Қазіргідей әлеуметтік желілер дамыған заманда жоғарыға арыз жазу аса қиын болмай қалды. Себебі ғаламтордың көмегі арқылы біреуді қаралаған арызды сол заматта-ақ тиісті министрдің блогына жіберуге мүмкіндік мол. Осы орайда еліміздің ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың жеке блогына түскен бір арызға тоқталғанды жөн көрдік. Ол Оңтүстіктен өлеңмен жолданыпты. Соған қарағанда, арыз иесінің өлең деген киелі ауылдан аздап хабары бар сияқты.

Автор аталған «еңбегін» Оңтүстік Қазақстан облыстық ма­мандандырылған күзет басқармасының бастығы Болатбек Мүсірәлиевке арнапты.­ Білдей бір мекемені басқаратын азаматты қарғап-сілеп отырып жазылған арыз «Жерден түк шықты, екі құлағы тік шықты...» деп басталған.

«...Астанаға жанайқай қойды-ау жетпей,

Қаралмады арыздар, қалды өтпей.

Күйгендіктен шырылдап нәлет айттым,

Жәңгір ханға қапа болған Махамбеттей», – дейді автор. Одан соң қыза-қыза келе Махамбет Өтемісұлының Жәңгір ханға айт­қан «Хан емессің, қасқырсың...» деп басталатын өлеңінің бір шумағына «жиендік» жасапты. Яғни өлеңнің бас жағындағы «Хан» сөзін «Бастықпен» алмастырған. Ары қарай «шығармасының» бір жерінде:

«Сені бастық қойғанның аты өшсін!

Бар бәлекет жабысып елден көшсін.

Тыңдар құлақ табылып жоғарыда,

Шайлаңды тігіп, министр сені сөксін!

Сегіз жүз адамға көрсеттің зәбір,

Бір адамда қалмады қасиет-қадір.

Сәтбайдың тырнағына татымайсың,

Аяқ-қолың істемей әдірем қалғыр!» – деген ашу-ызаға толы сөздер бар.­

Арыз авторы Б.Мүсірәлиевтің екі бірдей орынбасарын, сондай-ақ кадрлар басқармасының бастығын да оңдырмаған. Ал соңын:

«Қиналдық әбден, мұндайды бұрын кім көрген?

Әрине, аулақ болсын, айтқан жерден.

Шыдамның да шегі бар, тыңдаңыздар,

Қайталанып жүрмесін Арқанкерген», – деген ескертумен аяқтаған. Сонда автор мұнымен не айтпақшы? Мақұл, ол өзінің бастығына ренжулі екен, ал Арқанкергеннің бұған не қатысы бар?

Бастыққа арналған бұл өлеңнің соңында: «Бүкіл жеке құрам атынан басқарманың бас ақыны Асқар» деп жазылған. Бірақ «бас ақын» өзінің тегін көрсетуді жөн көрмепті.

Біз осы арызда айтылғандарға байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған күзет басқармасының бастығы Болатбек Мүсірәлиевке хабарластық. Ол мәселеден хабардар екен.

«Мен ол өлеңді көрген жоқ едім, жігіттер әкеліп берді. Басқармада Асқар есімді қызметкерлер көп. Сондықтан бәрімен сөйлестік. Арызды жазған өзге адам сияқты. Себебі бұған дейін арамызда түрлі себептерге байланысты жұмыстан босаған азаматтар бар. Мүмкін сондай адамдардың ісі ме екен? Бұл мәселеге байланысты облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеу жұмыстарын жүргізген. Дегенмен арыз жазған адамның кім екені белгісіз. Өзім ешкімді күдікті дей алмаймын. Меніңше, бұл біреулердің әдейі жасап отырған ісі. Өйткені өмір болған соң түрлі адамдар болады емес пе?» – дейді Б.Мүсірәлиев.

3-ші қыркүйекте Б.Мүсірәлиев мырза аттестацияның қоры­тындысы бойынша осыған дейінгі атқарып келген қызметінен босады. Оған енді өзі қызмет еткен мекемеде бастықтың орынба­сары қызметі бұйыруы мүмкін. Әзірге ол жоғарыдан бұйрық күтіп отыр. Ал оған арнап өлең жазған Асқардың кім екені әзірге жұмбақ. Бұл өзі тасада тұрып тас атқан адамның ісі ме, әлде мұның өзге бір себебі бар ма екен?

Ш. Бақтияр

«Замана» газеті