Латын әліпбиіне көшу - қарапайым бір таңбаны екіншіге ауыстыру емес

Латын әліпбиіне көшу - қарапайым бір таңбаны екіншіге ауыстыру емес

Латын әліпбиіне көшу деген мәселені қарапайым бір таңбаны екіншіге ауыстыру деп түсінбеу керек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек айтты.

«Латын әліпбиіне көшу деген мәселені қарапайым бір таңбаны екіншіге ауыстыру деп түсінбеу керек. Латын әліпбиіне көшу дегенді қазақ жазуына іргелі, күрделі, жан-жақты реформа жасау деп қарастыру қажет. Өйткені, кез келген ел, кез келген мемлекет мезгіл-мезгіл өз жазуын пысықтап, жетілдіріп отырады. Жетпей жатқанын толықтырып, артығын алып тастайды. Қосымша таңбаларды пайдаланады», - деді ғалым.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта азаматтардың көпшілігі елімізде бұл салада жүргізіліп жатқан реформаны кириллица таңбасын латын таңбасына ауыстыру деп түсінеді.

«Реформа дегеніміз не? Біріншіден, біз өзіміздің тіліміздегі төл дыбыстарымыздың басын ашып алуымыз керек. Осы уақытқа дейін төл дыбыстарымыздың басы ашылған жоқ па деп ойлап қалуларыңыз мүмкін. Ашылған жоқ. Кез келген қазақтан қазақ тілінде қанша дыбыс бар десе, 42 дейді. Әрине, оған ешкім кінәлі емес. Өйткені, мектептен бастап жоғары оқу орнында, күнделікті 42 таңба деп үйретіп жатса, олардың басқаша ойлауы, айтуы, жауап беруі мүмкін емес. Шындығында қазақ тілінде бар болғаны 28 дыбыс бар. Біздің алдымызда осы 28 дыбысқа латын әліпбиінің таңбаларын сәйкестендіріп, қабылдап алуымыз керек деген мақсат тұр. Бұған қоса, әліпби қазақ тілінің үндестік әуезін бұзбауы керек. Біздің тіліміз үндестікті екенін жақсы білесіздер», - деді Әлімхан Жүнісбек.

Ғалымның пайымынша, екіншіден, жаңа әліпбиге көшу барысында сөздің морфема құрамын, буын құрамын бұзбауымыз, тасымалдау кезінде зиян тигізбеуіміз қажет. Тіпті сөйлеу ырғағына да зиян келмеуі тиіс.

«Бір ескере кетерлігі, басы бүтін, толық біткен, еш кемшілігі жоқ әліпби еш жерде болмайды. Ешбір тілде ондай жоқ. Кез келген әліпбидің арнайы ережемен, арнайы түсініктемемен жетілдіріліп отыратын тұстары болады. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе, әліпбидің оңайы болмайды, әліпбидің бәрі қиын. Үшінші айтатын мәселе, әліпбидің тізілімін алдымызға, қағаз бетіне салып көрсеткен уақытта әдемі, жеңіл, оңай секілді көрінеді. Ол әліпбидің қиыншылығы ертең мәтінге барған уақытта, мамандарды дайындағанда, оқу құралдарын, оқулық жазғанда, таныстырғанда белгілі болады», - деді Ә.Жүнісбек.

inform.kz

Айдары:  Текемет
12.10.17
198 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.