Қытай Қазақстанға келген зейнеткер оралмандарға зейнетақы төлеуді тоқтатты

Қытай Қазақстанға келген зейнеткер оралмандарға зейнетақы төлеуді тоқтатты

5 ақпан күні Алматыдағы Қытай консульдығының алдында Қытайдан алуға тиісті зейнетақысы тоқтатылған Қазақстан азаматтары жиналып, арыз-шағымдарын тапсырды. Осы мәселе бойынша бірқатар азаматтар осыған дейін де жекелеген арыздарын өткізген екен. Алайда, шағымдарына жауап ала алмаған және бір жылдан бері зейнетақысы тоқтатылған 35 Қазақстан азаматы бұл рет «Ата-жұрт» ерікті жастар ұйымының жол көрсетуімен  топтық арыз жазып консулдыққа тапсырды.

Қытайда мемлекеттік және түрлі салада қызмет істеп, зейнет жасынан кейін Қазақстанға қоныс аударған азаматтардың зейнетақысын ала алмауы осыған дейін де көтеріліп келе жатқан іс. Порталымызда бұл мәселе туралы көлемді сараптама да жазған еді. Онда Қытай Конституциясы және Халықаралық құқықтық талаптар негізінде шетелге қоныс аударған зейнеткерлердің зейнетақысы толық берілуі тиіс екені көрсетілген.

Бұл мәселе жөнінде былтыр мамыр айының соңында Қытайдың Шынжаң өлкесінен арнайы делегация да келіп, зейнетақысын ала алмаған азаматтардың ауызша және жазбаша арыз-шағымдарын қабылдаған болатын. Олар мүдделі азаматтар мен «Жебеу» РҚБ-нің өкілдеріне бірден жауап бермесе де,  мәселенің ҚХР заңы бойынша қаралып, оңды шешім болатынына сендіріп кеткен еді. Тіпті осы жұмыс тобының кездесуінен кейін Қазақстанмен шекаралас жақтан Іле Қазақ Автономиялы облысының әкімшілігі Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін тоқтап қалған зейнеткерлерге зейнетақысы толықтай берілетіндігі туралы шешімін де жария еткен. Бұл істен бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, Қытай билігінің зейнеткерлер үшін оңды шешім жасамағанын көріп отырмыз. Арыз-шағым беруге барғандар өздерінің еткен қызметі мен төккен терінің, жалақыларынан жырып мемлекеттік зейнетақы қорына қосқан өз ақшаларын ала алмағаны үшін Шынжаңдағы жергілікті әкімшіліктерді айыптайды.

«Ата-жұрт» ерікті жастар ұйымының мүшесі Ермек Сағымбек: «Бұл негізі Шынжаңдағы жергілікті әкімшіліктердің өздері шығарып алған ережелер», - деген пікірін айтады. «Себебі, Қытай Конституциясында әрбір Қытай азаматының тең екенін анық көрсеткен. 20-шы бабында шетелге шықса да және шетел азаматын қабылдаса да олардың зейнетақысы тоқтамайды делінген, ал 28 бабында егер зейнет ақысын тоқтатқан болса, сол әкімшілік орын заңдық жауапкершілікке тартылады деп анық жазған. Бұл шағым берушілер сол заң негізінде өздерінің құқық-мүддесін қорғап келіп отыр».

 Аталған мәселе бойынша жекелеген арыз-талаптарын жолдаған және Қытайдағы жергілікті әкімшілік орындардың шешіміне жүгінбек болған азаматтар да бар. Алайда, олардың өзі сол жергілікті әкімшілік орындарынан түрлі қысымдар көрген. Бұл туралы Ермек Сағымбек сөзінде: «Өз құқықтарын қорғап, жекелеген талап-арыздарын жібергендерге Қытайдың жергілікті әкімшілік органдары сонда баруды талап етіпті. Шынын айтқанда, басым көп азаматтар Қазақстан азаматы болса да барудан қорқып отыр. Себебі, барғандардың кейбіреуі қамауға алынған, олардың арасында құжат бойынша Қазақстан азаматы болып саналатын адамдар да бар. Айталық, Қазақстан азаматы ретінде жеке куәлігі мен паспортын қолына алып үлгірмеген азаматтар.  Кейбіреуіне «Қазақстан азаматтығынан бас тарт» деп қысым жасаған. Бұл хабарлар қазақ автономиялы облысына қарасты Іле аймағы жақтан жетіп жатқан хабарлар. Әр жерде әр түрлі қысымдар жасалуда», – деді.

Шынжаңдағы жағдайға байланысты жергілікті үкімет шетелге шыққан және шетелде туыс туғаны бар, бір сөзбен айтқанда шетелмен, оның ішінде Қазақстанмен байланысы бар деген азаматтардың бәрін де күдікті адамдар ретінде қарап, түрлі «саяси тазарту», «саяси үйрену» деп аталатын аты орталық, затында түрмеге ұқсас орындарға қамауда. Ал ерікті түрде шетел азаматтығын қабылдап, қайтып барған адамдарға шетел азаматтығынан немесе ықтияр хатынан бас тартуға қыстаған.  

Қытайдағы Іле Қазақ Автономиялы облысына қарасты Құлжа қаласында ұзақ жыл оқытушылық қызмет істеген Фатима Әскербайқызы 2012 жылы зейнетке шығып, отбасымен Алматы қаласына қоныс аударған.  2016 жылға дейін зейнетақысын алып тұрғанын айтады. Бұл аралықта сол кездегі Қазақстан азаматтығын беру заң-ережелеріне байланысты төрт жыл ықтияр хатпен барып келіп тұрған. 2017 жылы мамыр айында Фатима Әскербекқызын өзі зейнетке шыққан оқу орны телефон арқылы шақыртады. Шақыру себебін «қатысты құжаттарды толтыруың керек» деп түсіндірген.  Барғаннан кейін Фатима Әскербекқызынан жергілікті құқық қорғау орындары Қазақстан жерінде терроризм немесе өзге заңсыз әрекеттермен айналысқан, айналыспағаны туралы сұрақтар сұраған және көптеген құжаттарға, тексеру естеліктеріне қол қойдырған. Бұған қоса, паспорты мен Қазақстан Республикасының ықтияр хатын алып қалған және бір айға жуық қайтарып бермей қояды. Фатима Әскербекқызы Қазақстанда оқып жатқан қызының ауырып қалғаны туралы анықтама алдырып, сол арқылы паспорты мен ықтияр хатын қайтарып беруін сұрайды. Құқық қорғау орындары құжаттарын қайтарып бергенімен «Сіздің жеке басыңызға айып жоқ, тек қазіргі заң бойынша ықтияр хатпен жүріп-тұруыңызға болмайды. Не Қазақстан ықтияр хатынан бас тартыңыз, тек паспортпен жүруіңізге болады,  не болмаса зейнетақыңыздан бас тартасыз», - деген талап қойады.

«Баламның ауырып жатқанына байланысты амалсыз олардың талаптарына келісіп, құжаттарымды алып, Қазақстанға өтуіме тура келді. Менің зейнетақы карточкамды да алып қалды, зейнет ақымнан бас тартқаным туралы хатқа қол қойдырып алды. Бұлай істемесем менің паспортымды бермейтін болды», – дейді Фатима.

«Бұл жасап жатқандарың заңдарыңа қайшы ғой деп едім, олар «онымен жұмысымыз жоқ, біз жергілікті әкімшілікке жауап беру үшін осыны сенен талап етеміз» деді. Келгеннен кейін Қазақстан азаматы болу үшін ғана төрт жыл бойы ұстап жүрген ықтияр хаттан қалай бас тартам. Сосын содан бері мен де зейнетақымды ала алмай отырмын», – дейді.

Фатима Әскербекқызы қатарлы кейбір зейнеткерлердің зейнетақы карточкасы өзінде болғанымен көптен бері зейнетақысы түспеген. Олардан да Қытайға барып жоғарыдағыдай тексеруді қабылдауын талап етуде екен. Алайда, Қытайдағы қатысты орындардың шақыруымен барғандардың манағыдай жағдайларынан кейін ешкімде өзінің заңды құқығы негізінде алуға тиісті зейнетақысын талап етуге батылы бармаса керек.

Бүгін Қытай консульдығына өткізген талап арыздардан қайырлы жауап күтеді.  Ермек Сағымбек сөзінде: «Біз енді Қытай консульдығына тапсырған арыздарымыздан оңды жауап болады деп күтіп отырмыз. Бірақ, жауап болмай жатқан жағдайда бұнымен тоқтап қалмаймыз, Қазақстан азаматы ретінде ҚР СІМ-іне де осы арызымызды жолдап, құқық-мүддемізді қорғауды сұраймыз. Тіпті, Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына да шағымданамыз деп отырмыз», – деді.

Қандай да бір биліктің азаматтарына жасаған қысымы сол биліктің өзіне деген сенімсіздігін көрсетеді. Шынжаңдағы жағдайдың шиеленісіп бұл дәрежеге жетуі, ондағы және Қазақстандағы азаматтардың құқық-мүдесінің бұзылуы, Шынжаң жергілікті әкімшіліктерінің Қытай Конституциясын белден басқанымен бірдей. Әрі бұл Қытай үкіметінің өзінің халқы мен Конституциясына деген жауапсыздығы. Алдағы уақытта құқық-мүддесі тапталған Қазақстан азаматтарының арыз шағымына, Қытай консулдығынан, Қытайдың Шынжаңындағы жергілікті әкімшіліктерден, Қытай орталық үкіметінің қатысты органдарынан жауап күтеміз әрі оңды шешім шығаруын талап етеміз.

qazaqtimes.com

Айдары:  Бақ-бақ
05.02.18
256 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.