Әбілязов шетелдің азаматтығын алайын деп жатыр

Әбілязов шетелдің азаматтығын алайын деп жатыр

БТА банктің миллиардтаған қаржысын жымқырғаны үшін сырттай жиырма жылға сотталып, шетелде қашып жүрген  Мұхтар Әбілязов өзі жайында жария болған кейбір ақпаратқа шаян шағып алғандай тызыңдап әбігерге түседі. Мысалы, 6 қазанда еуропалық Dispatch Weekly басылымы (суретте) Мұхтар Әбілязовтің Бельгия азаматтығын алуға күш салып жатқанын хабарлады. Әрине, Еуроодаққа мүше елдердің азаматтығын алу оңай шаруа емес, сол елдің сеніміне ие болу керек. Басылымға осы мәліметті жеткізген дереккөз қашқын банкирдің Бельгия азаматтығының өтеуіне Қазақстанда бизнесі бар кейбір кәсіпкерлерге қарсы компромат жинап, жағымсыз айғақ беруге уәде еткені айтылады. Олардың қатарында Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовтың аты аталады. Егер Мұхтар Әбілязов Бельгияның құқық қорғау органдарының осы талабын орындаса, онда ол азаматтық алады және сол елдің қорғауында болады.

Қашқын банкир жөніндегі бұл ақпарат аса маңызды емес. Еуропаға қашып барғандардың көбісі осындай қадам жасайтыны дәстүрге айналып барады. Дегенмен, «басқа елдің азаматтығын алғалы жатыр» деген ақпаратқа Әбілязов қатты шамданып, оны теріске шығарып жатыр. Тіпті, ол жақында ғана сотталған Мұратхан Тоқмадидің «мен Ержан Тәтішевті Әбілязовтің тапсырысымен өлтірдім» деген мәлімдемесіне де соншалықты шамданбаған болатын. Мұның себебі неде? Әбілязов «Бельгия азаматтығын алғалы жатыр» деген ақпаратқа неге сонша өкпелейді?

Француз түрмесінен босағалы бері Мұхтар Әбілязов өзінің оппозицияшыл әрекетін күшейткені белгілі. Ол қазіргі Қазақстанның билік жүйесін президенттік басқарудан парламенттік республикаға ауыстыру қажет деп талмай айтып жүр. Оның ойынша, бүкіл саяси шешім парламентте қабылдануы қажет. Ал үкімет басшысы атқарушы биліктің тізгінін ұстап, парламенттің бақылауында болады. Осындай саяси жүйе қалыптасқан жағдайда Әбілязов өзінің де үкіметті басқарғысы келгенін жасырған емес. Ол бұл идеяны жиі қайталайды. Үкімет басшысы болсын, басқа да мемлекеттік қызмет атқаратын адам Қазақстан заңдары бойынша осы елдің азаматы болуы тиіс. Әзірге, шетелде қашып жүрсе де Мұхтар Әбілязовтің статусы жоғарыда сөз болған талапқа сай келеді.

Осы мәселеге енді моралдық тұрғыдан қарайық. Кез-келген елдің саяси-әлеуметтік-экономикалық жағдайына сын айтатын, оны дұрыстау жөнінде ұсыныс жасайтын адам сол елдің азаматы болғаны құпталады. Ал басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан жөнінде пікір айту моралдық тұрғыда ерсі көрінеді. Сондықтан «Әбілязов Бельгия азаматтығын алғалы жатыр» деген ақпарат өзін былайғы жұртқа Қазақстанның қамын ойлаған патриот кейпінде көрсеткісі келіп жүрген оған қатты тиіп кетті.

Әбілязовтің астыртын әрекеті жөнінде еуропалық басылымның таратқан ақпараты бекер болмауы да мүмкін. Себебі, Мұхтар Әбілязовтің қазіргі жағдайы онша емес. Ол БТА банктің миллиардтаған долларын үптеп шетелге қашқанда Англия оған саяси баспана берген. Бірақ, БТА банктің талап-арызын қараған Лондон сотынан өзінің дүние-мүлкінің бір бөлігін жасырып қалғаны үшін Әбілязов 22 айлық түрме жазасына кесілді. Осы жазаға мойынсынғысы келмеген ол түнделетіп Англиядан қашып кеткен болатын. Нәтижесінде, ол Англия берген «саяси баспана» статусынан айырылып қалды. Кейін оны Ресей мен Украинаның талабы бойынша француз полициясы қамауға алған болатын. Дегенмен, халықаралық саяси жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты Франция Әбілязовті Ресейге экстрадициялаудан бас тартты. Қазір Әбілязов бостандықта жүргенімен, оның Еуроодақ аймағындағы статусы анықталмаған. Ал Ресей мен Украинада, Қазақстанда ол іздеуде жүрген қылмыскер саналады. Сондықтан оны интерпол жүйесіне кіретін  кез-келген елдің полициясы қамауға алуы әбден мүмкін. Мұндай қауіпті жағдайда Әбілязовтің де  Храпунов құдасы сияқты Еуроодаққа мүше елдердің бірінің азаматтығын алып алғаны жөн. Сонда ғана ол өзіне үнемі төніп тұратын қауіптен құтылады. Қашып-пысып жүріп әбден әккі болған Әбілязовтің басқа елдің азаматтығын алуға астыртын әрекеттеніп жатуын осы себептен жоққа шығаруға болмайды.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Дүрбі
08.11.17
187 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.