Шымкентте «нәзікжанды» тағы бір журналист қамалды

Шымкентте «нәзікжанды» тағы бір журналист қамалды

Шымкенттен шығатын «Темірқазық-Ой» құқықтық- ақпараттық газетінің бас редакторы Анаргүл Сүлеева (1,2- суретте) аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған. Оның ішінде біреудің ар-намысын қорлап, интернетте порнографиялық материал таратты деген бап та бар.

Анаргүл Сүлеева (ол өзін кейде «Анар» немесе «Анара» деп таныстырады) 2016 жылдың басында «Әділдікті қорғайық»  қоғамдық бірлестігінің тілшілері Бағила Қадырбаева (3- суретте)  және Хабиддин Рахманбердиевпен бірігіп, Асабай қажы Тасқараевты (4- суретте)  кафеге отырғызып, алдап арақ ішкізіп, удай мас қылып жалдамалы пәтерге алып барған. Сол жерде есін еміс-еміс білетін қажыны тырдай жалаңаш шешіндіріп, видеоға, суретке түсірген. Одан соң, қажыны жалаңаш күйінше көшеге алып шығып келеке қылып, онысын тағы да бейнекамераға жазып жүрген. Сағат түнгі екі шамасында жалаңаш күйіндегі А.Тасқараевты үйінің алдына түсіріп, бұл сәтті де бейнекамераға жазып алған. Кейін бейнематериалдың бәрін интернетке  салып жіберген.

Асабай қажы Тасқараевтың айтуынша, «Әділдікті қорғайық»  қоғамдық бірлестігінің журналистері мұндай сорақы әрекетті әлдебіреудің өзін масқаралау үшін арнайы тапсырысы бойынша жасаған. Бірақ оның кім екенін, журналистердің одан қанша ақша алғанын дөп басып айта алмайды, тек өзінің бұрынғы құдасына күмәнмен қарайды. Журналистерге тапсырыс содан түсті ме деп ойлайды.

«Қажыны масқаралау операциясына» Анаргүл Сүлеевадан басқа үш адам қатысқан. Олардың екеуі  - Бағила Қадырбаева мен Хабиддин Рахманбердиев  2017 жылдың күзінде қамалды. Журналист Анаргул Сүлеева осы екеуінің тергеушілерге берген түсініктемесінен кейін ғана қамауға алынған сияқты. Қажыны масқаралауға қатысқан төртінші адам жөнінде нақты мәлімет жоқ. Алғашқы үшеуі қажының абыройын айрандай төккен материалдарды интернетке кім жүктегенін білмейтінін айтып, басын алып қашып жатыр.

2016 жылдың басында болған оқиғаға кінәлі адамдарды екі жыл өткен соң ғана жауапқа тартудың астарында гәп бар. Бұрын «қажыны масқаралау операциясына» қатысқан журналистер өзара  тату болған. Кейбір мәліметтерде, күмәнді іспен айналысқан бұл топқа алпыс жасты алқымдаған Бағила Қадырбаева басшылық жасаған. Ол өзін былайғы жұртқа «Нұр Отан» партиясының белді мүшесімін» деп таныстырып, «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен  Шымкенттен үй алып бере алатынын айтып, «қамқоршы журналистің» кейпін көрсетіп жүріпті. Тіпті, мемлекеттің есебінен тегін үй алудан үміттенген қауым өздерінің «қамқоршысын»  «Домалақ ана» деп атап, құрметтеп, ардақтапты. Әрине, «Домалақ ана» «құрғақ қасықсыз» жүрмейтін. Сотқа жеткен тергеу мәліметінде Бағила Қадырбаева кемі 19 адамды алдап, алаяқтықпен жалпы сомасы  90 миллион теңгесін иемденіп кеткені айтылады. Алаяққа алданып қалғандардың ішінде «хат танитын» журналистер – Гүлмира Байғабылова, Анаргул Сүлеева және Хабиддин Рахманбердиев те бар.

Бағила Қадырбаеваның алаяқтығына қатысты 2016 жылдың күзінде өткен сот отырысында журналист Гүлмира Байғабылова  қара халықтың «қамқоршысы» болып жүрген «Домалақ анаға» «үй алып берші» деп өз қолымен  2 миллион теңге ұстатқанын айтты. Бірақ , ол уақыт өте келе Б.Қадырбаевадан күдіктене бастаған да, одан ақшасын қайтарып алудың амалын жасапты. Нәтижесінде, ақшасының жартысынан астамын қайтарып алыпты. Сондықтан, ол сотта айыпталушы Қадырбаевадан қалған 600 мың теңгесін талап етті.

Бұл сотқа Хабиддин Рахманберидев куә ретінде қатысқан. Ол Шымкенттен пәтер дәметкен Қазығұрт ауданында тұратын мектеп мұғалімі Сәрсенкүл Байдалиеваның «үмітін» Бағила Қадырбаеваға жеткізген.  Бірі екіншісін танымайтын дәл осы сияқты делдалдық әрекетті журналист Анаргүл Сүлеева да жасапты. Ол да Шымкенттен бюджеттік үй алғысы келетін таныс-туыстарының ақшасын Бағила Қадырбаеваға жеткізіп берген.  Бірақ, сотта «Темірқазық-Ой» құқықтық-ақпараттық газетінің бас редакторы Анаргул Сүлеева өзінің әріптесі Хабиддин Рахманбердиев сияқты бейтарап позиция ұстанбады,  «Домалақ анаға» (Бағила Қадырбаеваға) кәрін төге сөйледі. Тіпті, ол Б.Қадырбаеваны жұртты алдау үшін «гипноз қолданды» деп айыптап, «Мен бұл мәселені соңына дейін жеткізбей қоймаймын» деп доқ көрсете сөйледі. Осы кезде-ақ «қажыны масқаралау операциясын» бірігіп жүзеге асырған «нәзікжанды» екі журналистің арасы бітіспестей ажырағаны белгілі болған.  Сірә, қазір «Қажыны масқаралау операциясына» кім басшылық жасады?» деген сұрақ күн тәртібіне шыққан сияқты. Қамауда отырған журналистер барлық бәлені әріптесінің мойнына іліп жатуы да мүмкін. Мұның бәрі – қылмыстық әрекетте кімнің қандай рөл ойнағаны сотта белгілі болады.

Сәкен Түсіпбек

Айдары:  Түтін
22.01.18
491 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.