Шетелге қашып, қайтып келген Марғұланнан қайыр бар ма?

Шетелге қашып, қайтып келген Марғұланнан қайыр бар ма?

Шетелге қашып кеткен «Альянс-Банктің» бұрынғы басшысы Сейсембаев Қазақстанға қайтып оралды. Бұл оқиға  БТА банктен Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластары жымқырған қаржыны жасыруға қатысы бар  деген айып тағылып, қамауда отырған бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің  жағдайын қиындата түседі. Өйткені, Марғұлан Сейсенбаев  Ескендір Ерімбетовтің бизнестегі әріптесі болған. Тергеушілер осы іс бойынша оны жауап алуға шақырғанда, ол шетелге тайып тұрды. Біршама уақыттан кейін өзінің қауіпсіздігіне «жоғарыдағы кісілер» уәде берген соң, Қазақстанға қайта оралып отыр. Яғни, оның Е.Ерімбетовке тағылған «БТА банктің қаржысын жымқырды» деген айыпты дәлелдеу қомақты үлес қосатынын болжауға болады.

 

БТА банктен жымқырылған миллиардтаған қаржыны жымқыруға қатысы бар деп айыпталып, тергеу абақтысында отырған Ескендір Ерімбетовті Марғұлан Сейсенбаевпен байланыстырып тұрған K-Mobile мен «Бител» компаниясы. Қазақстан азаматтары акциясының көп бөлігін иеленген бұл компаниялар 2002-2006 жылдар аралығында Ресейдің ұялы байланыс саласындағы компанияларына сатылып кетті. Марғұлан Сейсенбаевтің баспасөзге сол жылдары берген сұхбаты бойынша, сатылымнан түскен өзіне тиесілі қаржыны ол «Альянс» банкті құруға жұмсаған. Ал Ескендір Ерімбетов «өзінің ақшасын» «Қарағанды конфеттері» зауытына иелік етуге және тікұшақ тасымалы қызметімен шұғылданатын «Sky Service» фирмасын құруға жаратқан.

 

Әзірге  Е.Ерімбетовке қатысты айыптаудың ішінде оның «Sky Service» ЖШС арқылы бюджеттің 1 млрд теңгеге жуық қаржысын жымқырғаны анық айтылады. Бұл іске Марғұлан Сейсенбаевтің ешқандай қатысы болмауы мүмкін. Сондықтан бюджет қаржысын жымқыруға байланысты айыптауды негіздеу М.Сейсенбаевтің қатысуынсыз-ақ жүзеге асырылады. Барлық гәп K-Mobile мен «Бител» компанияларындағы Е.Ерімбетов пен М.Сейсенбаевтің әріптестігі төңірегінде болмақ. Әрине, тергеушілер үшін М.Сейсенбаевті БТА банктен М.Әбілязов пен оның сыбайластары жымқырған мол қаражатқа қатысты ету қиын шаруа. Ал оның осы бізнестегі әріптесі болған Е.Ерімбетовтің жымқырылған БТА банк қаржысына қатысын дәлелдеу қиын емес. Себебі, Ескендір Ерімбетовтің туған қарындасы Ботагөз Жәрдемәлі Мұхтар Әбілязовтің ең сенімді адамы болды, БТА банктің несие беретін департаментінде лауазымды қызмет атқарған. Ол БТА банктен М.Әбілязовке қаржы жымқыруға көмектескен адамдардың тізімінде басты фигурант саналды. Оның банктен талан-таражға түсіп, кредит ретінде беріліп жатқан мол қаржыдан жырымдап туған інісіне де бір бөлігін бермей қалмауы мүмкін емес. Тіпті мұндай қаржы жасырудың күрделі схемасына Ескендір Ерімбетовті қатыстыру Мұхтар Әбілязовтің тікелей нұсқауымен жүзеге асырылғанын жоққа шығаруға болмайды.

О бастан арнайы жоспар құрып, құпия жүргізілетін қылмыстық сипаттағы қаржы операциясының бүге-шігесін анықтау қиын. Бұл күрделі мәселенің күрмеуін шешу үшін Ескендір Ерімбетовпен иық түйістіріп бірге жүріп, бірге бизнес жасаған Марғұлан Сейсенбаевтің көмегіне тергеушілер зәру екені анық. Тергеу органдары бұған дейін де БТА банктен қаржы қымқыру ісін анықтауда Мұхтар Әбілязовтің орынбасары қызметін талай жыл атқарған Жақсылық Жарымбетов сияқты ішкі құпияны жақсы білетін адамдарды пайдаланған. Олардың тергеуге жасаған көмегі үшін сот қылмыстық жазасын жеңілдеттіп, шартты жазаға кесті. Осы оқиғалардан хабардар болып жүрген Марғұлан Сейсенбаевтің Е.Ерімбетов ісіне қатысты тергеуге шақырғанда зәресі ұшып шетелге қашып кеткені қызық болды. Әрине,  бұл жерде оған қатыстырып «Ұрының арты қуыс» деген мақалды айтуға болмайтын шығар.

Марғұлан Сейсенбаевтің өмірбаянын қарап отырсақ, оның болмашы нәрсеге үрейленіп кететін дүрлікпе мінезді адам екенін байқаймыз. 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін М.Сейсенбаев пен оның бауыры иелік ететін «Альянс» банктің қаржы саясатына ревизия жүргізіліп, тексеру басталғанда да Марғұлан Сейсенбаев үрейге беріліп шетелге қашып кеткен. Сөйтсек, бұл іс «қорыққанға қос көрінедінің» шеңберінен шыға қоймайтын шаруа екен. М.Сейсенбаев шетелде біраз жатып, бәрін ой елегінен өткізіп, үрейі басылған соң Қазақстанға келіп «Альянс» банктегі қаржы ысырабына қатысты жауап берді. Бұл істе ол тергеуге көп қолғабыс жасағаны анық. Сол қызметі үшін Марғұлан Сейсенбаев 2 жыл шартты жаза алып құтылған. БТА банктен жымқырылған мол қаржыны жасыруға атсалысты деп айыпталып жатқан Е.Ерімбетовке қатысты  бизнес пен қаржы құйтырқыларын бір кісідей жақсы білетін Марғұлан Сейсенбаев  өзіне мәлім жайтты жасырмай айтып бере алатынына күмән жоқ. Бұл оның азаматтық парызы. Ол сол парызын өтеу үшін Отанына оралды.

Берік Мыңжасар

 

Айдары:  Дүрбі
11.02.18
333 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.