Оксфорд университеті мен Global Challenges қорының жанындағы Future of Humanity институтының ғалымдары адамзатқа төніп тұрған аса ірі қауіп-қатерге тұңғыш рет ғылыми баға берді. The Financial Times тілшісі Клайв Куксонның мақаласында жазылғандай, зерттеу авторларының бірі Деннис Пэмлин ғалымдардың мақсаты үрей туғызу емес, бірақ бұл проблемаларды талқылау керектігіне саясаткерлердің назарын аудару екендігін айтты.

Ғалымдар алдағы 100 жылда жердегі адами өркениеттің жойылу ықтималының қаншалықты екенін есептеген жоқ. Бірақ Стюарт Армстронг атап көрсеткендей, «Егер біздің жойылуымыздың қатері 5% төмен деп айтсақ, онда бұл болашаққа соқыр сену болар еді». Газетте ақырзаманға апаратын 12 сценарий атап көрсетілген.

  1. «Алдын ала ескерілмеген салдар». Бұл біз ойланбаған немесе болуы неғайбыл болып көрінетін барлық қатер. Бірақ бұл себеппен ақырзаман болу ықтималы - 0,1%.

  2. Жердің астероидпен соғысуы. Болу ықтималы - 0,00013%.

  3. Жасанды интеллект қатері. Машиналар әлемді жаулап алып, адамдарды жояды деген қатердің іс жүзінде қаншалықты мүмкін екенін ешкім білмейді. Болу ықтималы – 0-10%.

  4. Алып вулканның атқылауы, дәлірек айтқанда, бұл атмосфераға сан мыңдаған текше метр шаң-тозаңның түсуінен «вулкан қысының» басталуы, бұл жағдайда биологиялық түрлердің бәрі өліп жойылады. Болу ықтималы - 0,00003%.

  5. Жаһандық экожүйенің жаппай күйреуі: планета өзінің сан миллиардтаған халқын асырай алмайды. Бұл жерде беймәлім факторлар өте көп. Болу ықтималы - белгісіз.

  6. Жаһандық деңгейде мемлекеттік басқару жүйесінің нашар болуы. «Мұның бір мысалы өте білімсіз әрі жемқорлық жайлаған жаһандық диктатураның пайда болуы». Болу ықтималы - белгісіз.

  7. Жаһандық жүйенің жаппай күйреуі – «экономикалық және (немесе) әлеуметтік күйреу, соның ішінде тәртіпсіздік орнауы және заңдылықтың құлдырауы». Болу ықтималы - белгісіз.

  8. Климаттың төтенше сипатта өзгеруі. Жаһанда климат Цельсий шәкілі бойынша 6 градусқа немесе одан да қатты жылуы мүмкін. Бұдан адамдар аштық пен әлеуметтік қатты күйзелістен жаппай өліп, өркениет жойылуы ықтимал. Болу ықтималы - 0,01%.

  9. Ядролық соғыс. Өркениет бомбалардың жарылуынан ғана емес, «ядролық қыстың» - яғни атмосфераға тасталған ядролық қоқыстан жерге күннің сәулесінің түспеуінен де жойылуы мүмкін. Болу ықтималы - 0,005%.

  10. Емдеуге болмайтын, адам өліміне әкелетін және қатты жұғатын, инкубациялық кезеңі ұзақ қандай да бір аурудың ғаламдық пандемиясы. Болу ықтималы - 0,0001%.

  11. Синтетикалық биология: адамдарды немесе экожүйенің белгілі бір негізгі бөлігін жоятын гені модификацияланған патогеннің адамдардың бақылауынан шығып жайылып кетуі (кездейсоқ немесе әскери агрессияның нәтижесінде). Болу ықтималы - 0,01%.

  12. Нанотехнологиялар. Бұл өздігінен көбейетін наномашиналар ғаламды басып алса болатын жағдай. Болу ықтималы - 0,01%.

Inopressa