Асылбек Мусинді кім өлтірді?

Асылбек Мусинді кім өлтірді?

Қазақстандағы рационал монотеизмнің негізін салушы Асылбек Мусиннің өліміне қатысты кейбір фактілер  бұрмаланып жатыр. Мұның бәрі  өлім себебін анықтау үшін жүргізіліп жатқан тергеуге ықпал етіп оны бұрмалауға бағытталғаны анық және әлдебір күштердің Асылбек Мусиннің қазасын «депрессияға ұшырап, өзіне-өзі қол салып өлді» деп түйіндеп тастауға аса мүдделі болып отырғанын білдіреді.

Асылбек Мусиннің қазасы жөніндегі ақпаратты ең алғаш жариялаған «Серке.орг» сайты болатын. Ригадағы сенімді дереккөз жеткізген мәліметте марқұмның 15-ші қабаттан құлап өлгені де айтылған. Бірақ, «Серке.орг» сайты қылмыстық істің тергелуіне кедергі жасамас үшін, тергеудің объективтілігін бұзбас үшін «белгісіз жағдайда қайтыс болды» деп қана түйіндеген еді. Дегенмен, бір күннен кейін қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев (3-суретте) Асылбек Мусиннің 15-ші қабаттан құлап өлгенін хабарлап жіберді. Кейін осы қайғылы оқиға жөнінде хабар таратқан ақпарат құралдарының бәрі Талғат Қалиевке сілтеме жасаумен болды. Тіпті Латвияның  LTV7 телеарнасы да Талғат Қалиевтен сенімді дереккөз ретінде сұхбат алыпты. Телеарна таратқан хабарда «Ригада 15-ші қабаттан құлап кеткен Асылбек Мусин қайтыс болардың алдында бірнеше ай бұрын тура осылай оның жары бақилық болғаны», «оқиға 22 тамызда дәл сол Рига қаласының батыс бөлігінде орналасқан Иманте ауданындағы көпқабатты үйде болғаны» айтылды. Ал саясаттанушы Талғат Қалиев "Оның жары да осылайша қайтыс болды. Ол депрессияда болды... терезеден секіріп кетті. Ол өзін кінәлады, депрессияда болды, соңында шыдай алмаған секілді. Ол біреуге кедергі келтіретіндей саяси фигура болған жоқ" деп, бәрін кесіп-пішіп түйіндеп тастады. Сондай-ақ,  LTV7 телеарнасы оқиға болған үйдің аула сыпырушысымен де сұхбаттасыпты. Ол Асылбек Мусиинің балалары балабақшаға осы үйден барып жүргені жөнінде айтады. Дегенмен, телеарна таратқан хабарда да, Талғат Қалиевтің сөзінде де нақтылық жоқ, дәлірегінде ол қоғамдық пікірді манипуляциялауға бағытталып отырғаны байқалады.

Мәселенің мәнін аша түсу үшін саясаттанушы Талғат Қалиевтің тұлғасына тоқтала кеткен жөн. Ол Асылбек Мусиннің туысы да, досы да емес. Сондықтан да оның Асылбекке жақын жүрген адамша пікір айтуға моральдық қақы жоқ болатын.

Талғат Қалиевтің  қызметі 2000-шы жылдардың ортасында Қазақстанда кеңінен қанат жайып, құтырынып  кеткен «зікіршілер» атты сопылық сектамен байланысты. «Зікіршілер» «Қазақстан» ұлттық арнасын жаулап алып, ақпарат саласында жеңіске жетіп, дәуірлеп тұрғанда Талғат Қалиев медиа-корпорацияның  Ақпараттық және сараптамалық бағдарламалар дирекциясының (ДИАП)  тізгінін ұстады. Себебі ол «зікіршілік» сопылық ағымының  бас идеологы Ғалым Боқаштың сенімді серігі болатын.  Ал Құдай мен Құраннан басқаны мойындамайтын «құраншы» Асылбек  Мусин дінді жамылғы қылып жүрген тоталитарлық  секталардың бәріне қарсы болғанын, олардың жымысқы әрекеттерін әбден әшкере қылып, масқарасын шығарғанын білеміз. Сондықтан, Асылбек Мусиннің өліміне қатысты Талғат Қалиевтің «басты сарапшы» болып кетуі күмәнді, оның пікірін объективті деп қарауға болмайды. Мұны біз Талғат Қалиевтің аузынан тарап жатқан сөздердің қателігінен де байқаймыз. Мысалы, 2017 жылдың 22 тамызында 15-қабаттан құлап өлген әйел адам Асылбек Мусиннің жары деген сөз де қате. Шындығына келсек, Асылбектің әйелі басқа адам (оның аты-жөнін жазуды жөн санамай отырмыз). Олардың үш баласы бар. Ал 15-қабаттан құлап өлген марқұмның аты-жөні  Ғалия Қайыржанова (4-суретте). Ол да рационал монотеизм идеясын таратуда «құраншылар» арасында белсенділігімен танылған адам, үнемі Асылбек Мусиннің қасынан табылатын. ТМД елдерінің түкпір-түкпірінде өткізілген ғылыми-практикалық конференцияларды (бұл шараны «құраншылар» «қажылық» деп атайды) ұйымдастырудың басы-қасында Ғалия Қайыржанова жүретін. Оның өлімі аз ғана топты құрайтын «құраншылар» үшін орны толмас өкінішті жағдай болғаны анық.

 

«Құраншылардың» білдей екі өкілі өлген жер - Рига қаласының батысында. Ал Асылбек Мусин бала-шағасымен қаланың тіпті басқа бөлігінде тұратын. Сондықтан, Иманте ауданындағы көпқабатты үйдің аула сыпырушысы Асылбектің балаларын балабақшаға тасып жүргенін қайғылы оқиға болған жерден көруі мүмкін емес. Сондай-ақ Талғат Қалиев айтқандай, Асылбек Мусин «біреуге кедергі келтіретіндей саяси фигура болған жоқ» деген сөзі бекер, шындықты бүркемелеу. Оны және «құраншыларды» сопылар да, сәләфилер де, басқа діни ағымдар мен секталар да  «иттің етінен бетер» жек көретін. Тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) осыдан оншақты жыл бұрын «құраншылар» идеясын терістеп, «діннен безген» деген сипаттағы арнайы пәтуа шығарған. Сондықтан, Асылбек Мусин мен Ғалия Қайыржанованың белгісіз жағдайда қаза болуын жан-жақты тексеру ғана тергеу ісінің обьективтілігін қамтамасыз ете алады.

Бұлайша сөз қозғауға бұған дейінгі тарихи фактілер де себепші болып отыр. Мысалы, өткен ғасырдың соңында Құран Жаратушының кітабы екенін математикалық әдіспен дәлелдеген Рашад Халифаның (1935-1990) «19-дың коды» атты жаңалығы рационал монотеизм («құраншы») идеясына тың серпін берген болатын. Осыған байланысты 1989 жылдың 19 ақпанында Меккеде «Ислам фикх академиясы» 38 елдің беделді имамдарының  басын қосқан арнайы жиында  Рашад Халифаны сын садағына алды. Жиын қорытындысында  Рашад Халифаны «имансыз және діннен безген» деген арнайы пәтуа шығарып, лағынет айтылды. Бір жылдан кейін, 1990 жылдың 31 қаңтары күні АҚШ-тың Тусон қаласындағы мешітте Рашад Халифаны таңғы намазын оқып жатқан жерінде  пышақтап өлтіріп кетті.

 

 

 

Қазақстандық «құраншы» Асылбек Мусин Рашад Халифаның ізбасары саналады. Ол  Халифаның «19-дың коды» атты зерттеуін одан әрі  жалғастырды,  зерттеуді жаңа деңгейге көтерді, байытты. Оның діни танымдық, философиялық лекцияларында наным-сенімге қатысты түйткілді мәселелер кеңінен қамтылған. Оның басым бөлігі орыс тілінде жазылды. Сондықтан, постсоветтік елдерде Асылбек Мусиннің елеусіз қалуы мүмкін емес. Оған қарсы ақпараттық сипаттағы шабуылдар мен мен орынсыз сын көп айтылды. Соған қарамай Асылбек Мусин салмақты мінез танытты, эмоцияға ешқашан берілген емес, ол бәрін ақылға жеңдіретін, жан-жақты сараптай келе ғылыми негізде ғана қорытынды пікір айтатын.

 

 

Асылбек Мусин мен Ғалия Қайыржанованың өліміне қатысты мән-жайды зерттеу барысында Латвиядағы ақпарат құралдарына назар аудардық. Онда «сүрініп кетіп аяғын сындырып алды», «суға батып кетті», «денесі күйіп қалды» деген сипаттағы болмашы оқиғаларды бірін қалдырмай жазатын бірнеше сайт бар екен. Мұны халқы аз кішігірім елге тән құбылыс деп бағамдадық. Дегенмен, 15-қабаттан құлап өлген Ғалия Қайыржанова мен Асылбек Мусин әлгі сайттардың ақпарат тізбегінде болмай шықты. Есесіне, осыдан бұрынғы бір-екі жылдықта Латвия баспасөзі Ригадағы «Ислам мәдени орталығының» әбден радикалданып кеткені жөнінде жиі дабыл қаққан. Соған қарамай орталықтың жетекшісі Олег Петров (мұсылманша Имран есімін алған) жергілікті ақпарат құралдарының эфиріне жиі шығып, сәләфилік ағымның насихатымен айналысыпты. Тіпті ол террористердің қолынан қаза тапқан француз карикатуристерінің өліміне қатысты пәтуа түйіндеген. Бұл жағдайға Латвия полициясы неге назар аудармағаны түсініксіз. Көп уақыт өтпей-ақ «Имран» Сириядағы «Ислам мемлекеті» содырларына қосылып, осы террористік ұйымның насихатшысына айналып, жиһадқа шақырған үндеулер жасап жүр.

 

 

Латвия полициясы  Марис Бергхолдс (мұсылманша Ахмед есімін алған) есімді радикалды да қадағалауға алмаған. Ол Ирактағы соғысқа өз еркімен кетіп, 2003 жылғы шайқас кезінде АҚШ әскерінің тұтқынына түскен. Кейін латвиялық журналистердің көмегімен тұтқыннан босап Ригаға оралған. Бірақ тағы да тыныш жүрмей мұсылман қауымын жаппай жиһадқа шақырып, кітап жазыпты. Кейін ол да Сириядағы «Ислам мемлекеті» терроршылар ұйымына барып қосылған. Латвия журналистері дайындаған материалдардан Ригадағы «Ислам мәдени орталығының» қазіргі басшылары да радикал әрекеттен тайынбайтынын байқауға болады. Осы жайтты ескерсек, сәләфилік ағым өкілдерінің тарапынан «діннен безді» деген айып тағылып жүрген қазақстандық «құраншылардың»  Ригадағы «Ислам мәдени орталығының» назарына ілікпеуі мүмкін емес. Сондықтан, Асылбек Мусиннің өліміне қатысты құрылған тергеу-тексеру тобы осы жағдайды да жіті зерттеуі тиіс.

Редакция 

Айдары:  Дүрбі
30.12.17
773 оқылды

Пікір саны (4)

Anonymous

Құрметті редакция, Талғат Қалиев деген саясаткерсымақты өтірік ақпарат бергені үшін сотқа беру керек. Айды-күннің аманында суицид жасап өлді деген өз алдына заңды некедегі əйелі де қаза тапты деу барып тұрған жала

https://bnews.kz/ru/news/supruga_asilbeka_musina_takzhe_kak_i_muzh_vipal...

Anonymous

Кораниты против муфтията ДУМК....

https://youtu.be/B_R4rW_cTKc

Anonymous

Кораниты против салафитов....

https://youtu.be/hhvK6fw6LGs

Anonymous

Кораниты против суфистов-зикристов...

https://youtu.be/c4MbezAO4cU

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.