Қырғыз-қазақ қатынасының ушыққан проблемасы шешілді

Қырғыз-қазақ қатынасының ушыққан проблемасы шешілді

Қырғызстанның экс-президенті А.Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарсы орынсыз айтылған сөздерінен кейін екі ел арасындағы ушығып кеткен кеден бекеттеріндегі проблема өз шешімін тапты. Қазақ және қырғыз үкіметтері кеше Астанада келіссөз жасап, оның қорытындысы бойынша екіжақты экономикалық әріптестіктің жол картасына қол қойды. Жол картасы бойынша, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кеден және салық салалары тәрізді екіжақты әріптестіктің өзекті мәселелерін түбегейлі шешуді көздейтін 50 шара жасалуы тиіс. Келісімнің жедел орындалуы тиіс 16 шарасының бірі ретінде 3 желтоқсаннан бастап Қазақстанның шекара қызметі Қырғызстанмен шекарадағы барлық бақылау-өткізу бекеттерінде күшейтілген шекаралық бақылауды доғарып, күнделікті шекара күзеті тәртібіне ауысты. Себебі Қазақстан шекарадағы бақылауды қазанның 10-ынан бастап күшейтілген режимге көшірген болатын, соның салдарынан Қазақстан аумағына өту қиындап, шекаралық бекеттерде бірнеше шақырымға созылған жүк машиналарының ұзын-сонар кезегі пайда болған.

Соңғы бір айда қатты шиеленісіп кеткен қырғыз-қазақ қатынасының түйінін шешуге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрындық болғанын баса айта кету керек. Ол Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбековтің Астанаға арнайы сапармен келуін күтіп жатпады. Қарашаның 30-ы күні Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде өткен  Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше (ҰҚШҰ) мемлекеттердің басшыларының саммиті кезінде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесіп, екі ел арасындағы кеден-шекара проблемаларын шешу үшін үкіметаралық келіссөз өткізуге тапсырма берді. Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековтің  А.Атамбаевтың қолдауымен Қырғызстанның президенті болып сайланған, екі ел арасындағы жағдайды ушықтырған Атамбаев екенін, оның бір ай ішінде бірнеше мәрте Қазақстан президентінің жеке басына қаратып айтқан жағымсыз сөздерін қаперге де алған жоқ. Мұны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Санат Көшкінбаев үлкен дипломатиялық дарындылық деп бағалады. «Нұрсұлтан Назарбаев қалайша кез келген тығырықтан оп-оңай шығып кетуге болатынын көрсете білді. Бұл Қазақстан көшбасшысына ғана тән мәнер. Меніңше, бұл «Назарбаев стилі» деген атауға кездейсоқ ие болмаған секілді. Тез арада өзара тиімді шешімдер ұсынылды. Бұл Қазақстан президентінің стратегиясындағы артықшылық. Өзара тиімділік, диалог форматы, пейіл мемлекет басшысының дипломатиялық тәжірибесінде бұрыннан бар. Бұл әлемдік ірі саясаткерлердің қатарындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор тәжірибесі» деді Санат Көшкінбаев.

Биыл екі ел арасындағы проблемалардың ушығуына кінәлі А.Атамбаев бұған дейін де Қазақстанға, Қазақстан билігіне, Қазақстан президентіне қарсы жағымсыз сөз айтқан. Сонда журналистердің осы мәселе қатысты сұрағына Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттер кетеді, халық қалады» деген сыңайда жауап беріп, көрші отырған қырғыз-қазақ достығының болашағына күмән келтірудің қажеті жоқ екенін айтқан. Қазақстан президенті осы ұстанымынан айныған жоқ. Ол Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековпен бірлесіп, проблеманы шешуге жедел кірісіп, қырғыз және қазақ үкіметтерінің келіссіөз жүргізуне ұйытқы болды.

 

Екі ел арасындағы эконмикалық ынтмақтастық пен әріптестік жасау қырғыз-қазақ шекарасын аңқитып ашып тастау емес. Өзара тауар алмасу, тасымалдау қатаң бақылауда болуы шарт. Себебі, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіретін Қырғызстан мен Қазақстан осы экономикалық ұйымның талаптарын мойынсынып, оны орындауға міндетті. Ешқандай тарап зиян шекпей, өзара тиімді экономикалық қарым-қатынас орнатуы тиіс. Қырғыз және қазақ үкіметтерінің келісімінде осы мәселе басшылықа алынды,  қырғыз тауарларының Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығуын қамтамасыз ету мақсатында қырғыз экономикасын ЕАЭО нормалары мен талаптарына ары қарай бейімдеуге бағытталды. Қазақстан мен Қырғызстан ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында кеден, салық, ветеринарлық, фитосанитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды бірлесіп қамтамасыз ету, сонымен бірге Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің қатысуымен қазақ-қырғыз шекарасы арқылы экспорттық-импорттық және транзиттік жүк тасымалын қамтамасыз ету бойынша жаңадан белгіленген міндеттер қойылды. Қырғызстан жағы жоғарыда аталған салалар бойынша бақылауды толығымен ЕАЭО талаптарына сай жүзеге асыру жөнінде міндеттеме алды. Осы келісімнің шарттары орындалса, онда шекарадағы кеден бекттерінде бұдан былай проблема туындамауы тиіс.

Ерасыл Бердібек

Айдары:  Дүрбі
03.12.17
130 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.