Гүлжан Ерғалиеваның адвокатының әйелі өлі табылды

Гүлжан Ерғалиеваның адвокатының әйелі өлі табылды

«Свобода слова» газетінің бұрынғы басшысы Гүлжан Ерғалиеваның адвокаты Алексей Балакиннің әйелі  - Наталья Яковлева өлі табылды. Ол кеше өзінің үйінің маңында аяқасты жоғалып кеткен. Полиция таратқан мәліметте  Наталья Яковлеваның мәйіті өз үйінен әудем жердегі көпқабатты үйдің ауласынан табылғаны айтылады. Полицияның болжамы бойынша, ол 7-қабаттың кіреберіс балконынан секіріп құлап өлген.

Полицияның болжамына марқұмның күйеуі мен журналист Гулжан Ерғалиева сенбейді. Себебі, мұның алдында болған оқиғалар тізбегі Наталья Яковлева «суицид жасады» деген болжамды жоққа шығарып тұр. Олардың ойынша, Наталья Яковлеваны біреулер ұрлап кетіп, соңынан өлтіріп кеткен.

Соңы қайғымен аяқталған оқиға былайша өрбіген: Кеше Қарлығаш Жақиянованың Гүлжан Ерғалиеваға  1 миллион доллар берешегіне қатысты сот отырысы басталардан екі сағат бұрын адвокат Алексей Балакин хабарласып, әйелінің аяқасты ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтқан. Оның айтуынша, А.Балакин әйелі екеуі Алматыдағы Абай-Гайдар көшелерінің қиылысындағы жекеменшік үйінің алдына машинамен келіп тоқтайды. Алексей әйелін машинада қалдырып, өзі 3-4 минутқа үйіне кіріп шықпақ болыпты. Ол қайтып келсе, машинада әйелі жоқ. Адвокат туған туыстарына телефон шалып әйелін іздеп таппайды. Ал әйелінің телефоны өшіп жатыпты. Нәтиже болмаған соң,  бір сағаттан кейін ол Алмалы аудандық ішкі істер бөлімшесіне арызданады, полиция Наталья Яковлева іздеуді бастайды.

Бірнеше сағаттан кейін полиция Наталья Яковлеваның өлі денесін сол маңдағы көпқабатты үйдің ауласынан тапқанын мәлімдеді. Алдын ала жасалған болжам бойынша, ол 7-қабаттағы балконнан секіріп кеткен, мәйітті қарау кезінде денеде қинау-зорлық белгілері байқалмады. Үйдің маңы мен кіреберісіне қойылған бейнебақылау камераларынан алынған видеода Наталья Яковлеваның жалғыз өзі үйге кіріп бара жатқаны, лифтіге мінгені жазылып қалған. Қазір басқа да жайттарды анықтау үшін сот-медициналық сараптама жасалып жатыр.

Журналист Г.Ерғаливаның айтуынша, Наталья Яковлеваның суицид жасап, биіктен секіріп өлуі мүмкін емес. Себебі, екі жас баласы бар ерлі-зайыпты білімді әрі зиялы адамдар, олардың отбасылық проблемалары болмаған, тату-тәті бақытты өмір сүріп жатқан. Сондай-ақ, Наталья Яковлева психикалық аурумен ауырмаған, ол екі баласын қиып тастап кететін жан емес еді.

Бұған дейін чатта Наталья Яковлеваның атына «отбасыңмен бірге құртамыз» деген сипаттағы қоқан-лоққы хабарламалар келіп тұрыпты. Марқұмның туыстары бұл материалдарды полицияның тексеруіне беріп, Наталья Яковлеваның өлімінің себебін тыңғылықты тексеруді талап етіп жатыр.

«S»

Айдары:  Түтін
24.01.18
477 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.