«Қазақстан» Ұлттық арнасының тілшісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі

Мөлдір Нұрман (1-суретте) ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, дат айтты. Себебі, телеарнаның ақпараттық саясатына сын айтқаны үшін Мөлдір Нұрманды «Қазақстан» басшысы Нұржан Мұхамеджанова (2-суретте) жұмыстан шығарғалы жатыр. Мөлдір Нұрманның жазуына қарағанда, «Қазақстан» телеарнасында болып жатқан былық-шылық жөнінде салалық министрлікке бұған дейін хат жолданған. Бірақ, одан нәтиже болмапты. Сондықтан, әділдік іздеген журналист Елбасыға арыздануға мәжбүр болып отыр.

Төменде журналистің Елбасыға жазған хатын жариялап отырмыз.

Қазақстан Республикасының Президенті,
«Нұр Отан» Партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевқа!

Аса қадірлі Елбасы! Сіздің бір жолы кез-келген деңгейдегі әкім-қаралардың БАҚ өкілдерінің еркін сөйлеуіне кедергі келтірмеуін бұйырғаныңыз, есімізде. Өкінішке орай, мемлекеттік тапсырысты алға тартып, міндетсінетін министрліктер де жетерлік. Аймақ басшылары жергілікті журналистерге жақ аштыртпайды. Бұқараға белгілі мәселелерді жасырады. Ал, қазір халықтың «көзі ашық, көкірегі ояу». Атқарушы биліктен әділет таппаған жұрт Сізге де, бізге де жазады. Таяқтың бір ұшы түптеп келгенде, мемлекетке сын боп тиеді. Мен «Қазақстан» Ұлттық арнасының тілшісімін. Осы телеарнаның Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысындағы филиалдарында, Алматы қаласында жұмыс істеп, Астана қаласына ауысқаныма 3 жылдай болды. Жалпы он жылдық еңбегімді ескермей, басшылық мені жұмыстан шығарып жатыр... Аз уақыт бұрын, «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанова: «ҰҚК-нен қағаз келді» деген соң, неғылған қағаз екенін білу үшін алдына бардым. Сұрадым. Ол кісі «Ешқандай қағаз келген жоқ. Біреулер ауызша айтты» деп алдады. Сол жерде Оңтүстіктегі мақта шаруашылығына қатысты жазған мақалама килікті де, мені жұмыстан шығаратынын айтты. «Сен үлкен кісілерге тиісіпсің» деді. «Біздің елде бір-ақ үлкен кісі бар. Ол – Елбасы! Ал, сіз меңзеп отырған әкімдер – халықтың құлы. Президенттің тапсырмасын орындамайтын оларды сынағанда тұрған не бар? Демек, сіз Елбасыға қарсы адамсыз» дедім. Содан тілім жазықты болып қалды. Әкімдердің ықпалымен жұмыстан шығару – әдетке айналып барады. Бұған дейін Қызылорда облысының экс-әкімі Болатбек Қуандықовтың «қудалауымен» сол өңірдегі меншікті тілшіміз жұмыстан қуылды. Одан кейін Павлодар облысындағы меншікті тілшімізді де жұмыстан шығарып жібере жаздады. Республикалық деңгейдегі БАҚ өкілдеріне аймақ әкімдерінің пәрмені жүрсе, біздің басшылардың дәрменсіздігінен деп білеміз. Әкім Асқар Мырзахметовтен Оңтүстіктің жұртына менің қадірім артық. Сол сияқтылардың өз жұмыстарына салғырттықтарының «арқасында» жинаған абыройым. Облыс әкімдері журналистердің сөзін аңдығанша, өз міндеттерін дұрыстап атқарса игі еді. Сіздің осы уақытқа дейін барлық айқандарыңызды «атылған оқтай» қабылдаса, еліміз әлдеқашан өркендеп кетер еді. Біз Сізге қолдау көрсетейік, ең болмаса сөз жәрдем етейік десек, әкімдер мен олардың идеология жөніндегі орынбасарлары тілімізді «тұсаулайды». Біз ел үшін тер төгіп, партияның абыройы үшін еңбек етсек, бұлар жемқорлыққа барады, халықты ашындырады, кері әрекет етеді. Аса қадірлі Елбасы! Үкімет мүшелерімен өткізген кеңейтілген отырыста көтерілген барлық мәселе көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Оның ішінде БАҚ-қа қатысты айтылғанның бәрі де маңызды. «Қазақстан» Ұлттық арнасына қарасты «Балапан», «Мәдениет», «Қазспорт» телеарналары мен «Қазақ радиосы», «Шалқар радиосы», «Астана радиосы»-ның бас-басына бір-бір директор басқарады. Басқарма төрайымының орынбасарларынан бөлек, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының өзінің директоры да, директордың орынбасары да бар. Соңғы бір жылда пайдасы шамалы департаменттер құрылды. Шығармашылық топтан тыс, қаншама штаттық бірліктер ашылды. Тілшіден бастық көп, бізде. Бізде біреу жақпай қалса, қызмет орнын «жойып» құтыла салады. «Қазақстаннан» басқа телеарналардың бәрінде кадр тұрақтылығы сақталады. Өз ішінен пісіп-жетілген мамандар бастық болады. Ал біздің Ұлттық арнаға «көлденең көк аттылар» кезіккіш. Бірер жыл істеп кететінін білгендіктен, не ұжымды, не мемлекеттің ақшасын аямайды. Соңғы 15 жылда Ұлттық арнаны басқарғандар корпорацияға тиесілі ғимараттардың бәрін сатып жіберген. Ұлттық арнаға Нұржан Мұхамеджанова келген бойда бұрын болған «гонорарлық жүйе» алынып тасталды. Үш жылдан бері техника жаңартылмады. Түсірілім тобын тасымалдайтын көліктер күнде бұзылады. Қазір, «Қазмедиа-орталығының» мүлкін пайдаланудамыз. Арнаның жылдық бюджеті 16 миллиард теңгені төңіректейді. Материалдық-техникалық мұқтаждықтар өтелмесе, шығармашылық топтың жалақысы көтерілмесе мемлекеттің миллиардтары қайда жұмсалуда? Ұлттық арнаның өз өнімі 73-ақ пайызды құрайды. Қалған хабарларды жеке студиялардан сатып алады. Ұлт басына опа бермейтін сериалдар да тапсырыспен түсірілуде. Бұл – ақшаны қымқыруға да, жымқыруға да қолайлы. Аутсорцингтік компаниялардың басшыларымен келісіп, есеп-шоттарына артығымен ақша аударып, үлес алудың әдемі әдісі. Мұны тексерген күнде де Қаржы полициясы да дәлелдей алмайды. Сол себепті, Республика бюджетінен қосымша қаржы бөлу - ақшаны ысырап ету болмақ. Былтырдан бері ресейлік журналистерді шақыртып, шеберлік-сыныптарын өткізуде. Олардың келіп-кетуіне Ұлттық арна есебінен қыруар қаржы төленді. (Біраз БАҚ-да 30 мың доллардан төленгені жазылды). Өз ортамыздан ақылшы табылмай қалғандай, ресейлік журналисті корпорацияға кеңесші етіп алды. Оларды еліміздің ішкі саясатына араластырды. «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, «Шүкір», «бұйыртса» дегендейін атамзаманнан айтылып келе жатқан сөздерді жазуға тиым салды. «Ақорданың тапсырмасы» деді. Мұны естіген көрермен «шулап» сала берген соң, төрайым «Мен олай деген жоқпын» деп айтқанынан айнып шыға келді. Мемлекеттік телеарнаға мемлекеттік саясатты мықтап меңгерген адам басшы болуы керек. Және де командалық ауыс-түйісті телеарналарда да доғару қажет. Ұлттық арнаның бас есепшісінен бастап, кадр бөлімінде бұрынғы қызметкерлерден бір адам қалмай, түгел жаңадан келді. Сыбайлас жемқорлыққа жол беретін жәйт. Осыған дейін де мені жұмыстан шығаруға әрекет етіп, екі күннің ішінде қызмет орнымды жойып жіберіп, бала күтімінде жүрген тілшінің орнына қабылдады. Енді оның тура ертең 29-қазанда жұмысқа шығатынын айтып, маған бүгін 28-қазанда жұмыстан кетуім керектігін хабарлады. Жаңалықтар дирекциясының Бас редакторының үстінен 5 адамнан арыз түссе де, оған шара қолданбады. Ол – Ұлттық арнаның «Алтын қорындағы» дүниелерді талан-тараж етті. Корпорацияның жарғысы бойынша бұл қылмыс саналады. Соның салдарынан маған психологиялық қысым көрсетіп, ұжымдық жиналыс өткізді. Ал, хаттамаға менің айтқан сөздерімнің жартысын енгізбеді. Қол да қойдырмады. Төрайым мені түсірілімдерден шеттетті, тентекке теңеді. Бір жылдық еңбегімді жоққа шығарып, Кәсіби мерекемізде берілетін Заңды сыйақымды төлемеді. Бірде-бір «Еңбек Кодексінде» көрсетілгендей мереке күндерде істеген жұмыс үшін ақы төленбейді. Корпорацияның ішкі жарғысында қызметкерлерді жұмыстан шығармас бұрын, ескертіп айту қарастырылмаған. Кез-келген уақытта ескертусіз жұмыстан шығару – ҚР «Еңбек Кодексінің» талаптарына қайшы емес пе? Әркім өз ыңғайына қарай Жарғы жасақтап алатын болса, мен сияқты талай адам ескертусіз далада қалады екен ғой. Қалай болған күнде де менің Конституциялық құқым тапталып отыр.

Аса қадірлі Елбасы! Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Көзімді ашқалы Ұлттық арнада сіңіріп келе жатқан еңбегімді елемей, сыртқа тепкен, жай тілшілік қызметті қимаған қазір басшылықтың маған көрсеткен қысастықтарынан арашалап алуыңызды, Заң орындарының Корпорацияны тексеруге ықпал етуіңізді өтінуге мәжбүрмін. Өйткені, «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанова «Президент қалды айтпаған» деген. Ал, менің халықтан басқа сүйенерім жоқ.

Үлкен құрметпен: «Қазақстан» Ұлттық арнасының тілшісі,
Астана қаласының тұрғыны,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі

Мөлдір Нұрман