, алауыз­дықты да білмейді. Сон­­­дық­­тан бұл тілге мұрын шүйіре қа­рауды доғару керек деп ой­лай­мын. Әлемдегі тұңғыш меди­цина,­ математика, астрономия ғылымда­рын өзге емес, мұсылманнан шыққан данышпандар дүниеге әкел­генін, олардың ең­бектері араб тілін­де жазылғанын жо­ғарыдағы­лардың естеріне сал­ғым келеді. Ең ақыры, қа­сиетті Құран кітап та араб тілінде жазылған емес пе?»

Қазығұрттық оқырман осындай ой айтады. Бас мүфти бұған не дер екен?

Ә. Науайы

«Замана» газеті