Әлиевтің «аяқталмаған әні»

Әлиевтің «аяқталмаған әні»

Қазақстанда қарулы төңкеріс жасамақшы болды деген айыптаумен ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сырттай 20 жылға сотталып, шетел асып кеткенде  «Нұрбанктің» екі топ менеджерін өлтірді деген күдікпен Австрияда  қамауға алынып, кейін Вена түрмесінде асылып өлген Рахат Әлиевтің елімізде жасаған істері көмескілене бастады. Дегенмен, оның билігі жүріп тұрғандағы заңсыз әрекеттерінң жаңғырығы ара-тұра еміс-еміс естіліп қалады. Бірақ бұған аса көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Талай жыл бұрын жасалған заңға қайшы әрекеттерге қайтадан құқықтық баға беріп, оның себептері мен салдарлы зардабын сараптап, одан бір қорытынды шығару бұдан кейін де болуы мүмкін қателіктің алдын алуға қажет-ақ. Төменде сондай бір оқиғаны құқық қорғау органдары мен оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жақында  Қорғаныс министрлігінің Әскери полициясы бас басқармасының бастығы полковник Тілеухан Басхожаев (суретте ортада) қызметінен босатылды, оны резервке жіберді. Бұл басқарманың басшысы тікелей Қорғаныс министріне есеп береді, әскери полиция  - Қазақстан қарулы күштерінің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылым. Мұндай қызметтен Тілеухан Басхожаевтың шеттетілуі бекер емес. Дегенмен, Қорғаныс министрлігінің оны резервте қалдыруы оңаза ойға жетелейді. Бәрлық гәп –Т.Басхожаевтың әскери қызметке келуінің күмәнділігінде.

 

 

1975 жылы туған Тілеухан Басхожаев 1998 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Келе сала ол әскери қызметке ұмтылды. Бірақ, тағдырдың  жазуы шығар, ол аяқасты сырқаттанып қалып,  сол жылдары академик Мұхтар Әлиев басқарған Сызғанов атындағы хирургиялық ҒЗИ-да оған  операция  жасалды, іш мүшелерінің кейбірі оталды. Мұндай  хирургиялық ауыр операцияны бастан өткерген адам әскери сипаты бар күш құрылымдарына қызметке алынбауы тиіс. Дегенмен, Сызғанов атындағы ҒЗИ бұл мәліметті жасырып қалған сияқты. Бұл құпияның себебі енді ашылып жатыр. Ал азаматтардың әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін құрылатын әскери дәрігерлік комиссия Т.Басхожаевтың денсаулығына көз жұма қарады.  Ол 2000 жылы Алматы аймақтық әскери  гарнизонына  тергеуші болып жұмысқа тұрды, аз ғана уақыттан кейін аға тергеуші, бөлім бастығы, әскери полиция бастығының орынбасары лауазымын алып, оның мансабы шапшаң өсті, Қапшағайдан хан сарайына бергісіз зәулім үй салды , қымбат көліктерді тәпішкеше алмастыра бастады және т.б. Мұның себебі неде?

Бұл сұрақтың жауабын Тілеуханның әкесі Қалила (Қалаш) Басхожаевтың 2009 жылы жазған «Аяқталмаған ән...» атты кітабынан табамыз. Онда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы айтулы рудан  шығып, халыққа танылған азаматтар, автордың туған-туыс, құда-жекжаттары жөнінде жазылған. Кітапта академик Мұхтар Әлиев пен оның ұлы Рахаттың Жаңақорған жаққа жиі сапарлағаны, оларды Басхожаевтар отбасы зор құрметтен қарсы алатыны, бір рудан тараған екі отбасының өте тату тұрғаны баяндалады. Автордың сөз саптау стилінен өз отбасы мүшелерінің өміріне қолында билігі болған Әлиевтердің ерекше ықпал еткені байқалады. «Аяқталмаған ән» басқа емес, әкелі-балалы Әлиевтерге арналған сияқты. Әрине, мұндай жарылқаушылармен Қалила Басхожаевтың баласы Тілеуханның әскери дәрігерлік комиссия тексеруінен кедергісіз өтіп кетуі оңай болатын. Оның үстіне, Рахат Әлиев те 90-шы жылдардың соңында күш құрылымдарының жоғары лауазымды қызметіне келді. Кейін белгілі болғандай, оның бұл салаға бет бұруы мемлекеттік билікті басып алудың тыңғылықты дайындығының алғашқы  қадамы еді. Ол мақсатына жету үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық маңызды қызметтеріне өз адамдарын қоя бастағанын білеміз...

Қызмет карьерасы өте жылдам өскен Тілеухан Басхожаев талай жыл  Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери полиция бас басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.  2017 жылдың басында басқарманың тізгінін түгел қолына ұстаған ол осы күш құрылымындағы қылмыстық әрекеттер мен жемқорлықтың алдын алу үшін әскерилерді бақылау және олардың  жақын туыстарының бұрын біліп-білмей жасаған заңға қайшы әрекетіне мониторинг жасау сияқты директива енгізді. Әрине, «әкесі баласының ісіне жауапты емес» деген принципті былай ысырып қойсақ, Қазақстанның қарулы күштерінің ішіндегі қауіпсіздік шарасы үшін аса қажет профилактика екені даусыз. Әділеттілік тұрғысында мұндай талап шеніне қарамай бәріне бірдей болу керек. Бірақ, әскери полицияның  бастығы болғандықтан ба, полковник Т.Басхожаевты бұл талап айналып өтті. Мысалы, оның  әкесі Қалила Басхожаев 55 жасында зейнеткерлікке шығып алған. Бір қарағанда, мұнда ешқандай заңсыздық жоқ сияқты. Дегенмен, бұрынғы паспорты бойынша 1942 жылдың жазында туған ол зейнеткерлікке шыққан 1996 жылы 55-ке толмаған еді. Неге асыққаны белгісіз, Қалила Басхожаев жасын (06.01.1942ж - 06.01.1941ж) тура бір жылға көбейтіп алды. Әкелі-балалы Әлиевтерге арқа сүйеген Жаңақорған өңірінің сөз айтар ақсақалы осылайша зейнетке ерте шығып алып, бюджетке миллиондаған шығын келтіріп, заңға қайшы жасаған әрекетін ұят көрмеді. Тіпті, ол мұны үлкен жетістік санаған сияқты.

Басхожаевтар отбасындағы заңға томпақ әрекеттер осымен біткен жоқ. Қалила Басхожаевтың үлкен ұлы  Дәулет (1971)  Алматыда дәрігер мамандығын алған. Бірақ ол бұл салада қызмет жасаған жоқ. 2000-шы жылдардың ортасында Мұхтар Әбілязов басқарған БТА банктің құрылымдық жүйесіне кіретін сақтандыру компаниясында азды-көпті қызмет атқарған соң,  өз алдына «Р.А.Мина Тур» туристік фирмасын ашып алды. Мұсылмандарды қажылыққа апарумен айналысатын бизнесмен Дәулет Басхожаев  2010 жылы Тәжікстан – Сауд Арабиясы – Қазақстан арасында халықаралық дау тудырды. Өз елінде қажылық квотаға сыймай қалған Тәжікстанның 270  зейнеткері  Қазақстанның туристік фирмалары арқылы мұсылмандық парыз өтемекші болды. Олар Тәжікстандағы «Тадж-Тур» фирмасының директоры Сайфулла Расулов арқылы «Р.А.Мина Тур» туристік фирмасының басшысы Дәулет Басхожаевпен келісімге келіп, оған 468 мың доллар ақша берді. Бірақ Тәжікстан азаматтары қажылыққа бара алмай қалды. Бұл оқиға туралы «Время» газетінде «Ничего святого, паломники Таджикистана хотели попасть в Мекку через казахстанскую турфирму, но остались без хаджа и без денег» деген мақала шыққан. Алғашқыда Тәжікстан азаматары өздерін алдап, тақырға отырғызып кеткен Дәулет Басхожаевты сотқа бермекші болды. Қазақстан сотында бұл істі қарау үшін 14 мың долларға жуық мемлекеттік баж төлеу керек болатын. Қарызданып-қауқаланып соңғы ақшасын қажылық өтеуге жинап Басхожаевқа берген тәжік зейнеткерлері ондай қаржы таба алмады. Сондықтан олар Алматы полициясына Д.Басхожаевтың үстінен арыз түсірген. Бірақ,  Алматы ІІД тергеу басқармасының майоры Ринат Заитов Д.Басхожаевқа қарсы қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Себебі, Д.Басхожаев Тәжікстан азаматтарынан жинап алған ақшаның 81 мыңын 270 адамға виза рәсімдеуге жұмсағанын, 44500 долларын қажылыққа рұхсат бергені үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ)  есеп шотына аударғанын, 202 500 долларын Сауд Арабиясындағы қонақүйге төлегенін, ал 140 мың долларды осы шаруаны атқарғаны үшін өзінің тапқан таза пайдасы деп мәлімет берген. Бірақ, оның бұл сөзі жалған болып шықты. Арызданушы тараптың сауалына ҚМДБ қажылыққа рұқсат беру-бермеу құқығы жоқ екенін мәлімдеп,  «Р.А.Мина Тур» компаниясынан ешқандай ақша алмағанын айтып ресми хат жіберді. Ал Сауд Арабиясының сыртқы істер ведомствосы қажылық виза үшін ешқандай ақы алмайтынын, бұл виза түрі тегін екенін жеткізіп, Д.Басхожаевтың сөзін бекер деп айтыпты. Бірақ, бұл мәліметтің бәрі Д.Басхожаевқа қарсы «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға жеткіліксіз болып шықты. Есесіне, Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында заңсыздық жайлаған сенімсіз ел ретінде ұятқа қалды.

Бұл оқиғаның осылай өрбуіне сол кездері Қорғаныс министрлінің Әскери полициясы бас басқармасында жоғары лауазымды қызмет атқарған Тілеухан Басхожаевтың қаншалықты ықпал жасағанын біле алмаймыз. Себебі бұл күш құрылымын ішінен ірітуге жол бермеу үшін Президенттің арнайы жарлығымен құрылған әскери полицияның тізгінін қайбір жылдары Әлиевтердің қолпаштауымен осы салаға қызметке келген Тілеухан Басхожаев ұстап алған болатын. Сірә, оған және оның жақын туыстарына қатысты заңға қайшы әрекеттер Қорғаныс министріне мәлім болғанын жоққа шығара алмаймыз. Тілеухан Босхожаевтың қызметтен алынуы соны меңзейді. Бірақ оның резервке қойылуы күдікті күшейтіп тұр. Олай болса, бұл іске  еліміздегі заңдылықты қадағалауға тиіс прокуратура мен қауіпсіздік органдары өзінің құқықтық бағасын беріп, мәселенің басын ашып беруі керек.

Дархан Сәлментегі

 

 

Айдары:  Түтін
10.02.18
2225 оқылды

Пікір саны (6)

Бір топ аудан тұрғындары...

Жаңақорған ауданы, ардагерлер кеңесiнiң төрағасы,ауданның құрметтi азаматы,Құрмет орденiнiң иегерi Шермағанбетов Зинабддин мен ауданның құрметтi азаматы,ардагер-Сыр жанашыры номинациясын ұтып алған Абдуллаев Аманкелдi -11.01.2018 жылы аудандық мəслихат хатшысы Ильясов Ерғалиға келiп Жаңақорған ауданының кұрметтi азаматы куəлiгiн мен төс белгiсiн демонстративті түрде столына лақтырып кеттi.(осы арада халық арасында көп түсiнбеушiлiк пайда болды,бұл оқиға əкiмнiң есеп беру жиналысында басталған бүлiктiң басы болатын),ел-жұрт сенген ағаларымыздың кезектен тыс 17-ші сессия қарсаңында бастаған саяси-лас ойы екені белгілі болды , ел силаған азаматтар Ахметов Абдрахман мен Құдайбергенов Əбутəлiпке ауданның кұрметтi азаматы берiлген еді,осы екi кiсiмен бiрге аудан саябағында фотоларымызды бiрге қоймаймыз деп, өркөкірек пен іштарлық еткен Шермағанбетов .З мен Абдуллаев А.-ның аудан халқына еңбегі сіңген азаматтарға қарсы жасалған провокация екенін көзі ашық тұрғындар түсінді.
24.12.2015 жылы өз тумасы Қалила(Қалаш)Басхожаевқа ауданның құрметтi азаматы атағын алып берген Шермағанбетов Зинабддин- туысының заңды аттап басып мемлекетке зор көлемде зиян келтіргенін біле тұра көз жұмды.
Сол үшін Басхожаев Қалиланың қылмыстық ісін бүркемелеген Шермағанбетов Зинабдинде заң алдында жауап беру керек!

Бір топ Жанақорған ауданының тұрғындары...

SOS....Қорғаныс министрлігіне !!!

Непотизм мен рушылдық ауруына шалдыққан Тілеухан Басхожаев жеке басын күйттеп, қызмет бабын асыра пайдаланып, жанына тамыр- туыстарын жинап бастады. Ізбасар кылам деген оймен өз немере ағасының баласы Топышов Атырау Əбдiллаұлы,алғашында Ақтау горнизонында одан кейiн Шығыс Казақстан горнизонына Аягөз əскери бөлiмiне ауыстырды. Ең сорақысы Тілеухан Басқожаевтің туысы Атырау Топышовты -Астана каласы,Қорғаныс Министрлігіне шені мен мансабын жоғарлату үшін барын салып жүгіріп жүргені Қорғаныс министрлігіндегі қызметкерлердің аузында желдей есіп тұрған сөз екенін жасыра алмаймыз.Онымен қоймай Қорғаныс министрлігіндегі жоғарғы саптағы офицерлерді арандату мен интрига арқылы бір-бірімен ұрыстырып,өз командасын жауапты орындарға койғысы келiп жүргені рушылдық пен непотизм дертіне салынған Т.Басхожаевтің бұл қитұрқы ісіне нүкте қойылып,Қорғаныс министрлігі əділдік пен офицер намысын Басхожаев.Т сияқты Отанын сататын жемқорларға таптатпайтынына нық сенеміз...
Бір топ ҚО ҚР азаматтары...

Орынбасар

ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫ,АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, Бердібек Сапарбаевтың туысы ШЕРМАҒАНБЕТ ЗИНАБДИННІҢ ҚОЛДАУЫ АРҚАСЫНДА БАСХОЖАЕВ ҚАЛИЛАҒА- ЖАҢАҚОРҒАН ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ АТАҒЫ БЕРІЛДІ.

Anonymous

Антикоррупция агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мырзаға:
Құжаттарды өтірік өзгерту арқылы зейнет жасына ерте шығып мемлекетке миллиондаған шығын келтірген Басхожаев Қалилаға (Қалаш)Қызылорда қаласы,Жаңақорған ауданының əкімдігі 2015-жылы 24 желтоқсанда Жаңақорған ауданының құрметті азаматы атағын берген...
https://e-kyzylorda.gov.kz/?q=kk/content/zhanakorgan-audany-0
Осы фактіні егжей-тегжейлі тексеруіңізді сұраймыз!!!
Бір топ аудан тұрғындары...

Anonymous

Незаконные деяния семьи Басхожаевых на этом не закончились. Старший сын Калилы Басхожаева Даулет (1971 г.р.) получил медицинское образование в Алматы. Но трудиться по специальности он не стал. В середине 2000-х годов какое-то время работал в страховой компании, входившей в структурную систему БТА банка, которым руководил ныне беглый Мухтар Аблязов, а затем открыл собственную туристическую фирму «Р.А.Мина Тур».

Anonymous

Дəулет Басхожаев банкир Мұхтар əбілязовпен байланысы бар дей ме? Онда шаруасын қиындапты....

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.