Татарстан архиві Біржан мен Сара айтысы жинағының көшірмесін Астана мұрағатына табыс етті

Татарстан архиві Біржан мен Сара айтысы жинағының көшірмесін Астана мұрағатына табыс етті

Татарстандағы архивте сақталған «Біржан Сал мен Ақын Сара айтысы» өлеңдер жинағының көшірмесі Астана қаласының мемлекеттік мұрағатына табыс етілді. Оны «Алаш» партиясының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Татарстан Республикасы Мемлекеттік архиві Көрме және публикация қызметі бөлімінің басшысы Гузель Фаезова сыйға тартты.

«Татар мен қазақ халқының арасында ежелден саяси, экономикалық және мәдени байланыс орнаған. Тарихта біздің ата-бабаларымыздың бір мемлекеттің астында өмір сүрген кезеңдері де болған. XIII-XIV ғасырларда Еділ бойы мен Қазақстан аумағы Ұлы Жошы ұлысының, әйгілі Алтын Орданың құрамына кіргені баршаға мәлім. Осыған орай, Татарстан Республикасы Мемлекеттік архиві қазақ халқының мәдениеті, этнографиясы туралы зерттеулер қорына бай», - деп бастады сөзін Гузель Наилқызы.

1804 жылы іргесі қаланған Ресейдің шығыс бөлігіндегі басты оқу орталығы Қазан университетіне Еділ бойынан, Орал, Сібір, Кавказ, сондай-ақ қазақ жерінен көптеген білім алушылар келді. «Қазіргі таңда біздің архивте 30 қырғыз-қазақ студентінің жеке парағы сақтаулы тұр. Олардың арасында танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар бар», - деп атап өтті Татарстаннан келген тарихшы. Оның айтуынша, Жалпыресей мұсылман съезінің белсенді қатысушысы, Бөкей ордасынан сайланған Алашорда мүшесі - Уәлитхан Танашевтың деректері Қазан университетінде сақталған.

«Оның жеке парағында 1908 жылы тамызда Қазан университетінің медицина факультетіне оқуға түсу үшін жазған өтініші, Астрахан гимназиясын бітіргені туралы аттестаты, суреті бар. Сондай-ақ, Танашевтың есімінің қате жазылуына байланысты, атап айтқанда, оқуға түскенде «Ували», ал куәлігі «Валидхан» есіміне берілгені туралы хат алмасулар сақталған. Сондай-ақ, Қазақстанның тағы бір тумасы - Алашорда үкіметінің мүшесі, Торғай облысынан сайланған Мемлекеттік Думаның І және ІІ шақырылымының мүшесі, заңгер, «Алашорда үкіметінің әділет министрі» Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың да Қазан университетінің заң факультетінде білім алғаны туралы мәліметтер бар», - дейді Гузель Фаезова.

Оның айтуынша, Ахмет Бірімжановтың жеке парағында «табиғатынан дара туған, жан-жақты білім алушы болғаны үшін күміс медальға лайық» екендігі жазылған. «Қазан Рухани академиясының профессоры Николай Ильминскийдің жеке қорында қазақ тіліндегі өлеңдер, қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздіктер сақталған. Тағы бір танымал түркітанушы ғалым Николай Катановтың жеке қорында Бөкей қазақтарының ертегілер мен жұмбақтар, өлеңдер жинақтары кездеседі», - деп атап өтті Татарстан мемлекеттік архивінің қызметкері.

Сөз соңында Татарстанның Мемлекеттік архиві Көрме және публикация қызметі бөлімінің басшысы «Біржан Сал мен Ақын Сара айтысы» өлеңдер жинағының көшірмесін Астана қаласының мемлекеттік мұрағатына табыс етті.

Автор: Ақбөпе Әбдрасул

inform.kz

Айдары:  Төбе
06.10.17
210 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.