Қазақстанның «алаяқ» блогері қамаудан шықты

Қазақстанның «алаяқ» блогері қамаудан шықты

Киевтің апелляциялық соты 22 қарашада қазақстандық блогер Жанара Ахметованы (лақап аты Жанна Бота) қамаудан босатты. Ол 21 қазанда Қазақстан полициясының өтініші бойынша Киев қаласының маңында ұсталып, экстрадициялау мәселесі шешілгенге дейін екі айға қамалған болатын. Өзін саяси қуғын-сүргін құрбаны санайтын Жанара Ахметова соттың бұл шешіміне наразылық танытып, апелляциялық шағым түсірген. Сотта Жанара Ахметованың қашып кетпейтініне Украинаның халық депутаты Светлана Залищук кепілдік берген. Бұдан басқа Жанара Ахметованың 10 жасар ұлының қараусыз қалғанын ескерген сот оны бостандыққа шығарды.

Қазақстанда оншақты адамның ақшасын алдап алып, қайтармай жүрген Жанара Ахметова биыл көктемде баласын ертіп Украинаға қашып кетіп, Қазақстанда өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі, осы іске қатысты шығарылған сот шешімін саяси тапсырыспен жасалып отырғанын айтып, саяси баспана сұраған. Оның бұл уәжіне Украинада құқық қорғау ұйымдары мен саясаткерлер елітіп қалған сияқты. Себебі, ол қоғамдық пікірді манипуляциялаудың қас шебері. Оның кәнігі алаяқтарға тән қасиеті талай адамның ақшасын алдап-арбап алып кетуіне жол ашты. Дегенмен, оған алданып қалғандардың жан-жаққа үздіксіз шағымдануының нәтижесінде қылмыстық жауаптылыққа тартылып, түрме жазасына сотталды да, жаза баласы кәмелет жасқа толғанға дейінгі мерзімге кейінге қалдырылған. Сондай-ақ, сот шешімі бойынша, Жанара Ахметова бірнеше азаматқа қарызын өтеуді бастау керек еді. Бірақ, ол қарызын қайтаруға құлықты болған жоқ. Осы іске қатысты әрекет еткен сот орындаушылары мен полицияның әр әрекетінен ол саяси астар іздеп, өзін нақақтан қуғындалып жүрген қоғам белсендісі ретінде көрсетуге тырысты. Оның Украинаға қашып баруы да өзінің қылмыстық әрекетін саясатпен бүркемелеудің бір әдісі болатын.

Қазір Жанара Ахметова Украина полициясының қыспағынан түбегейлі құтылып кете қойған жоқ. Украина депутатының кепілімен босап шыққанымен, ол өзінің қазіргі статусын бір айдан кейін тағы да ұзарту үшін сотқа жүгінеді. Олай болмаған жағдайда Жанара Ахметованың экстрадициясы мәселесі шешілгенге дейін қамауда ұстау туралы алғашқы соттың шешімі күшіне қайта кіріп, ол қайтадан қамауға алынуы мүмкін. Әзірге оның экстрадициясы мәселесінің қаралатын мерзімі белгісіз. Кейбір болжам бойынша, сот процесі келесі жылдың басында болады. Сол кезде қазақстандық алаяқ блогердің тағдыры шешіледі.

Ермек Кәрім

Осы тақырыпқа қатысты мақалаларды төмендегі сілтеме арқылы оқуға болады

Балалы блогер Украинаға қашып кетті. Неге?

Украинаға қашып барған «алаяқ» журналист ұсталды

Айдары:  Түтін
23.11.17
172 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.