Асылбек Мусин өліміне не себеп болды?

Асылбек Мусин өліміне не себеп болды?

Қазақстандағы рационал монотеизмнің негізін салушы Асылбек Мусиннің өлімін тексеріп жатқан Рига қаласының полициясы әлдебір мүдделі күштер салып берген сүрлеумен кетіп барады. Олар рационал монотеистер («құраншылар») мен ислами түрлі ағымдардың арасындағы қайшылық пен кикілжіңді Асылбек Мусин өлімінің бір себебі ретінде қарастыруға үзілді-кесілді барғысы келмейді, жұмысты көбейтпей, «депрессияға ұшырап, өзіне-өзі қол салып өлді» деп қылмыстық істі жауып тастап, тыныш отырғысы келетін сияқты. Сондықтан, Асылбек Мусиннің «өзіне өзі қол салғанын» «дәлелдейтін» әлдебір жағдайда жазылған екі жапырақ қағазға бүткіл жауапкершілікті артып отыр.  Төменде көшірмесі жарияланып отырған бұл хат, тергеушілердің пікірі бойынша, тамыз айында 15-ші қабаттан құлап өлген Ғалия Қайыржановаға тиісті екен. Дегенмен, Асылбек Мусинді «депрессия ұшыратып», «өліміне себепкер болған» хаттың тергеушілер қолына қалай жеткені айтылмайды. Осындай жағдайда марқұм Ғалия Қайыржановаға тиесілі деп айтылатын хаттың көшірмесін, сондай-ақ «құраншы» Асылбек Мусинге тікелей қатысты кейбір оқиғаларды баяндауды жөн санап отырмыз.

 

 

Жоғарыда жарияланған хатты тұтас қарастыруға болмайды. Оның Құранды аударуға қатысты бөлігінің қай кезде жазылғаны белгісіз. Себебі, «құраншылар» Құранды тікелей аударуды және Ондағы кейбір сөздерге түсініктеме беруді әлдеқашан аяқтап қойған.  Хаттың басқа бөлігіне келсек, онда Асылбек Мусинді «депрессия ұшырататындай» дәнеме жоқ – дін мәселесімен шұғылданып жүрген рационал монотеистердің арасында болып жататын ашық әңгіме ғана. Әрине, қазақстандық «құраншылардың»  беделді екі өкілінің әйел мен еркек ретіндегі қарым-қатынасы қандай болғанын дөп басып айту қиын. Бірақ, барлық проблеманы ақылға жеңдіріп шеше алатын рационалистер кез келген күрделі қиын жағдайдың күрмеуін шеше біледі. Оның үстіне, Асылбек Мусин  - эмоцияға берілмейтін, жер қозғалса да қозғалмайтын салмақты-сабырлы, ойы қатаң адам. Мұны оның видеосұхбаттарынан көреміз. Ол өзінің ар-намысына тиетін кез келген арандатушы сұраққа да тызаңдамайды, ашуланбайды және сұраққа дәлелін тауып, салмақты жауап береді.

Осы ретте Асылбек Мусиннің мінезіне қатысты 2009 жылы Қазақстанда болған бір оқиғаны баяндауды жөн санап отырмыз. Сол жылдың ақпан айының соңында қазақстандық «құраншылардың» «Ізгі амал» атты пікірлестер клубының поштасына Асылбек Мусиннің жеке басына қоқан-лоқы көрсеткен хат келіп түсті. Онда «діннен безген еретик» ислам дінінің құндылықтарына шабуылдауын тоқтатпаса, оны түп-тұқиянымен құртатыны айтылған. Хат мәтінінен  авторының уаһабшы сәләфи көзқарастағы адам екені көрініп тұрды. Хаттың қайдан келгенін анықтау үшін «Ізгі амал» клубының директоры  Талғат Есенқұлов (суретте, ол 2015 жылы белгісіз жағдайда қайтыс болды) пен Асылбек Мусин полиция мен ІТ (информациялық технология) мамандарына жүгінді. Нәтижесінде, Асылбек Мусин өміріне қатер төндірген қоқан-лоқы хат «Литер» газетінің редакциясындағы компьютерлердің бірінен шыққаны анықталды. Бұл кезде «Литер» газеті «Нұр-медиа» холдингінің қарамағына өткеніне көп болмаған.

 Сондай-ақ, осы тұста «Нұр-медиа» басшылығына – холдингтің бас директорының орынбасары болып бұған дейін «зікіршілер» деп аталатын сопылық сектаның идеологиялық қызметіне шатылған Асқар Омаров (Аскар Умаров, қазір Асқар Құмыран деген атпен белгілі, мемлекеттік «Қазинформ» агентігін басқарады) келіп, «Нұр-медиа» қарасты газет-журналдардың саясатын өз қолына алған-ды. Сондықтан болса керек, медиа  холдингке қарасты ақпарат құралдарынан қазақ қоғамына енді танымал бола бастаған «құраншыларға» қарсы ақпараттық соққы беріле бастады. Асылбек Мусиннің жеке басына қоқан-лоқы жасалған уаһабшы сәләфилік стилде жазылған әлгі хатта «зікірші» сопылардың қарымта кек қайтару  саясатының құрамдас бөлігі болып қарастырылды. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені осы тұста Қазақстанның құқық қорғау органдары «зікірші» сопылардың лидерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғап, оларды экстремизм бабы бойынша айыптап жатқан. Олар өздеріне қарсы жасалған осы іске сәләфилік ағым өкілдерімен қатар «құраншыларды» кінәлі санайтын. Сондықтан, Асылбек Мусинге қоқан-лоқы көрсеткен әлгі хат сәләфилер мен «құраншылар» арасындағы бұрыннан бар кикілжіңді күшейте түсуі керек болатын. Бұл ретте Асылбек Мусиннің әкесі Асылан Мусиннің Президент әкімшілігі жетекшісі қызметін атқарып отырғаны да да есепке алынды. Бірақ, «құраншы» Асылбек Мусин «зікіршілердің» арандатуына еріп кеткен жоқ. «Ізгі амал» клубының директоры Талғат Есенқұлов пен Асқар Омаров арасындағы қиын келіссөзден кейін «Литер» газеті өзінің айыбын жуып-шаю үшін Асылбек Мусиннің көлемді сұхбатын жариялауды міндетіне алды. Солай болды да. Әрине, «құраншылар» арасында «Литер» газетінің басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тартқысы келетіндер де болды. Бірақ, мұндай әрекетке баруға Асылбек Мусин үзілді-кесілді қарсы болды. Оның пікірінше, айыптауы басым сын сөзге сөзбен ғана жауап беру қажет. Оның үстіне, ол кезде «құраншылардың» рационалистік идеяларын насихаттайтын ақпарат құралдары жоқтың қасы тұғын. Сондықтан, ол «Литер» газетіне  дін, наным-сенім мәселесін қамтитын сұхбатын жариялаумен ғана шектелуге мүдделі болды. Осы оқиғаны «құраншылар» Асылбектің түйінді мәселені эмоцияға берілмей, сабыр сақтап, бәрін ойға салып салмақтап шешетін адам ретінде еске алады. Сондықтан оның әлдебір жасық күйге түсіп, өзі өзіне қол салатын өлімге қимайды.

Рационал монотеистердің көшбасшы ойшылы Асылбек Мусиннің өліміне қатысы  барлық оқиғаларды жіті зерттеу маңызды. Соның бірі деп Ресейдегі мұсылман қауымы ішіндегі айтыс-тартысты да айта кеткен жөн. Мысалы, осы қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын – 17 желтоқсанда Ресейдің түгелге жуық аймақтарының дінбасылары мен дінтанушыларының «Мұсылмандар «құраншылар» сектасына қарсы» атты мәлімдемесі шықты. Ресей федерациясы мұсылмандары діни басқармасының (РФМДБ) төрағасы, бас муфти, шейх Р.Гайнутдин мен РФМДБ Үлемі кеңесінің төрағасы Ш. Аляутдиновтің атына жазылған мәлімдемеде «мұсылмандарды шатастырып жүрген «құраншыларға» қарсы қатаң шара қолдануды өтінген. Бұл хатқа жауап көп күттірген жоқ. Желтоқсанның 19 күні Мәскеу қаласында өткен Ресей Мүфтилерінің 5-мәжілісі «құраншылардың» идеологы саналып жүрген теология профессоры Тауфик Ибрагим мен Татарстан муфтиінің бұрынғы орынбасары Рустам Батровқа кәрін төкті, оларды мұсылмандар қауымдастығының қандай болмасын жұмысынан аластату жөнінде қатаң үкім айтылды. Бұл жерде Ресей «құраншысы» Тауфик Ибрагимнің қазақстандық Асылбек Мусинмен тығыз байланыста болғанын, «Ізгі амал» клубының шақыртуымен 2008 жылы Атырау қаласында өткен «Ислам  экстремизм мен  терроризмге қарсы» атты конференцияға қатысқанын айта кеткен жөн. Одан кейінгі жылдарда да Асылбек Мусин мен Туфик Ибрагим арасындағы байланыс үзілген емес, екі «құраншы» тізе қосып әрекет етті.  Тауфик Ибрагимге қарсы Ресей молдаларының тарапынан әдейі ұйымдастырылған қаралау науқаны мен ТМД елдері аумағында «бас құраншы» саналатын Асылбек Мусин өлімі арасында қандай байланыс бар? Бұған әбден радикалданып кеткен уаһабшы сәләфилік бағытты ұстанатын Ригадағы «Ислам мәдени орталығының» қатысы қанша? Осы сұрақтарға Рига полициясы мардымды жауап алса ғана, «құраншы»  Асылбек Мусин өлімінің шындығы ашылады.

Редакция

 

 

 

 

 

 

Айдары:  Дүрбі
03.01.18
2179 оқылды

Пікір саны (3)

Anonymous

Есенқұлов Талғат жүрек талмасынан кенеттен(инсульт,өмірде ауырмаған)қайтыс болды.Ғалия Қайыржанова нəрестесі шетінеген үшін ішқұса болып 15-ші қабаттан секірген деді(қоштасу хатында ол туралы еш нəрсе айтылмаған).Жұмбақ сұрақтар өте көп. Уақыты келгенде барлық шындық ашылады.

Алмазбек

немнебале!Кораниттердин бари белгисиз жагдайда оле береди? Есекулов олген Каиржанова олген Мусин олген. тири коранит калмады ма?

Anonymous

Асылбек Мусинді қасақана өлтіруге əлдебір күштердің тапсырыс бергені анық көрініп тұр

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.