Ақпарат министрлігінде ашықтық жоқ. Неге?

Ақпарат министрлігінде ашықтық жоқ. Неге?

Атауы айтып тұрғандай, қоғамға ең ашық мемлекеттік орган болуы тиіс Ақпарат және коммуникация министрлігі тағы да ыңғайсыз жағдайға қалды. Былтыр «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігіне арнайы сұрау салып, бюджеттен ақпараттандыруға бөлінген 2 миллиардтан астам  теңгені қандай бұқаралық ақпарат құралдары иемденгені, олар бұл тендерді қандай артықшылығына байланысты жеңіп алғаны жөнінде мәлімет сұраған. Мұндай мәліметті бергісі келмеген министр Дәурен Абаев «қызмет бабында ғана қолдануға болатын» мәлімет деп, құпиялап тастаған. Министрдің бұл әрекетін «Құқықтық медиа-орталық» мемлекеттік бюджет қаржысына және оны  жұмсауға қатысты мәліметті жасыру заңға қайшы деген негізде министрлікті сотқа берген.

Ал кеше Ақпарат және коммуникация министрлігінің қарамағындағы "Қазконтент" АҚ-ның («Qazkontent» ) бюджетіне қатысты дау-дамай басталды. Бұл мәселені көтерген тәуелсіз журналист Тоқтар Жақаш (3-суретте). Ол өзінің әлеуметтік желідегі парқшасында былай деп жазды:

"Қазконтент" АҚ ның жылдық бюджеті бір жарым миллиард теңге! Парадокс! Қазақ контентін дамыту үшін құрылған мекеме орыс тілді контентке басымдық берген. Қарамағындағы тоғыз сайттың тек екеуі ғана (Бақ кз және Әдебиет порталы) қазақ тілінде, ал қалған жетеуі орыс тілінде шығады. Көз алдау үшін қалған сайттарда ақпаратты қазақ тіліне аударатын бірлі екілі аудармашы ұстап отыр. Кочетов, Журавлев деген басшыларының журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Не азулы менеджер емес. Олардың орынбасарлары түгел орыстілді! Қазақша екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмайды. "Қазконтент" неге русконтентке айналып барады? Мемлекеттік тілдің Конституциялық күші қайда қалды? Жыл сайын бөлінген бір жарым миллиард теңге қайда жаратылып жатыр? Мысалы, оқылымы орташа деңгейдегі бір сайтты ұстап тұру үшін (бес алты журналистің жалақысы, аренда, автокөлік шығындары, колумнистерге қаламақы, шаруашылық шығындар мен техникалық қызметтерге) жылына жиырма миллион теңге жетіп артылады. Ондай есеппен, тоғыз сайтқа жүз сексен, жарайды, екі жүз миллион теңге де жетеді емес пе? Ал бұл сайттар өздеріне қажет қаржыдан жеті есе көп алып отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Алматы қаласы әкімдігі тұтастай "Алматы" арнасын ұстап тұру үшін жылына алты жүз елу миллион теңге бөледі. Ал министрліктің "Қазконтентке" бөліп отырған қаржысына дәл "Алматы" телеарнасындай екі телеарна ұстауға болады. Яғни, не "Қазконтент" басшылары өз шығындарын қасақана аспандатып көрсетіп отыр. Немесе, министрлік "Қазконтент" арқылы коррупциялық схема құрып алған сияқты. Ақпарат министрі Даурен Абаев бұл мәселелерді қалай түсіндіреді екен?».

Ақпарат және коммуникация министрі Дәрен Абаевтың атына бағытталған сұраққа жауап болған жоқ. Есесіне, бүгiн bnews.kz, baq.kz, primeminister.kz, strategy2050.kz, kaztube.kz, adebiportal.kz, el.kz, e-history.kz, ruh.kz. сайттары  құрамына кіретін «Qazkontent» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов 2017 жылды қорытындылап, 2018 жылғы жоспарларымен бөлiскенсіп, Орталық коммуникациялар қызметiнде брифинг өткізіпті. Бірақ жиында тәуелсіз журналист Тоқтар Жақаштың сұрағына нақты жауап берген жоқ. «Біздің ұжымның аты «Qazkontent» қой. Бәріне мәлім. Бүгінде қазақтілді контент дефицит. «Qazkontent» командасы мемлекеттік тілде қызықты материалдарды дайындап, жұмыс істеуде. Айтылған жобалардың 80%-ы қазақ тілінде. Сондықтан «Qazkontent» ұжымы үшін мемлекеттік тіл приоритетте» депті Евгений Кочетов. Әрине, Евгений Кочетов сайттар контентінің «80%-ы қазақ тілінде» екенін қолмен қойғандай етіп дәлел келтірген жоқ. Сондықтан журналист Тоқтар Жақаш көтерген проблемаға қатысты сұрақтар өзекті күйінде қалып тұр.

«Казконтент» басшысы Е.Кочетовтың бір абзацтан аспайтын түсініктемесін өзіне бағынышты бір-екі сайт жариялаған. Бірақ, бұл журналист Тоқтар Жақаш туғызған қоғамдық пікірді өзгерте алмады десе керек, Е.Кочетовтың айтқан сөзін «тәуелсіз» саналатын «Абай.кз» пен «Қамшы.кз» сайттары көшіріп басыпты. Ал оның қарамағында жұмыс істейтін кейбір журналистер Е.Кочетов брифингте «ақпаратты мемлекеттік тілде берді, кейбір қаракөздерімізге үлгі болар азамат, мемлекеттік тілге, қазақ ұлтына деген құрметін де байқап жүрміз» деп мақтай жөнелді. Әрине, мұның бәрі шындығы шамалы сылдыр сөз – Кочетовтың қазақша сөйлеп кеткен түгі жоқ.

Журналист Тоқтар Жақаштың «Қазконтентке» қатысты жазбасы өте өзекті болса да, одан туындаған дауға бұқаралық ақпарат құралдары араласпай қалды. Мұның екі себебі бар. Біріншіден,  халыққа ақпарат таратуға қатысты мемлекеттік тапсырыстың қомақты бөлігі Ақпарат және коммуникация министрлігінің құзырында. Ол ақша мемлекеттік емес БАҚ-қа да бөлінеді. Дәл осы мәліметті былтыр «Құқықтық медиа-орталық» тіпті сот арқылы да ала алмай қойған. Тендер алып отырған жекеменшік сайттар да бұл ақпараттың жария болып кетуіне мүдделі емес. Солардың қатарына «Қамшы.кз» пен «Абай.кз» сияқты сайттарды қосуға болады. Мұндай сайттардың министрлікке қатысты дау туғанда біржақты позиция ұстанып кететіні сондықтан. Екіншіден, қазақстандық электронды БАҚ Ақпарат және коммуникация министрлігінен қатты қорқады. Себебі, министрліктің қолында интернетті өшіріп тастайтын «бұранда» бар. Кез келген уақытта кез келген сайт пен онда жарияланған нақты бір мақаланы Қазақстан аумағында өшіріп тастай алады. Оның үстіне биыл министрлік интернеттегі шыққан мақала, жазбаларға мониторинг жүргізетін жүйе жасап, оны жүзеге асыруға  мемлекеттік бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөліп алып отыр. Қазір Қазақстандағы ақпарат құралдары  «жоғарғы жаққа» үрейлене қарайды. Министрлік пен «Құқықтық медиа-орталық» арасындағы БАҚ-қа бөлінген бюджеттің ақшасы жөніндегі дауды АҚШ үкіметі қаржыландыратын «Азаттық» радиосының сайтынан басқа ешбір БАҚ-тың жазбай қоюы сол үрейден туындап еді. Тәуелсіз журналист Тоқтар Жақаш көтерген проблеманың да елеусіз қалып бара жатуы сондықтан.

«S»

Айдары:  Дүрбі
01.02.18
698 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.