Нью-Йорктың үздік полицейі Қазығұртқа келді

Нью-Йорктың үздік полицейі  Қазығұртқа келді

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, қандасымыз, Нью-Йорктың үздік полицейі, кикбоксингтен әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы Дінмұхаммед (Димаш) Ысматуллаұлы Ниязов Қазығұрт ауданына келді. Димаш – негізінде Қазығұрт тауы баурайындағы [Қарақия ауылында өткен ғасырларда ғұмыр кешкен, қазақтың Шегір руынан өрбіп шыққан атақты Төлебай және Тәуке халфелердің бел ұрпағы Ысматулланың отбасында, Шымкент қаласында] дүниеге келген. Ол бес жасқа келгенде, ата-анасы 1994-жылы Америка Құрама Штатына қоныс аударған. Содан Димаш атасы Тұрдалы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. Ең алғаш ол былғары қолғапты алты жасында қолына алған. Бокстан ұлттық құрама бапкері Нұрғали Сайфуллиннің мектебінен өткен. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт кешенінде шаршы алаңда алғашқы қадамдарын жасады. 2002-жылы он үш жасында ата-анасына, Нью-Йорктің Оңтүстік Бруклин ауданына барып, ол жақта спорттан қол үзбей, үлкен жетістіктерге жеткен.

Жуырда Қазығұрт ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Дінмұхаммед Низовты аудан әкімі Төлеген Телғараев қабылдады. Оған аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев, соғыс және еңбек ардагері, ауданымыздың төбе биі Иса Телікбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров және тағы басқалар қатысты. Аудан басшысы: «Димаш, біз сенің атыңа да, атағыңа да қанықпыз. Америка Құрама Штатындағы ең үлкен қала Нью-Йорктің ең қауіпті ауданы Оңтүстік Бруклинде есірткімен айналысатын топ басшысын қолға түсіріп, 2017-жылы Штаттың ең үздік полицейі атанғаныңда, біз бәріміз қуанып қалған болатынбыз. Шындығын айтқанда, одан кейін сенің өзіміздің жерлесіміз екеніңді білгенімізде, оған еселеп қуандық. Міне, енді Нұрсұлтан Біләлдің ұйымдастыруымен ауданымызға келдің. Жастарымыз сені келеді дегеннен осында кездесуге барайық, өзіңмен жолығайық, пікір алмасайық деп ниет білдіріп отыр. Аудан басшылығы және 110 мың халқы бар жерлестеріміздің атынан ата-баба кіндік қаны тамған жерді ұмытпай, қадам жасап келіп отырғаныңа алғысымызды білдіреміз», – деді. Аудан әкімі Димашты «Алғыс хатпен» марапаттап, оған өте құнды сый-сияпат жасады.

Абыз қария Иса Телікбаев: «Димаш балам қазақтың, әрі Алаштың атын әлемге танытқан ұлдарымыздың бірі. Қай қазақтың, Алаштың баласы сырт елде жүріп, өзінің халқының, мемлекетінің атын шығарып жүр. Бұл – өте сирек кездесетін қасиет. Сондықтан да аудан басшылығының алдына менің ұсынысым бар. Димашқа Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» деген атақ берілсін. Балам, денің сау, өмір жасың ұзақ болсын, қазақтың, Алаштың аты өзіңмен әлемге таныла берсін», – деп батасын берді.

Дінмұхаммед Ысматуллаұлы: «Ұлы Дала елінің баласы ретінде өз өмірімде жеңіл жол іздегенім жоқ. Алдыма өмірде де, қызметте де, спортта да үлкен мақсат қойдым. Әрине, ол мақсаттарға жету – үлкен күш-жігерді, үзіліссіз еңбекті талап етеді. Оған жету жолында бойымда қазақтың қаны мен қайсарлығы барын, бабаларымыздың өр жауынгерлік рухы барын әрдайым мақтан етемін, әрі сол қасиеттер жігер беріп, алға жетелейді. Қазір мегаполистегі менің жаттығу залымда Қазақстанның көк байрағы төрден орын алған. Ол байрақ мені жаңа жеңістерге жетелеп, жігер береді. Өзімнің Ұлы Дала елінің баласы екенімді де, халқымды да, қандастарымды да ешқашанда ұмытпаймын. Мені шын пейілдеріңізбен, ерекше сүйіспенділікпен қарсы алып жатқандарыңызға бас иемін, алғыс білдіремін», – деді. Көргенді ұл ретінде Қазығұрт ауданы басшылығына мұхиттың арғы жағынан арнайы әкелген сый-сияпатын ұсынды.

Қазығұрт ауданының орталық Мәдениет сарайында жастар лық толды. Кездесуге асығып келген олар Дінмұхаммед (Димаш) Ысматуллаұлы Ниязовты бар ықыластарымен қарсы алды. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев ашып: «Біздің ауданымызда үлкен қуанышты жағдай болып жатыр. Жерлесіміз, әрі қандасымыз Нью-Йорктың үздік полицейі Димаш бүгін ортамызда отыр. Кездесудің жастар үшін маңызы өте зор. Біз дамыған, өркениетті елдер қатарына қосылып жатырмыз. Бұл – үлкен жетістік экономика саласында ғана емес, спорт саласы мен мәдениет саласында да болу керек. Димаштың «алдыма үлкен мақсат қойдым, оған жету үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын» дегені бізге өте ұнады. Жастар Димаштан осы үлгі-өнегені үйренсе екен деймін. Сонау мұхиттың арғы бетінде жүріп, Қазақстанды әлемге танытып жүргені үшін баламызға алғыс айтамыз», – деді.

Иса Телікбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Құттыбек Жұмашұлы сөзге шығып, Димашқа қазақтың ұлттық қамшысын тарту етсе, Жоланбай Көпжасарұлы қандасымызға деген ыстық ықыласын өлең өрнегімен жеткізді. Қ.Жұмашұлы: «Қазақ пен оның баласының қандай екендігін, жалпы ұлтымыздың ерекшелігін көрсетіп жүрген кішкентай ғана Димаштың жасап жүрген еңбегіне тәнті болып отырмыз. Біз Димашпен мақтанайық. Ал, Димаш ата-бабасының Қазығұрт тауының бауырында ғұмыр кешкеніне, өзінің Оңтүстіктің тумасы екеніне әрдайым мақтанып, қуанып жүрсін. «Елдің атын ер шығарады» деген осы болар», – деді.

Бүгінде Димаштың жатықтырушысы – әкесі Ысматулла Ниязов. Ол күн сайын шеберлігін шыңдаудың арқасында кәсіпқой бокстың шаршы алаңында шашасына шаң жұқтырмай келеді. Жеңіл салмақ дәрежесінде он үш мәрте жекпе-жекке шығып, барлығын да жеңіспен аяқтаған. Ол әлем чемпионы болуды армандайды. 2017-жылы Димаштың көптен күткен арманы орындалды. Ол Астананың төрінде шаршы алаңға шықты. Тәжірибелі бразилиялық боксшы Эдуарде Терьермен жұдырық түйістірген қандасымыз еліміздің абыройын асқақтатты.
Дінмұхаммед жастардың сауалдарына нақты жауап берді. «Мен Америка Құрама Штатында үлкен қалада тұрамын. Бірақ осы күнге дейін кішкентай ауылда тұратын сіздердің үлкен махаббаттарыңыздай сүйіспеншілікті сезінген емес едім» – деп ағынан жарылып, разылығын білдірді.

Ешқашанда қиындықтан қашып көрмеген Димаштың бойынан керемет күш-қайрат байқалады. Ол ендігі жерде қазақ елінің атынан олимпиада ойындарына қатысуды арман етіп жүр.
 

Құралбек Ергөбеков.

«Қазығұрт тынысы» газеті.

Айдары:  Төбе
24.01.18
411 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.