Украинаға қашып барған «алаяқ» журналист ұсталды

Украинаға қашып барған «алаяқ» журналист ұсталды

Украинаның Киев облысында қазақстандық журналист әрі блогер Жанара Ахметова (лақап аты – Жанна Бота немесе Бота) қамалды. Жанара Ахметова адвокаттарының бірі Владислав Грищенконың айтуынша, журналист Интерполдың іздеуі бойынша 21 қазанда ұсталып, Вышгород қаласында уақытша тергеу изоляторына жабылған. "Оны Киев облысының Киево-Святошинский ауданында ұстап, хаттама толтырды. Қазақстан Жанара Ахметоваға Қылмыстық кодексінің 177-бабы ("Алаяқтық") бойынша Интерполмен іздеу жариялап, сол бойынша ұсталған. Қазір ол Вышгородтың уақытша тергеу изоляторында отыр" деді адвокат.

Грищенконың сөзінше, 24 қазанда Киево-Святошинский аудандық соты Ахметті экстрадициялау мәселесі қаралғанша бұлтартпау шарасын белгілейді.

Адвокаттың айтуына қарағанда, Жанара Ахметованың кәмелетке толмаған баласы, Украинада журналистің туыстары жоқ болғандықтан бала қазір журналистің таныстарының қарауында.

Алматыда тұрған, биліктің пробациялық бақылауында болған блогер Жанара Ахметова баласымен бірге Украинаға биыл көктемде қашып барған.

Жанара Ахметова 2007-2009 жылдар аралығында жұртқа «арзан үй алып берем», «ақшаңды пайдалы бизнеске салып еселеп көбейтем» деген сияқты әртүрлі ұсыныс айтып, уәдені үйіп-түгіп, бірнеше азаматтан жалпы сомасы 25 млн теңге алған. Бұл сол кездегі валюта бағымы бойынша 150 мың долларға шамалас қаражат. «Өтіріктің құйығы бір тұтам» деген рас қой. Көп уақыт өтпей-ақ Жанара Ахметова адамдарды алдап, ақша тауып жүрген алаяқтардың бірі екені мәлім болады. Оған алданып, ақшасынан айырылып қалғандар 2009 жылдан бастап полицияға, кейбірі сотқа арызданды. Сол жылдың сәуір айында Жанара Ахметоваға қарсы бірнеше талап-арызды біріктіріп қараған сот оны ірі көлемдегі қаржы алаяқтығын жасаған деп айыптап 7 жылға бас бостандыған айыру жөнінде, сондай-ақ оның дүние-мүлкін тәркілеп, материалдық запа шеккендердің шығынын жабуға шешім шығарады. Бірақ, соттың бұл екі шешімі де де жүзеге аспай қалады. Себебі Ж.Ахметова осы кезде бала туып алған болатын. Балалы әйелді түрмеге жабу гуманистік ұстанымға қайшы болған соң, сот Жанара Ахметованың баласы кәмелет жасына толғанға шейін оның жаза мерзімін өтеуді кейінге, яғни 2021 жылға шегереді. Мұны заң тілінде пробация деп атайды. Айыпкерге қолданылатын бұл шектеуде қандайда бір заң бұзбауға, қылмыс жасамауға, алған қарызын мүмкіндігінше өтеуге, жас баласын тастап кетпей бағып-қағуға міндеттеме алынады.

Жанара Ахметоваға қатысты сот шешімінің екінші бөлігі де жүзеге аспады. Себебі, оның өз атына рәсімделген дүние-мүлік табылмады. Ал ол болса, өз еркімен азаматтардан алған қарызын қайтаруға тіпті де әрекеттенген жоқ. Сондықтан, Жанара Ахметоваға алданып қалғандар қайтадан сотқа жүгінді. 2016 жылдың ортасында Алматы қаласының Медеу аудандық соты қайтадан Жанара Ахметованың азаматардан алған жалпы сомасы 25 млн теңге қарызын қайтаруын міндеттейтін шешім шығарды. Борышкер алдымен 2 млн теңгеге жуық берешегін өтеу керек болатын. Бірақ,  тағы да ол бұл соманы да қайтаруға әрекеттенбеді. Бұл да оған заң бойынша қолданылған пробация шарттарын бұзу еді. Оның үстіне Ж.Ахметоваға алданып қалғандар ақшасын қайтарып алу үшін заң бойынша қуынуды күшейтті. Мұның бәрі Жанара Ахметованың басына қарабұлтты қоюлата түскені белгілі. О бастан әккі әрекеттерді жетік меңгеріп алған алған Жанара Ахметова «қорғанудың ең тиімді әдісі – қарсы шабуылдау» десе керек, қоғамдық саяси белсенді әрекетке көшті. Сот шешімін орындаушылар мен полицияның әрбір әрекетіне ол саяси астар беріп, «мені саяси көзқарасым үшін қуғындап жатыр» деген байбаламға басты. 

2017 жылдың наурыз айының соңында Алматының бірнеше тұрғынын алдап, көп ақшасын алып талай жылдан бері бермей жүрген блогер Жанара Ахметова  тоғыз жасар баласын ертіп Украинаға қашып кетті. Айтуынша, оған Алматыда құқық қорғау органдары күн бермепті. Түрмеге қамалу қаупі төнгенген соң, ол баласы екеуі Алматыдан автобуспен түнделетіп Бішкекке барған. Одан Ыстамбұл арқылы Киевке қашып кеткен болатын.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Түтін
24.10.17
335 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.