Сақал жүн бе, дін бе?

Сақал жүн бе, дін бе?

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дайындап жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер жобасы қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін деструктивті діни ағымдарды анықтауды, олардың деструктивті әрекетінің жолын кесуді көздейді. Бұл мақсатқа жету үшін «деструктивті» ұғымын, осы сипатқа сай әрекет етіп жүрген адамға тән белгілерді анықтау керек. Бұл - өте қиын шаруа. Себебі латынша destructіo сөзінен тарамдайтын деструктивті ұғымы бұған дейін қалыптасқан құрылымдық жүйені бұзу болып саналады. Ал «қалыптасқан, қоғамда орныққан жүйе» деп қазақ қоғамының түсінігінде дәстүрді айтады. Әлдебір жақтан бұрын онша таныс емес бөгде идеологияның желі ескенде, «дәстүріміздің тамырына балта шаппақшы», «дәстүрлі дінімізді  бұзбақшы» деп аттандап шығамыз. Олай болса, деструктивті діни ағымды анықтау үшін оның идеясы мен идеологиясын дәстүрмен салыстырамыз, сәйкестік болмаса, қайшылық туындаса, онда оны жат деп қабылдаймыз.

Енді «Дәстүр дегеніміз не?» деген сұрақтың жауабын тауып алайық.  Дәстүр -  әлеуметтің ұзақ жылдар бойы әдетке айналып кеткен рухани-мәдени құндылықтар жиынтығы. Бұл қауымның немесе тұтас ұлттың қағазға жазылмаған ережесіне айналып кетеді. Осы ережені біліп-білмей бұзғандарға басқалар тарапынан «ата-бабаларымыз былайша өмір сүрген» деген сыңайда ескерту айтылады немесе «бұл ата-баба дәстүрінде болмаған» деп тыйым салуға әрекеттенеді. Кейде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп, оның заманға сай емес ережелерінен бас тартамыз, дұрыстығы мен бұрыстығы, қоғам үшін құндылығы жөнінде дауласамыз.

Қазақ мұсылман болғалы бері дәстүрдің ислам дініне сәйкестігін тексеруді бастады. Бұл үрдіс қазақ қоғамы бір ғасырға жуық атеизм идеологиясының шырмауында жүргенде біраз табандап қалған. Совет Одағы құлап, оның идеологиялық құндылықтарынан біршама арылған соң, қазақ қоғамында дәстүрдің дінге сәйкестігін анықтау күшейді. Әсіресе бұл адамның сыртқы келбетіне, жүріс-тұрысы мен киім киісіне қатысты жайттарда көп талқыланатын мәселенің бірі. Мысалы, қазір еркектердің сақалы мен әйелдердің орамалы (хиджаб үлгісіндегі) азаматтық қоғам талқысы шеңберінен шығып, мемлекеттік маңызы бары мәселеге айналып отыр. Экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, оны болдырмауға бағытталған саясатты қамтамасыз ететін заң жобасында деструктивті ағымды анықтайтын компоненттердің бірі ретінде көрініс таппақшы. Тіпті, адамның деструктивті ағым идеологиясына шырмалған-шырмалмағанын анықтау оның сақалының ұзындығын өлшеу арқылы қарастырылып жатыр. Бұдан оңды нәтиже шыға қояды деп айту қиын. Себебі, дін ұстануға Конституцияда наным-сенім бостандығы бойынша кепілдік берілген. Ал мұсылман еркектердің сақал қою мәселесіне келсек, бұл дәстүрмен байланысып жатыр. Қазақ мұсылман болғалы бері Мұхаммед пайғамбар мен оның ізбасарларын (сахабаларын) құрметтейді, олардың өмір салтын ұрпақтар сабақтастығының нәтижесінде қалыптасқан дәстүрдің бастауы санайды, ата-бабасындай көреді. Ал исламның сәләфилік  ағымы қазіргі қоғамның өмір салтын Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабалар заманына сәйкестендірмек. Олардың ойынша, сол кездегі мұсылмандардың бәрі сақал қойған, сондықтан қазіргі мұсылмандардың да сақалмен жүргені дұрыс. Бұрын бұл пікірді терістеу үшін «біз араб емеспіз, қазақпыз, әр ұлттың өзіне тән дәстүр ерекшелігі бар» деген уәж айтылатын. Қазір бұл мәселе бойынша тың ой тұжырымдалып жатыр. Соның бірі деп дінтанушы Мұртаза Бұлұтайдың (3-суретте) әлеуметтік желідегі пікірін айтуға болады.

«Сақал дегеніңіз бетке шығатын жүн ғой, басқасы емес, оған басқаша мән беріп, қасиеттеу надандық, нон-сенс! Сақал бұрын бәрінде де болған, Мұса пайғамбардың да сақалы болды перғауынның да, Мұхаммед пайғамбардың да сақалы болды. Әбу Жәһилдің де! Біріншіден, бұлар - жүні көп шығатын халықтар, екіншіден, күнде күнде қырыну ол кезде мүмкін емес болған, сондықтан байқасаңыздар, ескі замандағы адамдардың шаштары да ұзын болған, жауырынға жеткенде күзеп отырған. Бұған діни сипат беру дұрыс емес, сақалмен дін орнамайды, сақалмен рухани кемелденемін деу бекер сенім. Кемелдену сыртқы көрініспен, белгілі формадағы киімдерді киюмен болмайды, ол әуелі адамның ішкі жан-дүниесінен басталады, ойлау жүйесімен жетіледі, іс-әрекетімен нақтыланады, ондай адамға сақал бар ма жоқ па, бәрібір, ол өзін біледі, не істесе де оймен, санамен істейді... Америка тарихында алғаш рет үлкен соғысқа қатысып, 1-ші дүниежүзі соғысы кезінде (1914-1918) Еуропаға жүз мыңдаған әскер жіберген, сол кезде осы әскерді қалай тамақтандырамыз, гигиеналық тазалығын қалай қамсыз етеміз дегенде консервіленген тамақты сериялық өндіру және қазіргі қырыну станоктарын өндіру қолға алынған екен. Міне сол уақыттан бастап қырыну оңай нәрсеге айланып, еркектер жаппай қырына бастаған, дініне қарамастан, ұлтына қарамастан... Ал біздің еліктегіш дінпаздарымыз жаңалық ашқандай сақалды бір керемет жетістікке балап, оған діни реңк беруде, Құранда сақал қойыңдар деген бір ауыз сөздің жоқтығына қарамастан! Сонда бұлар өздерін Құраннан асқан діншіл деп санай ма екен?!» деп жазды Мұртаза Бұлұтай.

Дін деген нәрсеге концептуалды бұл пікір  сәләфилік діни идеологияға берілген жойқын соққы. Бірақ бірнеше ғасыр бойы қазақ қоғамында  көн болып қатып қалған дәстүрді бұза жару қиын. Дәстүршіл журналист Болат Жетекбайдың  (4-суретте) сақал жөніндегі пікірі соны меңзейді. Ол «Сақал-мұртсыз Мұртаза Бұлытай бет-жүзінің жұмыртқадай жылмиып тұрғанын мақтаныш көргендей, Абай мен Шәкәрім, Жамбыл мен Нұрпейіс, ата-бабамыздың бәрі қойған сақалды неге сонша күстаналады?! Олардан Мұртазаның ғұламалығы, Құдайды таныған діндарлығы артық па?! Адамзат жилет-ұстарасы болмағандықтан, өркениетке жетпегендіктен сақал-мұртын қырмаған екен-міс... Ой, Алла-ай!..» деп дінтанушыны тарпа бассалып, сақалдың қазақтар үшін маңызын «Сөздің көркі  - мақал, жүздің көркі – сақал, сөздерінде мақалы жоқ, иегінде сақалы жоқ тек бәйбіше мен тоқал» деген мақалмен әспеттеп қойды.

Жоғарыда жазылған сөзжарыстан қазақ ұлтшылдары мен дәстүршілдерінің сақалға қатысты ойы сәләфилік идеологиямен ұштасып жатқанын көреміз. Мұндай қателік дін деген нәрсенің нақты айқындалмауынан болып отыр. Әрине, біздің ата-бабаларымыз, Абай мен Шәкәрім, Жамбыл мен Нұрпейіс сияқты артында мол рухани мұра қалдырған тұлғалар Мұхаммед пайғамбар мен орта ғасырдағы арабтардың өмір салтын басшылыққа алды ма, әлде ұстарасы жоқ болды ма? Осы сұрақтың басын ашып алу керек. Өйткені, олар өздерінің шығармаларында не үшін мұртын басып, сақал қойғаны жөнінде мардымды мәлімет қалдырмады. Сірә, олар да дін деген нәрсенің бір тарамын Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының өмір салтынан үлгі алу деп түсінсе керек-ті. Осы дәстүрдің әлі күнге дейін қатып қалған көндей мұрты бұзылмай тұруы сондай ойға жетелейді.

Дінтанушы Мұртаза Бұлұтайдың «Құранда сақал қойыңдар деген бір ауыз сөз жоқ» деген сөзінің астарында діннің не нәрсе екені айтылып тұр. Оның ойынша, Құдай мен Құран ғана - дін. Ал пайғамбарлар мен оның сахабаларының өмір сүру салты мен дәстүрі  - идеология. Бұдан Абай мен Шәкәрім, Жамбыл мен Нұрпейіс сияқты ата-бабаларымыздың да шынайы дін жөніндегі түсінігі кемшін болып, олар да орта ғасырдан бастау алған Араб халифатының мемлекеттік діни сипаттағы идеологиясының ықпалында болғаны жөнінде ой түйеміз. Егер «қазақтар бұл идеологияның шырмауына түскен жоқ» деп азар да безер болсақ, онда оларда ұстара болмады немесе күнара қырынып жүруге ерінді, құлықсыздық танытты деген тұжырым жасаудан басқа амал қалмайды...

Ерасыл Бердібек

 

Айдары:  Дүрбі
08.02.18
489 оқылды

Пікір саны (1)

Әділхан Мұратов

Мақаладағы екі азаматтың пікірталасына автор төрелік айтпақшы болған. Бекер болған. Өйткені ол екеуінің пікірлеріне төрелік айтуға автордың білімі де өресі де жетпейтіндігі көрініп тұр. Көтере алмайтын қылышты белге байлаудың қажеті не? Одан да төрелікті көпшілікке қалдырғаны дұрыс болар еді. Ал, автор өзі қорытынды жасап, тұжырымдай салуға әрекет жасаған. Дұрыс болмаған.

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.