Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс сотта жылап жіберді

Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс сотта жылап жіберді

6 ақпан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының экс-директоры Ерлан Біләл сотта соңғы сөзін сөйледі. Ол судьяға жалынышты өтініш айтып, соңында жылап жіберді. Оның бүйтетін жөні бар. Мұның алдында мемлекеттік айыптаушы прокурор Ерлан Біләлдан алған парасынан 60 есе көп айыппұл, яғни 90 млн теңге өндіріп алуды сұрады. Сонымен қатар, Ерлан Біләлді атақ-даңқынан жұрдай қылып, барлық мемлекеттік марапаттарынан айыру қажеттігін жеткізді.

 

 

Тергеу мәліметі бойынша, Ерлан Біләл театр директоры екенін бұлдап, осы театрда балаларға арналған жаңажылдық қойылымдарға рұқсат бергені үшін  «Сезам» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Қайрат Баяновтан 1,5 млн теңге пара талап еткен. Алдымен 600 мың теңгені алып алған айыпталушы Біләл Қ.Баяновтан қалған 900 мың теңгені алып жатқанда ұсталған болатын. Прокурордың айыпталушыдан 90 млн теңге өндіру жөніндегі сотқа жасаған өтініші де жүйелі сөз. Өйткені, «Сезам»  балаларға арналған қойылымды талай жылдан бері Әуезов атындағы театрда өткізіп жүр. «Сезам» мұндай қойылымды жаңа жыл мерекесі алдында бірнеше күн жасайды. Бұрнағы жылдарда Ерлан Біләл басшылық жасап келген театрда «Сезам» қойылым қою мәселесін ақшамен шешіп келді деген болжамды  жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, ол ақша қанша екенін ешкім айта алмайды, алашақ жақ пен бершек жақ ол ақпаратты ашуға мүдделі емес. Сондықтан прокурордың айыпталушы Ерлан Біләлдан 90 млн теңге өндіру жөніндегі талабы орынды сияқты. Оның үстіне, прокурор айыпталушыны түрмеге қамауды соттан сұрап отырған жоқ, мемлекет берген атағынан айырып, айыбын ақшамен өтесін деді.

Прокурордың бұл талабы да айыпталушы Ерлан Біләлға ауыр тиді. Ол сотта сөйлеген соңғы сөзінде жасаған қылмысын мойындады, бірақ айып ақшаны азайтуды, атақ-даңқынан айырмауды жалбарына сұрады. Отбасы қайбір жылдары «нан мен шайға ақша таба алмай» қиын кезеңді өткергенін де айтып салды.

«Құрметті сот, дәл қазір жағдайым қиын, бәрі біледі, өте өкінемін. Менің денсаулығымды, отбасылық жағдайымды, қаржылық күйімді назарға алуыңызды өтінемін. Айыппұлдың көлемін азайтуыңызды сұраймын. Бұл жазаны өтеу қиын. Мен жазаны айыппұл туралы өтеуге әлбетте келісемін, бірақ адал еңбегіммен алған марапаттарымнан айырмауыңызды сұрағым келеді. Жастар Одағы сыйлығының лауреаты марапатын 2003 жылы анам қайтыс болған соң алдым. Бұл театр сахнасында шығармашылықпен айналысуыма, әрі қарай өмір сүруімен үміттің белгісіндей болған еді. Әрі қарай жүретін күш таптым. Үш жыл бойы өз-өзіме келе алмадым. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын әкем қайтыс болған соң алдым...» деп бір күрсінді ол.

Сотта айыпталушы өзінің аурушаң екенін, 4 баласы барын да ескерте кетті. «Шығармашылық адам ретінде өліп қалмасын десеңіз, марапатымды тартып ала көрмеңіз. Қант диабеті мен артериалдық қысым - адымымды кең ашуыма мүмкіндік бермейтін жаман ауру. Қатты өкінемін, мен жаза бастым. Сізден өтінемін, құрметті сот, менің күйімді түсінуіңізді өтінемін. Бәріміз де пендеміз. Күндердің бір күнінде бәріміз де қателесуіміз мүмкін. Объективті болуыңызды өтініп сұраймын. Мен өз кінәмді мойындаймын. Мен қателестім. Егер заң рұқсат берсе, балаларым үшін мені қолдасаңыз, еліміздің гүлденуі үшін қайтадан барымды салып еңбек ететін боламын, студенттерге сабақ беремін. Ант етемін» деген Ерлан Біләл сөзінің соңында жылап жіберді. 

1971 жылы туған Ерлан Біләл «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты», «Құрмет» және «Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» ордендері мен «Қазақстан Конститутциясына 20 жыл» медалінің  иегері. Ол 2015 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметін атқарған.

7 ақпан күні Алматының Алмалы аудандық сотында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләлге қатысты сот үкімі шықты.

Пара алу кезінде ұсталып қалған Ерлан Біләл Қылмыстық кодекстің 24-бабының үшінші тармағы (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 366-бабының екінші тармағы (пара алу) бойынша айыпты деп танылды: Судья оған  52,5 миллион теңге айыппұл салды, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырды. Сот шешімінде Ерлан Біләлді  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы мен «Құрмет» орденінен айыру туралы тиісті органдарға ұсыныс жасалатыны айтылған.

 

Судья прокурордың өтінішін толық қанағаттандырған жоқ. Сот шешіміне Ерлан Біләлдің әріптестерінің  "жақсы мінездеме бергені", сотталушының кәмелетке толмаған балалары бары және отбасынын жалғыз асыраушы екені, "қылмысына өкінгені"  өз әсерін тигізіпті.

Бірақ судья сотталушы Ерлан Біләлге бір ай ішінде айыппұлды төлемесе, үш жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін екенін ескертті.

«S»

Айдары:  Текемет
06.02.18
384 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.