Алданып қалғандар алаяқ блогерді экстрадициялауды сұрады

Алданып қалғандар алаяқ блогерді экстрадициялауды сұрады

Қазақстанның бір топ азаматы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Украина президенті Петр Порошенкоға арнап мәлімдеме жасады, одан өздерін алдап ақшасын алып кеткен блогер  Жанара Ахметованы (лақап аты Жанна Бота) тездетіп экстрадициялауды өтінді. Қазір Жанара Бота өзінің экстрадициясы бойынша өтетін сотты күтіп Киев түрмесінде отыр.

Өзін «оппозияшыл блогер әрі журналист» атап алған Жанара Ахметова 2007 жылдан бері бірнеше адамның ақшасын алдап алып, алаяқтықпен айналысып жүрген. Мысалы, ол  Светлана Пашаеваға шаруа қожалығын сатып әперем деп 20 мың АҚШ доларын алып алдап кеткен. Кейін оған іздеу салғанда Жанара Ахметова айтқан мекен-жайында болмай шықты. Кейін, 2013 жылы полицияның көмегімен іздеп тапқанымен, Ж.Ахметова өзінің қарыз екені жөнінде қолхат жазып беруден басқа әрекет жасаған жоқ. Сондықтан Ж.Ахметоваға қарсы алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.  

Тура осындай жағдай Райхан Айтбаеваның басында бар. Жанара Ахметова оның 24500 доллар алып қайтармай жүр. Осы және басқа да жәбірленушілердің арызы бойынша 2009 жылы Жанара Ахметоваға қарсы қылмыстық із қозғалып, аса көп сомаға алаяқтық жасағаны үшін 7 жылға сотталды. Сот шешімінде Жанара Ахметоваға алған қарызын қайтару міндеттелген. Бірақ, сот шешімі жүзеге асқан жоқ. Себебі, бұл кезде Жанара Ахметова ұл туып алған болатын. Осыған орай, бала кәмелет жасына толғанша, 2021 жылға дейін оның анасының жаза мерзімін өтеуін кейінге қалдырды. Бірақ, ол азаматтардан алған қарызын мүмкіндігінше өтеуді бастауы керек болатын. «Оның жас баласы бар, ресми түрде жұмыссыз, табыс таппайды және өзінің атына жазылған ешқандай дүние-мүлкі жоқ болып шықты. Міне, сөйтіп әлі күнге Жанар Ахметова берген қарызымды қайтара алмай келемін», - дейді Райхан Айтбаева.  

Жанара Ахметова 2007-2009 жылдар аралығында жұртқа «арзан үй алып берем», «ақшаңды пайдалы бизнеске салып еселеп көбейтем» деген сияқты әртүрлі ұсыныс айтып, уәдені үйіп-төгіп, бірнеше азаматтан жалпы сомасы 25 млн теңге алған. Бұл сол кездегі валюта бағымы бойынша 150 мың долларға шамалас қаражат. Көп уақыт өтпей-ақ Жанара Ахметова адамдарды алдап ақша тауып жүрген алаяқтардың бірі екені мәлім болады. Оған алданып, ақшасынан айырылып қалғандар 2009 жылдан бастап полицияға, кейбірі сотқа арызданды. Сол жылдың сәуір айында Жанара Ахметоваға қарсы бірнеше талап-арызды біріктіріп қараған сот оны ірі көлемдегі қаржы алаяқтығын жасаған деп айыптап 7 жылға бас бостандыған айыру жөнінде, сондай-ақ оның дүние-мүлкін тәркілеп, материалдық запа шеккендердің шығынын жабуға шешім шығарады. Бірақ, соттың бұл екі шешімі де жүзеге аспай қалады. Себебі Ж.Ахметова осы кезде бала туып алған болатын. Балалы әйелді түрмеге жабу гуманистік ұстанымға қайшы болған соң, сот Жанара Ахметованың баласы кәмелет жасына толғанға шейін оның жаза мерзімін өтеуді кейінге, яғни 2021 жылға шегереді. Мұны заң тілінде пробация деп атайды. Айыпкерге қолданылатын бұл шектеуде қандайда бір заң бұзбауға, қылмыс жасамауға, алған қарызын мүмкіндігінше өтеуге, жас баласын тастап кетпей бағып-қағуға міндеттеме алынады.

Қазақстанда Жанара Ахметоваға қатысты сот шешімінің екінші бөлігі де жүзеге аспады. Себебі, оның өз атына рәсімделген дүние-мүлкі табылмады. Ал ол болса, өз еркімен азаматтардан алған қарызын қайтаруға тіпті де әрекеттенген жоқ. Сондықтан, Жанара Ахметоваға алданып қалғандар қайтадан сотқа жүгінді. 2016 жылдың ортасында Алматы қаласының Медеу аудандық соты қайтадан Жанара Ахметованың азаматардан алған жалпы сомасы 25 млн теңге қарызын қайтаруын міндеттейтін шешім шығарды. Борышкер алдымен 2 млн теңгеге жуық берешегін өтеу керек болатын. Бірақ,  ол бұл соманы да қайтаруға әрекеттенбеді. Бұл да оған заң бойынша қолданылған пробация шарттарын бұзу еді. Оның үстіне Ж.Ахметоваға алданып қалғандар ақшасын қайтарып алу үшін заң бойынша қуынуды күшейтті. Мұның бәрі Жанара Ахметованың басына қара бұлтты қоюлата түскені белгілі. О бастан әккі әрекеттерді жетік меңгеріп алған алған Жанара Ахметова «қорғанудың ең тиімді әдісі – қарсы шабуылдау» десе керек, қоғамдық саяси белсенді әрекетке көшті. Сот шешімін орындаушылар мен полицияның әрбір әрекетіне ол саяси астар беріп, «мені саяси көзқарасым үшін қуғындап жатыр» деген байбаламға басты. Украинаға қашып барғанда да ол осыны негізге алып саяси баспана сұраған. Бірақ, оған Украина билігі ондай мүмкіндік берген жоқ. Осы жылдың 21 қазанында Киев полициясы Қазақстанның құқық қорғау органдарының өтініші бойынша қамауға алды. Қазір ол өзіне қатысты экстрадиция мәселесін шешетін сотты күтіп абақтыда отыр. 

Жанара Ахметовадан зардап шеккен азаматтар осындай алаяқты қорғаштап жүрген Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (ЖСДП), Евгений Жовтис жетекшілік ететін халықаралық адам құқықтарын қорғайтын бюроға ренішті. Олардың айтуынша, қарапайым адамдарды алдап кеткен алаяқты қорғаудың еш негізі жоқ. Керісінше, алаяқ блогерден зардап шеккендер қорғауға зәру болып отыр. «Біз де адамбыз, бізді неге қорғамайды», - дейді  Светлана Пашаева.

Жәбірленушелер Украина президенті Петр Порошенкоға Жанара Ахметованы тездетіп Қазақстанның құқық қорғау органдарының қолына беруді талап етті. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан әділдікті қалпына келтіріп Жанара Ахметоваға алданып қалған азаматтардың ақшасын қайтарып беруге қолқабыс жасауды өтінді.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Түтін
06.11.17
142 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.