Расын айту керек, соңғы кезде елімізде діни оппозиция құрылып жатыр, құрылмақшы, я құрылады екен деген қаңқу сөздер жиі айтылып қалып жүр. Анық-қанығын әлі ешкім нақты білмейді. Хабарласқан басылымның саяси бағдарына байланысты, құбылта салатын кейбір дәйексіз саясаткерлер болмаса, діни топтар арасында оппозиция «бар» немесе «жоқ» деп батыл байлам жасаушылар да әлі шыға қойған жоқ. Десе де, әртүрлі басылымдар мен ғаламтор бетіндегі діни материалдардан діни оппозицияның «иісін» тауып алып жататындар да жоқ емес.

Білетіндер елімізге діни оппозиция түсінігін алғаш «алып келген» адам қазақтың қашқын шенеунігі – Мұхтар Әбіләзов деседі. Ара-тұра қазақ билігін сынап, қоғамдағы оқиғаларға қатысты өз бағасын беріп тұратын Әбіләзов мырза осыдан біраз бұрын «Қазір Қазақстанда радикалды ислам топтары көбейді. Елде радикалды оппозицияның пайда болуына биліктің өзі түрткі болып отыр. Өйткені соңғы кездері билік «негізгі емес» діни ағымдарға қатысты репрессияны күшейтті. Өзге көзқарастағыларды заңсыз «аулауға» көшті, – деп салған ғой.

Мұнымызбен әрине, діни оппозиция сөзінің негізгі авторы, бірден-бір патент иесі Мұхтар Әбіләзов деп баға беруден аулақпыз. Діни оппозиция (қайсыбіреулер «ислами оппозиция» деп жатады– ред.) бұрыннан бар түсінік. Тек Әбіләзовтің осы бір сөзінен кейін дуылдап сала бергені болмаса.

Кезінде өздерін «ең элиталы діни топпыз» деп есептеп келген сопылардың көсемі Исматулла қаридың тұтқындалуы да діни оппозиция ұғымын ушықтырып жібергендей. «Зікіршілерді түнекке тыққан уаһабшылар екен. Солар тапсырыс беріпті. Бұл елдегі діни оппозицияның күшейіп алғанын көрсетеді», – деп, тағы бір топ өзінше бал ашып жатты. Бәлкім рас та шығар. Бірақ сол оқиғалардың арқасында қазақтың дархан даласында өздерін сопылар, салафиттер, құраниттер, уаһабтар деп атайтын бірқатар діни күштердің «тұқымы» өніп келе жатқанын аңғарып қалдық. Аңғардық та, аяғымызды тарта бастадық. Жазғыштарға жаңа тақырып табылып, «қауіптің бәрі – Қытайдан...» деп сарнайтын сарапшылар күтпеген жерден дінге шүйлігетінді тауып алды. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Расымен де, діни оппозиция деген не өзі? Жұрт мұны кейде жақсы дүние екен десіп жатады, өйткені радикалды діни топтар өзара тартысып-тартысып ақыры құрып тынады-мыс. Таза ислам жолы қалады дейді. Аузыңа май дегіміз-ақ келеді. Бірақ... Діни идеологиялық көзқарастары үйлесе бермейтін үш ағым – нақышбандия сопылары (Бұхара мектебі), гүленші-нұршы сопылар (Түркия мектебі) және уаһабшы салафилер (Саудия мектебі). Бір қызығы, бұл үш ағымның өкілдері де «Әбу-Ханифа жолын ұстанамыз» деп айтудан танған емес. Ендеше оларға не жетпейді? Билік пе? Дөп түстіңіз. Көздегені – ҚМДБ және оған қарасты мешіттер мен медреселердегі үлкен садақа жәшіктері. Яғни діни оппозиция деп жүргеніміз – Діни басқармаға оппозиция болып шығады. Бұрынырақта «діни оппозицияға қатысты пікірін білдіріп отырып «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай: «Дін – үлкен қару. Дінді кейбір сыртқы күштер оппозициялық қару ретінде пайдалануы мүмкін. Қазақстандағы кейбір оппозиция өкілдері де дінді жамылып, дін арқылы күреске шығуы мүмкін. Бұдан сақтану керек. Қазіргі қаптап кеткен ағымдарды, сансыз секталарды ауыздықтамасақ, діни оппозициялық ұйымдардың пайда болуына әкеп соқтырады», – деген еді. Бір қызығы осы сөздің авторы Қайрат мырзаның өзі де қып-қызыл оппозиционер атана жаздады. Атанып та үлгерді. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде «Қайрат Жолдыбай оппозицияның көсеміне айнала ма?» деген (тақырыбы құр сенсация үшін қойылған болуы керек) материал жарияланды. Авторы – Серік НҰРПЕЙІС. «Қазақстанды кезіп жүрген көтеріліс елесі мешіттерден көріне бастады... Оппозиция аяқ астынан діншіл, құран бағыштағыш болып кетті... Енді оларға имам (Қайрат Жолдыбайды айтады – автор) дем беріп отыр. 16 желтоқсанда қаза болған жаңаөзендік бауырларымызды да шахидке теңеп, жұрт көңілін күтпеген жаққа бұрып жіберді..», – дейді мақала авторы. Сонымен қатар, С.Нұрпейіс мырза: «...негізі Жаңаөзендегідей жағдайда қаза болғандардың өлімі ислам ғалымдарының пәтуасы бойынша шахид үкіміне кірмейді. Ол туралы біздің мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі де атап айтып, жаңаөзендік ереуілшілердің жақындарын тыныштыққа шақырып, басу айтқан. Ал Әзірет Сұлтан мешітіне жиналған жұрттың көкейіне Жаңаөзен ереуілшілері дұрыс істеген екен ғой, алаңға шықсаң, билікке қарсы күресіп, өлсең шахид болады екенмін деген түсінік құйылып жатты. Құйып жатқан Қайрат Жолдыбайұлы», – деп айды аспанға шығарған. Ал имамның өзі бұл мәселеге салмақты жауап беріпті. Айтуынша, шынайы исламның жауларының ісі. «Олар Ханафи мәзһабының қоғамда салтанат құрғанын қаламайды. Дәстүрлі дініміздің тереңнен тартқан тамырына балта шауып, өздерінің идеологиясын тықпалағысы келеді. Сондықтан да, олардың мақсаты – ханафи мәзһабын жіті меңгерген сауатты мамандарды қаралап, беделін түсіру», – дейді «Әзірет Сұлтанның» бас имамы Қайрат Жолдыбай.

Неге Қайрат Жолдыбай? Өйткені ол ҚМДБ-ның төрағасына лайық бірден-бір адам саналады бүгінде. Өл, тіріл жұрт солай деп біледі. Бұл материал Діни басқарманың бұйдасы гүленші-нұршы сопылардың (Қайрат Жолдыбайды осы ағымның өкілі дейді жұрт) қолына өтіп кете ме деп жанталасқан уаһабшы салафилердің қолтаңбасы-мыс. Оның үстіне Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі денсаулығына байланысты қызметінен кетуі мүмкін деген сыбыстар айтылып жүргені тағы бар. Рас болса осы жылдың 14 сәуірінде «Нұр-Мүбарак» ислам университетінде өткен ҚМДБ-ның кезектен тыс VI құрылтайында-ақ Ә.Дербісәліні ауыстырмақ болған көрінеді. Бірақ Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріп Бас мүфти орынтағынан үміттілерді жаратпай тастаған. Себебі, бас мүфтиліктен дәмелі үш кандидаттың (кейбір басылымдар бұл үшеуінің Қайрат Жолдыбай, Әбсаттар Сманов, Қалижан Заңқоев екендіктерін айтады) үшеуі де Дін істері жөніндегі агенттіктің жүргізіп жатқан реформасын қолдамайды. Яғни агенттік Әбсаттар Дербісәлі сияқты ешбір діни ағымға бұра тартпайтын «жаужүрек» тұлға іздеп шарқ ұрып жатыр-мыс.

Кейбір сарапшылар елімізде діни оппозицияның пайда болуының алғы шарттары бар екенін айтады. Ең қорқыныштысы, діни ұйымдардың саясатқа араласа бастауы болып отыр. Иманы бір болса да, мүддесі қабыса бермейтін діни ағымдардың жоқ жерден ілік іздеп, бір-біріне күйе жағуы да осыны көрсетсе керек. Ол аздай соңғы кездері діни ағымдардың дауы, түрлі лаңкестік оқиғалар тым жиілеп кетті. Бұл әрине көңілге қорқыныш ұялатпай қоймайды.

Бүркіт Нұрасыл

«Халық сөзі» газеті