«Алаш» атымен оппозициялық партия құруға бола ма?

«Алаш» атымен оппозициялық партия құруға бола ма?

Қазақстанда танымал блогер Сырым Әбдірахманов бастаған жастар оппозицияшыл сипаттағы жаңа партия құрғалы жатыр. Партияның бағдарламасы жазылып бітпей жатып бұл саяси бастама дау-дамайға қалды. Әсіресе билікке оппозицияшыл көзқарас танытқансып жүргендер Сырым Әбдірахмановқа қарсы бас көтеріп,  қатты шүйлікті.  Әдетте олар оппозицияшыл ойдың ауқымын кеңейтуге бастайтын шаруаны қолдап кетуі керек еді. Тым болмаса, «сөзімді біреу сөйлесе, тілім қышып бара ма, ісімді біреу жасаса, қолым қышып бара ма» дегендей бейтарап қалып, саясаттағы өлара кезеңді тітіркендіретін «қызықты» сырттай бақылап отырмады, алыстан ұлыған бөріге сес көрсеткен бұйығы ауылдың иттеріндей шәуілдеп қоя береді. Мұнда қандай гәп бар? Біз осы мәселені анықтап көрейік.

Билікке оппозицияшыл көзқарас танытқансып жүргендердің сөзін сараласақ, олардың Сырым Әбдірахмановқа қарсы шығуының бір ғана себебі бар. Ол – саяси ұйымның «Алаш» халықтық социал-демократиялық партия» аталуы. Әзірге «халық» сөзі мен «социал-демократия» идеологиясына шүйлігіп, одан қауіп көріп отырғандар шамалы. Саяси алаңға атойлап шыққалы жатқан Сырым Әбдірахмановқа тағылған  басты күнә – оның «Алаш» атауын иемденіп алуы. Мысалы, оппозицияшыл «Общественная газета» («ДАТ» жобасы) басылымының бас редакторы Ермұрат Бәпи «Алаштың» ардақты атын саясатпен сасытпауды», «саясаттың ойыны етуге болмайтынын», «бұл жерде аруақтар киесі бар: ұрып кетуі әбден мүмкін» екенін айтты. Қазақтың әрбір сөзінен кие мен жаратылыстың әлдебір тылсым қасиетін іздейтін әсіре иррационализмге саясаттанушы Айдос Сарым да бой алдырыпты. «Менің ойымша, қазаққа ортақ, қасиетті «Алаш» атауын саяси партияларға, бизнеске беруге тыйым болуы керек сияқты. Бір девальвацияланбаған, ластанбаған ұғымды сақтап қалайықшы. Екі Хан Тəңірі тауы жоқ. Екі Алаш партиясы да бола алмайды» деп шорт кесіпті ол. Десе де, С.Әбдірахмановтың оппоненттері  80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында «Алаш» атауымен («Алаш» ұлт-азаттық партиясы», партия лидері - Арон Атабек) партия болғанын, бірақ көп уақыт өтпей жұмысын өз еркімен доғарғанын ауызға алмайды. Сол кезде Арон Атабекке «Алаш» атын «ойыншық қылдың»,  «саясатқа қосып сасыттың», «құнсыздандырдың», «ластадың» деп ешкім айтпап еді. Ол  Қазақ елі «Алаш» партиясының мақсат-мүддесінде көрсетілген тәуелсіз азаттыққа жеткен соң күн тәртібінен алынып тасталған болатын. Қазір түрмеде отырған Арон Атабекті де «қасиетті» «Алаш» атауының немесе өткен ғасырдың басындағы алашордашылардың әруағының киесі ұрған жоқ – ол 2008 жылы Алматыда адам өліміне әкеп соққан «Шаңырақ» оқиғасына қатысқаны үшін жазасын өтеп түрмеде отыр.

 «Киелі» «Алаш» атын жамылып саясат жасап жүргендер қазір де бар. Мысалы, жеңіл жүріс пен секске жанаса кететін ақпаратты тым көбейтіп жібергені үшін былайғы жұрттан «Алаш ойнасы» деген кекесінге ұшыраған «Алаш айнасы» газетінің журналистерін «сендерді алашордашылардың әруағы ұрсын» деп ешкім қарғап-сілемеп еді. Билікшіл «Ақ жол» партиясы мен «Қамшы.кз» сайтының жетекшілері «Алаш» деп ұрандап, медаль шығарып, онысын көрінген «көк аттыға» таратқанда «Алаштың» атын «ойыншық қылдың»,  «саясатқа қосып сасыттың», «құнсыздандырдың», «ластадың» деп байбаламдаған жоқ. Сол салпыншақты кеудесіне тағып жүргендер  «Алаш» атымен елдің саяси-экономикалық-әлеуметтік бағдарына тың серпіліс беруді көздейтін партия құруға узілді-кесілді қарсы. Бұл парадокс салпыншақ сүйгіштікке тіреліп тұр ма, әлде мұның астарында басқа мүдде бар ма?

Блогер Сырым Әбдірахмановтың балағына жармасып, аяқтан шалып, оны «Алаш» атауына жақындатқысы келмей жүргендердің пиғылының астарында билік органдарына шағыну да байқалады. Саяси ұйымдарды тіркеуге алатын Әділет министрлігінің ұстанымы бойынша бір атаумен екі немесе одан да көп партия тіркеуге болмайды. Бірақ, Әлихан Бөкейханов бастаған қайраткерлер құрған «Алаш» партиясының қазіргі заңнамаға қатысы жоқ, аз ғана уақыттан кейін тарих қойнауына сіңіп кеткен алғашқы «Алаш» партиясы құрылғанда Тәуелсіз Қазақстан былай тұрсын, Совет Одағының құшағындағы Қазақ АССР де құрылған жоқ болатын. Ал Арон Атабек саяси салақтығының кесірінен өзінің «Алашын» Әділет министрлігінің реестріне тіркеуге ұсынған емес. Сондықтан, дәл қазір Әділет министрлігінің қолында «бір атпен саяси екі ұйымды атай алмаймыз» деп, «Алаш» партиясын тіркемей қоятын негіз жоқ. Сондықтан, «Алаш» атауынан кие іздеп, Сырым Әбдірахмановтың аяғынан шалып жүргендердің Әділет министрлігіне қарата ым жасауынан дым шықпайды. Билік оппозицияшыл партияны тіркеуге алғысы келмесе, оған басқа сылтау іздеп табады. Осы себепке байланысты,  Сырым Әбдірахмановқа қарсы саяси науқанның өзекті ұраны болып отырған «Алаш» атауынан «кие» іздеу арқылы шабуылдаудың тактикасы қате. Біріншіден, «Алаш» партиясы құрылғалы жатыр» деген сөзден басқа әзірге ештеңе белгісіз. Әлдебір саяси ұйымды сынау үшін тым болмаса оның бағдарламасы керек. Ал сынауға қажет объекті жоқ болса, қандай әңгіме айтуға болады?! Екіншіден, партия құру мәселесін қоздатып жүрген Сырым Әбдірахмановтың бұған дейнгі қызметі жөніндегі ақпарат өте жұтаң – анда-мұнда үш-төрт қызметтің басын шалғанын, анау бір жылы «Нұр Отан» партиясының идеологиясын жүргізуге біруақ жегілгенін,  Орталық Қазақстандағы өткен жылы кеншілер ереуіліне қолдау білдіріп тым белсенді болып кеткенін ғана білеміз. Бұған қарап Сырым Әбдірахмановтың «биліктің тапсырмасымен партия құрғалы жатқаны» жөнінде ұшқары ой айтуға әлі ерте. Мұны басқаша айтсақ, көк түйнек алманы тістеп көріп, оның піскендегі дәмін сезе алмайсың.

Құрылғалы жатқан «Алаш» атауына жалғасқан «халық», «социал-демократия» сөздерінен де әлдебір саяси құпия жобаның сілемін іздеудің, «елдегі жалғыз оппозициялық партия атын иемденіп түк істемей отырған  Жармахан Тұяқбайдың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын (ЖСДП) саясат алаңынан мүйіздеп шығарып, оны саяси күресінге итеріп жіберу үшін «Алаш» партиясы жасақталып жатыр»  деп те айдар тағып айқайға басудың қажеті жоқ. Қазіргі тіркеуде бар партияның бәрі сөз жүзінде социал-демократия идеясын ұстанады. Олардың қатарына  «Нұр Отан» да, «Ауыл» да... тіпті «халықшыл» коммунистер (ҚКХП) де кіреді. Бұл ретте «Алаш» партиясының идеологиялық анықтауышы ретінде жалғанған сөздер («халық», «социал-демократия») қарапайым халыққа жақындығын сездірудің шала жарнамасынан басқа ештеңе емес. Айталық, партия атауы «Алаш» халықтық социал-демократиялық» деп емес, «Алаш» социал-демократиялық халық партиясы» деп аталуы тиіс еді. Партия құруды көздейтін бастамашы топтың «Қазақстан коммунистік халық партиясының» атауына бір қарап алмағаны да олардың саяси тұрғыда дүмбілез, піспеген екенін көрсетіп тұр. Сондықтан, саяси процестің илеуіне енді ғана іліккен шикі дүниені сынау, ол жөнінде кесімді пікір айтып тастау «асатпай жатып құлдық ұру» болар еді. Бұдан гөрі «Алаш» атауымен партия құрамыз» деп  жар салған Сырым Әбдірахмановқа қарсы өре түрегеліп, қызғаныштан іші күйіп жатқандардың мүддесін сөз етейік.

«Алаш» атауымен партия құрудың қажеттілігін Қазақстандағы қазіргі саяси ахуалмен байланыстыруға болады.  Қазіргі билік – күшті. Бірақ бұл қоғамның дамуына кепіл бола алмайды. Ол үшін билікпен иық тірестіре алатын күшті оппозиция керек. Бұл - дамудың қарама-қайшылыққа негізделген заңы.  Қазір бұл заңдылыққа қажет шарт жартыкеш болып тұр. Кезінде билікке конструктивті оппозиция болған «Ақ жол» мен «халықшыл коммунистер «Нұр Отан» партиясының фракцияшыл бір бөлшегіне айналып алды. Бітіспес оппозиция кейпінде біраз жүрген Болат Әбілевтің «Азат» партиясы мен Серікболсын Әбділдиннің коммунистері ыдырап кетті. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның оппозиция деген аты бар да, заты жоқ. Ең жаманы сол – қаншама уағыз айтсаң да ЖСДП-ның оппозициялық партия екеніне жұрт сенбейтін болып алды. Қоғамның саяси санасында қалыптасқан осы ваккумды қазір ұлтшыл патриоттар мен бұрынғы оппозицияның жырынды қалдықтары толтырғансып отыр. Олардың қолында қазіргі заманға арналған  қатаң концепциялы саяси-экономикалық-әлеуметтік бағдарлама болмаған соң өткен ғасырдың соңындағы «Алаш идеясын» басшылыққа алғансып, саяси спекуляция жасап, жұртты алдаусыратып жүр. Шындығына келсек, олар айтып жүрген Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылардың  «Алаш идеясының» басты мақсаттары Советтер Одағы тұсында Қазақ ССР-інің құрылуына орай жүзеге асып қойған.  Ал ұлт-азаттық күрестің Мұстафа Шоқай қойған мақсаты өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстанның тәуелсіз ел атануымен мәресіне жетті. Қазіргі билік сол мақсатты баянды ету үшін – Тәуелсіз Қазақстанды мәңгі ел ету үшін жұмыс жасап жатыр. Сондықтан, қазір өздерін «Алаш арыстарының ізбасарларымыз» деп, алашордашылардың портретін көтеріп жүргендер шынайы оппозицияның рөлін атқарып отырған жоқ, бұл – саяси спекуляцияның нақ өзі. Қазақта «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» деген мақал бар. «Алаш арыстарының ізбасарлары» көтеріп жүрген идеяның өтірік екені білініп қалды. Оның үстіне Сырым Әбдірахманов бастаған жастар «Алаш» атауымен партия құрғалы жатыр. Сөз жоқ, партия атауы «Алаш» болғанымен, олар өткен ғасырда өмір сүрген алашордашылардың ескірген бағдарламасын басшылыққа алмайды, қазіргі заманда бәсекелесе алатын жаңа идеялармен қоғам талқысына шығатыны анық. Құрылғалы жатқан партия атауындағы «Алаш» сөзі «Ақ жол», «Ауыл» сияқты символдық мағынаға ие жай атау болып қана қалады. Бұл «Алаш арыстарының ізбасарларымыз» деп саяси спекуляциямен айналысып, оппозицияның кейпін көрсетіп жүргендердің ісі мен болмысын әшкере қылғалы тұр. Сондықтан, «ізбасарлар» Сырым Әбдірахманов бастаған жастарды «Алашқа» жолама, киесі ұрады» деп қорқытып, өздері меншіктеп алған саяси алаңға жақындатқысы келмейді.

P.S. Мақаланың орыс тіліндегі нұсқасы керек болса, редакцияға хабарласыңыз.

Ерасыл Бердібек 

Айдары:  Дүрбі
30.01.18
510 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.