Украина Саакашвилиді күштеп шекара сыртына шығарып тастады

Украина Саакашвилиді күштеп шекара сыртына шығарып тастады

Киевте ұсталған "Жаңа күштер рухы" қозғалысының лидері Михаил Саакашвилиді 12 ақпанда Польшаға күштеп депортациялаған. Ол Варшаваға ұшып келді. Чартерлі рейс Борисполь әуежайынан жергілікті уақыт бойынша 16.00 шамасында ұшып шыққан. УНИАН агенттігі дереккөзіне сілтеме жасап, оны депортацияламағанын, тек елге қай жақтан заңсыз кірді, сол жаққа қайтарғанын жазады.

Радио Свобода тілшілерінің хабарлауынша, саясаткерді дүйсенбі күні мейрамханада отырған кезінде, бетперде киген бір топ адам ұстап, белгісіз бағытқа алып кеткен. Әзірге Саакашвилиді кімдердің ұстағаны белгісіз. Украина қауіпсіздік қызметі бұл іске еш қатысымыз жоқ деп мәлімдеді. Радио Свободаға Киевтегі дереккөз, Михаил Саакашвилиді Украина мемлекеттік шекара қызметінің қызметкерлері ұстағанын хабарлаған. "Украинская правда" басылымына Саакашвилидің ұстағаны жөнінде "Жаңа күштер рухы" лидерлерінің бірі Юрий Деревянко хабарлаған. Ол Саакашвилиді "Cулугуни" мейрамханасында "Мемлекеттік шекара қызметі" деген жазуы бар күртеше киген адамдардың алып кеткенін айтқан.

Былтыр Украина президентінің жарлығымен Саакашвилиді бұл елдің азаматтығынан айырған. Оған негіз себеп — Грузияның экс-президенті елінде өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын хабарламаған. Саакашвили миграциялық қызметке саяси босқын мәртебесін беруді сұрады. Бірақ Киев соты бас тартты. 5 ақпанда Украина Жоғарғы соты да саясаткерге саяси босқын мәртебесін беруден бас тартты. Сол кезде Саакашвили Киев мені Польшаға депортацияламақ ойлары бар деп мәлімдеген.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оған Украина президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы қызметін ұсынған еді. Бірақ Саакашвили 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін президентті қатты сынай бастаған.

Былтыр Саакашвили шетелде жүрген кезде президент Порошенко оны Украина азаматтығынан айырған. Бірақ қыркүйекте Саакашвили жақтастарының көмегімен Польша жақтан шекараны бұза жара  Украинаға кіріп, Порошенкоға қарсы оппозициялық топтың жетекшісіне айналды. Ол осы ісі үшін бірнеше рет сотқа тартылған. Украина билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптайды. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп айтады. Осы текетрес енді Саакашвилиді күштеп «елге заңсыз келген жағына» шығарып тастауға апарып отыр.

Айдары:  Найзағай
13.02.18
60 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.