Кеше Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында екі күнге созылған ақындар айтысы аяқталды. Дінмұхамед Қонаевтың мерей тойына орай өткізілген «Қонаевтай ер қайда?» атты айтысқа 36 ақын қатысып, бақ сынасты. Бес мың адам сыйатын спорт сарайы екі күн бойы лықа тола болды.

Айтыстың мақсаты Дінмұхамед Қонаевтың елге сіңірген ерен еңбегін жырлау болғанмен ақындар тақырыптан ауытқып, еркін сілтеді. Өткен жылдың желтоқсан айында Жаңаөзенде болған қайғылы оқиғаны айтып қалуға ойыса берді. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысының ақыны Бауыржан Халиолланың Жаңаөзен қасіретіне қатысты жыры ащы шықты. Адуынды ақын сөзінің соңын «жазықсыз жандарды қанға бояғандар жауапқа тартылсын» деп түйіндеді. Ол бұған дейін де Жаңаөзен оқиғасына қатысты өлеңмен жазылған ойын баспасөзде жариялаған. Мұның алдындағы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілген айтысты сынға алып, айтыстың ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманға және әділ қазылар алқасына қаратып сөз айтқан. Осы жағдайлардың қайсысы себеп болғанын қайдам, бұл жолы да айтыстың алғашқы күнінде әділ қазылар алқасы Бауыржан Халиолланың ұпайын қарсыласына қарағанда әлдеқайда төмендетіп берді. Бұған наразы болған көрермен халық келесі жұптың шығуына кедергі жасап, қол соғып тұрып алды. Амалы құрыған әділ қазылар алқасы Бауыржанға ұпай қосуға мәжбүр болды. Сөйтіп, ол айтыс додасының келесі айналымға ілікті.

Айтыс қорытындысы бойынша, бас жүлде – «Мицубиси Паджеро» джип көлігі Аманжол Әлтаевқа бұйырды. Ол - Жезқазған жақтың тумасы, Ж.Ерман мен Б.Тілеуханның жерлесі. Бірінші орынды алған жетісулық ақын Жандарбек Бұлғақов «Тойота Королланы» иемденді. Екінші орын үшін тігілген бәйге - «Шевролені» Айнұр Тұрсынбаева мінді. Ал Бауыржан Халиоллаға 3-ші орын тиді. Оған «Жигули» машинасының құны» деп, көліктің ақшасы берілді.

Бұл жолғы айтысқа Алматы облысының тумалары Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев және Шалбай Құлмаханов демеуші болып, бәйге тікті.

Әлнияз Бестемір