Оппозицияда алаяқтыққа қатысты ортақ пікір жоқ

Оппозицияда алаяқтыққа  қатысты ортақ пікір жоқ

Тарыдай шашырап, үлкен дағдарысты бастан кешіп жатқан оппозициялық ұйымдар мен қоғам белсенділері саяси қателіктерін ұғынып қайта ұйысуы былай тұрсын, олардың арасында қандай да бір мәселеге қатысты ортақ пікір жоқ. Бұл жағдайдың объективті де, субъективті де себебі бар. Мұны біз бірнеше нақты оқиға бойынша дәлелдей аламыз.

Мысалы, күні кеше ғана Астанада қоғам белсендісі Махамбет Әбжан (2-суретте) «алаяқтық жасап, өзгенің мүлкін иемденіп кеткені үшін» 3,5 жылға сотталды. Сондай-ақ, сот шешімінде оның алаяқтық жолмен тапқан дүние-мүлкі тәркіленетін болды. Мұны оппозицияның кейбір өкілдері әлдебір саяси тапсырыстың жазасы ретінде бағалап жатыр.

Сотқа қатысқан Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшілерінің бірі Зәуреш Батталова (1-суретте) Әбжанның ісіне қатысты процесті өзгелерге сабақ болу үшін өткізілген көрнекі сот деп санайды. Әрине, Махамбет Әбжанның бұған дейінгі саяси белсенділігін ғана қаперге алып қарасақ, солай болып көрінеді. Себебі ол Байқоңырдан Ресейдің протон зымырандарын ұшыруға қарсы құрылған «Антигептил» қозғалысының белсенді мүшесі болған, Астанада үй ала алмай алданып қалған үлескерлер мен ипотекалық қарызға батқандардың мүддесін қорғаумен шұғылданған (бұл шаруамен З.Батталова да айналысты). Бірақ, тергеу материалдарын қарап отырсақ, Махамбет Әбжан азаматтардың құқығын қорғаумен ғана емес, үй құрылысы бизнесімен, ара-тұра алаяқтықпен айналысқанын білуге болады. Ол  «жоғары жақтағы таныстарым арқылы Астанадан үш бөлмелі пәтер алып берем» деп Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ғалымжан Пановтың  бір миллионға жуық теңгесін иемденіп кетен. Ал өзінің досы, бизнестегі әріптесі, «Ынтымақ Құрылыс Астана» компаниясының директоры Азамат Жетпісбаевқа жоғарғы жақтағы таныстарымның көмегімен жер телімінің мақсатын көп қабатты үй салуға өзгертіп берем деп, оның 8 мың долларын ішіп-жеп қойған. Сот Пановтың нақты дәлелдер ұсына алмауына байланысты оның талабын қанағаттандырмады. Қорыта айтқанда,  қазір Махамбет Әбжан өзінің досы А.Жетпісбаевты алдап кеткені үшін сотталып отыр.

Билікке сатылып, кейін (2016 жылы) жабылып қалған «Свобода слова» газетінің бұрынғы бас редакторы Гүлжан Ерғалиева (1-суретте) да М.Әбжанның сотталуын оның қоғамдық саяси белсенділігімен байланыстырады. Бірақ, ол өзінің жеке бас мүддесіне сай сөз қозғап отыр. Оның айтуынша, Махамбет Әбжан бар болғаны өзгенің 3 мың мен 5 мың доллар аралығындағы қаржысын алдап алып кеткен. Ал бұрынғы оппозицияшыл саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелі - Қарлығаш Жақиянова (3-суретте) Г.Ерғалиеваның 1 миллион долларын созбаққа салып қайтармай жүр. Бұл сома М.Әбжанның берешегімен салыстырғанда 100 есе көп. Солай бола тұра, борышкер Қ.Жақиянова бостандықта жүр, тек оған шетелге шығуға ғана шектеу қойылған, ал Махамбет Әбжан 3,5 жылға түрме жазасына кесілді. Бұл айтылған сөзді Г.Ерғалиеваның логикасына салып тәпсірлесек, Қарлығаш Жақиянованы 350 жылға соттап, қамап тастау керек сияқты.

Әрине, Г.Ерғалиеваның пікірі заң талаптарымен үйлеспейді. Мысалы, Қарлығаш Жақиянова сотта Г.Ерғалиевадан 1 миллион доллар алғанын мойындады, қазір ай сайын қарызды шама-шарқынша қайтарып жатыр. Сондықтан да бұл жағдай сотта азаматтық іс ретінде қарастырылды. Ал Махамбет Әбжан алып кетті деген айыптың негізіндегі 8 мың доллардың дәлелі болса да, ол мұны мойындамай отыр. Оның үстіне, сотталушы қолынан келмесе де «жер телімінің мақсатын тұрғын үй құрылысын жүргізуге сай етіп өзгертіп берем» деп ақша алды. Яғни, мұнда алдын-ала ойластырылып жасалған алаяқтықтың көрінісі айқын. Сондықтан, бұл іс сотта Қылмыстық кодексте көрсетілген бапқа сәйкес қаралды.

Сотталушы М.Әбжанның ісі Украинаға қашып кеткен алаяқ блогер Жанара Ахметованың  (4-суретте) қылығына ұқсайды. Кейбір мәліметтерде М.Әбжан 11 жыл бұрын «қаржылық алаяқтық жасады» деп айыпталып, үш жылға сотталған. Жазасын өтеп шыққан соң ол оппозицияшыл қоғам белсендісіне айналды, өзін үй құрылысына ақша салып алданып қалған үлескерлердің құқығын қорғаушы кейпінде көрсетіп жүрді. Бірақ, қазір көріп отырғанымыздай, оның астыртын күмәнді істермен шұғылданғаны белгілі болып отыр. Бұлайша өзінің күмәнді істерін саясатпен бүркемелеу әдісін блогер Жанара Ахметованың жақсы пайдаланғанын білеміз. Ол да оншақты адамның мол қаржысын алдап алып кетумен айналысты. Ж.Ахметоваға алданып қалғандар ақшасын қайтарып алу үшін заң бойынша қуынуды күшейткенде ол мұның бәрін саясатқа апарып тіреді. О бастан әккі әрекеттерді жетік меңгеріп алған Жанара Ахметова «қорғанудың ең тиімді әдісі – қарсы шабуылдау» десе керек, ол сот шешімін орындаушылар мен полицияның әрбір әрекетіне саяси астар беріп, «мені саяси көзқарасым үшін қуғындап жатыр» деген байбаламға басты. Қазір ол Украинадан саяси баспана сұрап жүр. Оның бұл әрекетін Гүлжан Ерғалиева саяси алаяқтық ретінде бағалап, оны өзіне борышты Қарлығаш Жақияноваға теңестіріп қойып еді. Ал дәл Жанара Ахметованың тірлігін қайталағандай болып отырған Махамбет Әбжанның сотталуына Г.Ерғалиева саяси сипат беріп отыр.

Саясаткер Зәуреш Батталова құқық қорғау органдарының қыспағына түскен Жанара Ахметоваға қолдау білдіріп, партияның атынан бірнеше мәлімдеме жасады.  Сондай-ақ, оның Гүлжан Ерғалиеваның 1 миллион долларын бермей жүрген Қарлығаш Жақияноваға да, БТА банктің миллиардтаған долларын жымқырып кеткен Мұхтар Әбілязовке де ниеті түзу. Ал Г.Ерғалиева болса, блогер Жанара Ахметованы  да, Қарлығаш Жақиянованы да, Мұхтар Әбілязовті де алаяқ санайды. Осындай оқиғаларға қарап отырып, басқасын былай қойғанда әділеттілік ұғымын оппозиция өкілдері әрқалай түсініп, әрқалай тәпсірлейтінін байқаймыз.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Дүрбі
30.11.17
287 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.