Әбілязов «қасықтап жиған абыройын шөміштеп төгіп» жатыр

Әбілязов «қасықтап жиған абыройын шөміштеп төгіп» жатыр

БТА банктің қыруар қаржысын жымқырып шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязов француз түрмесінен шыққалы бері өзінің оппозияшыл әрекетін күшейтті. Бірақ, оның бұл әрекеті беделі мен абыройын еселеп, биікке көтеріп асқақтатып жатқан жоқ. Керісінше, бұған дейін құпияға толы болып келген оның тұлғасы жалаңаштанып, саясаткер ретіндегі стратегиясының жайдақ екені білене бастады.

Мұхтар Әбілязов ҚР үкіметі құрамында қызмет атқарғанда да, БТА банкке басшылық жасаған жылдары да жария адамдардың санатына жатпайтын. Көздеген мақсатын ішіне жасырып, астыртын әрекет ету тактикасынан көп жылдар бойы айныған емес. Мұхтар Тәтішевтің өлімінен кейін БТА банктің жеке дара билігін иеленгенде де, «Қазақстанның демократиялық таңдауы», «Алға», «Қазақстанның коммунистік париясы» сияқты саяси ұйымдарды, Жаңөзендегі жаппай тәртіпсіздікті астыртын қаржыландырған кезде де тасада тұрды, көлеңкедегі сұлбасы ғана көрінетін. Осының бәрін Мұхтар Әбілязовтің жасап жатқанын былайғы жұрт сезгенімен, қолмен қойғандай  етіп нақты дәлел келтіру мүмкін болмайтын. Сондықтан болса керек, оған «Шахматшы», «Муха» («шыбын»), «Ленин» деген лақап аттар жабысты. Бұл атаулар Мұхтар Әбілязовтің шынайы болмыс-бітімін, дүниеге деген көзқарасы мен түпкі ойын, мақсат-мұратын тұмшалап, оны  ішкі құпиясы мол сесті тұлға деңгейінде көрсетіп тұратын.

Адамның ішіне жасырғаны түсініксіз болғанда, жұрт оған қауіптене қарайды және одан неше түрлі әрекет күтетіні белгілі. Мысалы, Мұхтар Әбілязовтің «Шахматшы» деген лақап аты оның кез-келген істе күрделі комбинация құра отырып, түбінде пайдаға шығатын стратег екенін, алда-жылда қыспаққа түсіп қалса, одан саңылау тауып құтылып кететін әккілігінен, ал «муха» есімі заң шеңберінің сыртындағы қылмыс әлемімен байланысып, табысты әрекет ете алатын қасиетінен  хабар беріп тұратын. Оған осылайша қауіптене қарау кейбір оқиғаларда дәлелін тапты да.  

Қазақстан түрмесінде Мұхтар Әбілязовке таңылған «Ленин» лақап аты да сесті есітілетіні заңдылық.  Кезінде бұл лақап атпен коммунистердің көсемі Владимир Ульянов танылды. Оның әлемді тітіркенткен төңкеріс жасағаны тарихтан білеміз. Мұхтар Әбілязов те 2000-шы жылдардың орта шенінде оппозициялық партияларды астыртын қаржыландырып жүргенде жұрт 20-шы ғасырдың басында болған алапат қазан төңкерісін еске алғанды. Бірақ, Әбілязовтің бұл ісінің арты сиырқұйымшақтанып кетті де, БТА банктің ақшасын жымқырды деген айыптаудан бассауғалап қашқан ол шетелге барып жысырынған. Дегенмен, банктен ұрлаған мол қаржысы бар Мұхтар Әбілязовтің сұсы мен сесі қазақ қоғамында сақталып қалды. Оның ойында не бар екенін, қандай адам екенін ешкім білмейтін, әйтеуір одан дүмпуі зор оқиға күтетін. Бірақ, мұның бәрі бекер болып шықты.

Француз түрмесінде үш жыл отырып шыққан Мұхтар Әбілязов биыл бұрынғы жүрісінен жаңылды. Ол бұрынғыдай тасада тұрып басқалардың қолымен (БАҚ, қоғам белсенділері, өзінің туыстары, саяси ұйымдар және т.б.) «от көсеуді» доғарып, саяси үгіт-насихатты өзі жасауды бастады. Міне, оның осы тұста қадір-қасиеті әшкере болған жайы бар. Әрине, Әбілязовтің былайғы жұртқа түсініксіздеу болып келген шынайы  болмыс-бітімін әшкере етуде әлеуметтік желінің орнын ерекшелеп айта кеткен жөн. Әлеуметтік желі шынадан салынған монша секілді. Онда белсенділік танытқан адамның кем-кетігі, бары мен жоғы уақыт өте келе анық байқала бастайды. Әсіресе, бұл әлдекімнен теперіш көріп ашынған адамды тырдай жалаңаштап тастайды. Мұны оның өзі сезе бермеуі мүмкін. Себебі, әдеуметтік желінің ішінде тұмшаланып әсіре желігіп кеткенде көңілде сағым пайда болады. Сағым жетегіндегі адам өзін дүниенің бір тұтқасын ұстап тұрғандай сезіне бастайды. Тіпті, көзге ұрып тұрса да мұның алдамшы нәрсе екеніне сенбейді. Мұхтар Әбілязовтің қазіргі жай-күйі осындай. Мысалы, ол әлеуметтік желіні пайдалана отырып «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын құрды. Оның сөзіне сенетін болсақ, қазір ұйымға мүше болғандардың саны 16 мыңнан асыпты. Мейлі, солай-ақ болсын.  Ал Мұхтар Әбілязов жанармай тапшылығы және басқа да экономикалық-әлеуметтік мәселеге қатысты халықты жаппай наразылық жасауға шақырып жүр. Ең қызығы сол, тіпті жанармай тапшылығына қарсы бір адам көшеде наразылық танытпады. ҚДТ-ның 16 мың мүшесі қайда? Бұл ненің көрсеткіші? Біріншіден, шетелде жүрген Мұхтар Әбілязов Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық һәм саяси шынайы жағдайды білмейді, жете түсінбейді. Оның жағдайды дұрыс бағаламауына өзінің тағдырына қатысты ашыну мен ыза да теріс әсерін тигізіп отыр. Ол әлеуметтік желідегі адамдардың эмоциясын елдегі жағдаймен теңестіргісі келеді. Бұл – үлкен қателік. Шындығында, әлеуметтік желі - вертуалды әлем, илюзия. Мысалы, ҚТД-ның 16 мың мүшесі болғанымен, олардың түгелге жуығы шынайы өмірде ешқандай әрекет етпейді. Мұны қысқаща айтсақ, есепте –бар, әрекетте – жоқ.

Екіншіден, сөз – ойдың айнасы. Әлеуметтік желіде жиі-жиі сөйлей берген адамның шынайы болмысы ашылады. Әбілязов әлеуметтік желіде белсенділік танытқалы бері оның да шама-шарқы белгілі болып қалды. Онда тосын идея, жаңа саяси тактика жоқ. Айтып жүргені  - бұған дейінгі ескі оппозиция ұстанымдарының маңайын шиырлау ғана. Қазір көпшілік Әбілязовтің «Шахматшы», «Муха», «Ленин» деген лақап аттарына, оның сасаткер ретіндегі әлеуетіне күмәнмен қарай бастады.

Берік Мыңжасар 

Айдары:  Түтін
20.10.17
280 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.