"Орамал тон болмайды, жол болады"

"Орамал тон болмайды,  жол болады"

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әзірлеп жатқан  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»  заңға өзгерістер енгізу жобасы діндарлар арасындағы идеологиясы зайырлы қоғамға жат, деструктивті ағымдарды анықтауға бағытталған. Осы арқылы діни экстремизм мен оның радкикал сипаттағы әрекеті саналатын терроризм қаупінің алдын алуды көздейді. Министрлік дайындаған заң жобасына көз салсақ, деструктивтілікті анықтау екі бағыт бойынша жүзеге асырылмақшы: діни ағымның немесе діндар адамның ұстанатын идеологиясы, соған сәйкес оның жасайтын уағызы; діндар адамның киім киісі, сақал-мұрт қоюы немесе денесіне қандай бір діни сипаттағы белгілерді таңбалауы.

Қазақстан жағдайында деструктивті ағымды немесе деструктивті тұлғаны әшкерелеуге тиіс әлгі екі анықтауышты әдістеме ретінде қолдану қиын. Себебі, сыртқы түр сипат белгісі бойынша басқа адамдардан ерекшеленбейтін діндарлар халық ішінде деструктивті ағым идеясын насихаттап жүре береді. Немесе сақал өсіріп, балағын келте кескен адам ешқандай діни уағызбен айналыспауы мүмкін.  Министрлік ұсынған заң жобасында деструктивті ағымды (немесе адамды) анықтауда діни радикализмнің екі белгісін тұтас қарастыру ұсынылады. Мұны жөн санайық. Бірақ, қандай ағымның деструктивті, қандай діни бірлестіктің дұрыс идеология жүргізіп жатқанын қалай білеміз?!

Деструктивті ағымды анықтау үшін бірінші кезекте деструктивті емес діни идеологияны насихаттап отырған діни бірлестікті анықтап алуымыз қажет. Қазіргі қазақ қоғамындағы түсінік бойынша, өзін мұсылман санайтын адамдар «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы»  (ҚМДБ) қоғамдық бірлестігіне қарап бой түзеуі керек. Мұнда ҚМДБ-ның Қазақстандағы басқа да діни сипаты бар ондаған қоғамдық ұйымдармен бір қатарда екені, заң бойынша оған басқалардан бөлектеп ешқандай артық статус берілмегені жөніндегі ұзаққа созылатын әңгімені қоздатпай-ақ қоялық. Ханафи мазхабын (шариғатқа негізделген құқықтық 6 мектептің бірі) ұстанамыз дейтін ҚМДБ-ның басшылыққа алып отырған діни идеологиясы қазірдің өзінде деструктивті деп сипатталатын сәләфилік сияқты ағымдардың уағыз-насихатымен ұштасып жатқанын айтса да жеткілікті. Радикал сәләфилер де ҚМДБ имамдары сияқты Құранды қасиетті кітап санайды, Мұхаммед пайғамдардың хадистеріне сүйенген шариғат заңдарын насихаттайды және т.б. Осы тұжырымның дәлелі ретінде елімізде болып жатқан кейбір оқиғаларға тоқталайық.

Қазір әйелдерге қатысты орамал-хиджаб дауы өршіп тұр. Шариғат ұстанатын кейбір ата-аналар қыздарын мектеп әкімшілігі тарапынан орамал тағуға тиым салуына байланысты сабаққа жібермей қойды. Тіпті, Ақтөбе қаласында  бірнеше  ата-ана мен мектеп әкімшілігі арасындағы келіспеушілік  сотқа дейін жетті. Хиджаб киген қыздарын мектептің кіргізбей қойғанына қарсылық танытқан бірнеше әйел мектеп ауласында намазға (1-суретте) жығылып, демонстративті түрде діни жоралғы жасады. Мұндай экстремистік сипаты бар орамал дауының деструктивті ағым идеологиясы мен соған сәйкес ұстанатын діни ғұрыптан туындап жатқаны көзге ұрып тұр. Әйтпесе, зайырлы қоғамда орамал сырт киім саналады, жылы ғимаратқа кірген соң оны тонмен бірге шешіп тастаған құпталады. Дәл осылайша, жаздыгүні аптап ыстықтан  қорғанатын баскиімді де қоңырсалқын үйге кірген соң шешеді. Бірақ, кейбір діни радикалдар үшін «орамал тон (суық пен ыстықтан қорғайтын) емес, жол (тариқат - дін жолы, діни жоралғы) болып» тұр. Олар өздерінің әлі де Мұхаммед пайғамбардың заманындағыдай шариғатпен өмір сүретінін осылайша дәлелдегісі келеді, зайырлы қоғамға деген қарсылығын, жеккөрінішін, өшпенділігін орамал арқылы көрсеткісі келеді. Мейлі, мұны шетін діни идеологияға уланған деструктивті ағымның ұстанымы дейік. Ал Ханафи мазхабындамыз дейтін ҚМДБ имамдарының орамалға қатысты ұстанымы қандай? Олар да әйелдердің мешітке орамалға оранып, бақайына дейін ұзын көйлек киіп келуін талап етеді, Құран оқылған жерде  тым болмаса басын салфеткамен жауып отырғанын жөн санайды. Ең қызық жері сол, мұндай талап мұсылман еркектерге міндеттелмеген.

ҚМДБ-ның әйелдерге, орамалға қатысты ұстанымына басқа жағынан дәлел келтірейік. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын ҚМДБ мұсылман әйелдердің киім үлгісіне конкурс жариялап, ондаған үздік жобаның фотоларын  ұсынды. Ондағы үлгінің бәрінде әйелдерді жас сәбиді  құндақтағандай қылып басына орамал орап, сөлеңдеген көйлек-бешпент киігізіп қойыпты. Оның мұсылман әйелдердің діни салт-ғұрпындағы хиджаб  пен чадрадан айырмашылығы жоқ. ҚМДБ қарайтын үйымдар «1 ақпан халықаралық орамал күнінде» хиджаб пен чадраны біраз насхаттап тастады. Яғни,  ҚМДБ қазақтың әйел-қыздарының хиджаб немесе чадра кигенін құп көреді. Ал тура осындай үлгіде киім киген оқушы қыздарды Ақтөбеде, Шымкентте мектепке кіргізбей жатыр. Мұнда қандай байланыс бар? Хиджаб үлгісіндегі киім кигені үшін сабақтан аластатылған оқушы қыздардың ата-аналары Мұхаммед пайғамбар мен одан кейінгі сахабалар (пағамбардың көзін көрген оның ізбасарлары) заманындағы шариғат заңдарына негізделген салт-дәстүрге қайтып оралғысы келетін, қазіргі зайырлы мемлекеттің заңдарына мойынсұнғысы  жоқ радикал  сәләфилік  ағымның идеяларын басшылыққа алып отыр ма, әлде ҚМДБ-ның мұсылман әйелдерге арнап шығарған киім үлгісіне қарап бой түзеді ме? Міне, осы сұрақтың жауабы екіұшты болып тұр. Осындай екіұшты жағдай діни экстремизмнің алдын алып, оның жолын кесуге бағытталған заң жобасындағы «деструктивті діни ағым» ұғымын негіздеп, деструктивті субъектілерді анықтауға қиындық туғызып тұр.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Текемет
02.02.18
358 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.