Алашорда арыстарының ізі Томск мұрағатында сайрап жатыр

Алашорда арыстарының ізі Томск мұрағатында сайрап жатыр

Астанада өткен «Алаш: замандастар көзқарасы» атты халықаралық конференция жұмысы барысында Ресейден келген тарихшы, археолог Татьяна Шульга Алаш партиясына қатысты деректермен бөлісті.

Татьяна Шульга «Томск облысының Мемлекеттік мұрағаты» құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің бас археологы қызметін атқарады. Айтуынша, мемлекеттік мұрағатта осыдан жүз жыл бұрын Ресейде өткен екі жиында алашордашылардың тарихына қатысты мәліметтер көптен кездесетін көрінеді.

«Томск облысының Мемлекеттік мұрағатында Алаш партиясының өкілдері мен Алашорда жетекшілері туралы бірқатар құжаттар бар. Әсіресе, 1917 жылдың 8-17 қазаны аралығында Томск қаласындағы Сібір автономиясы мәселесі көтерілген Бүкілресейлік құрылтайшылардың съезіне қатысты бірсыпыра мәлімет сақталған. Съезде Сібірге автономия беру мәселесі көтеріледі. Жиынға 162 қоғамдық ұйым мен өкілдіктен 182 делегат қатысқан. Делегаттардың 10-ы Жетісу, Семипалатинск (қазір Семей - авт.), Орал, Ақмола, Торғай облыстарынан келген», - дейді Татьяна Шульга.

Ресейлік ғалымның айтуынша, делегаттардың ішінде Алаш партиясы мен кейін Алашорда үкіметінің іргесін қалаған өкілдер болған. Жүз жыл бұрынғы құжаттарда Ә.Н.Бөкейханның, Х.А. Ғаббасовтың, Х.А. Досжановтың, А.А. Ермековтың, Е.И. Итбаевтың, Р.М.Мәрсековтың, А.Д. Сейітовтің делегаттық карточкалары Бірінші Сібір облыстық съезінде тіркелген екен. Карточкалардан делегаттардың жасы мен ұлты, туған жері, саяси партиясы туралы мәліметтерді білуге болады.

«Съездің стенограммасы мен отырыстың хаттамаларында Әлихан Бөкейхановтың ұстанымдары берік болғанын байқауға болады. Әсіресе, Ә. Бөкейханов съездің экономикалық бюросы, Сібірдің алдағы уақыттағы құрылымы, Сібір халқымен бірге өмір сүріп жатқан қазақтардың өмірі және ортақ автономиядағы қазақ диаспорасының құқықтары турасында бірқатар мәселелерді көтерген», - дейді ол.

Татьяна Шульганың сөзіне сүйенсек, Сібірдің облыстық құрылымының жобасын жасау және Сібір облыстық съезін шақыру бойынша Сібір облыстық кеңесі құрылып, оның атқарушы комитетіне Әлімхан Ермеков кірген. Дәл Ә.Ермековке комитеттің хатшысы міндеті жүктелген. Аталған материалдарға съездің отырысындағы хаттамалары дәлел бола алады.

Археолог сондай-ақ, Алашорда үкіметі туралы қызықты ақпараттарды алуға болатын тағы бір жиынның бірі - Томск қаласында 1917 жылдың 7-15 желтоқсанында өткен Төтенше Жалпысібірлік облыстық съезі екенін ерекше атап өтті. Ол туралы тарихи қорда Сейдалиннің, Тұрлыбаевтың, Тұрмұхамедовтың делегаттық карточкалары сақталған.

«Аталған құжаттар Томск облысының Мемлекеттік архивінде (орысша - ГАТО) тарихи-мәдени әрі ғылыми тұрғыда құны ерекше құжаттардың санатына жатады. Сібір облыстық думасының құжаттарында аталған думаның Алашорда үкіметімен әр түрлі мәселелер бойынша өзара алмасқан хаттары сақталған. Мәселен, ол хаттардың қатарында Алашорда өкілдері (Ә. Бөкейхановтың, Ә.Ермековтың, Алашорда әскери бөлімінің жетекшісі Х.Тоқтамышевтың) мен Сібір үкіметінің 1918 жылдың тамыз айының 29-30 және 2-3 күндері алмасқан құжаттары бар. Ол хаттарда қырғыз (қазақ) армиясының құрылуы туралы Челябинскте өтетін отырысқа Әлихан Бөкейхановтың келуі керектігі жазылған», - дейді Татьяна Шульга.

Оның айтуынша, Алаш партиясының кейбір өкілдерінің биографиялық мәліметтерін аттап өтуге тағы болмайтынын ескертеді. Мәселен, Томск императорлық университетінде Асылбек Жұманұлы Сейітовтің жеке ісі жатыр екен. Жеке істе Асылбек Сейітовтың 1913 жылы 31 тамызда медициналық факультетке түсу үшін өтініш бергені туралы құжат сақталған. Онда А.Сейітовтың үш фотосуреті мен бұрынғы бітірген оқу орындарының құжаттары бар. Сол секілді Томск технологиялық университетінде студент Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің, Томск мемлекеттік университетінде 1920 жылы медицина факультетіне түскен Әлихан Бөкейханұлының қызы Елизаветаның да жеке істері сақталған.

«Біз Алашорданың тарихы үшін маңызды болар деген мәліметтерден осыларды ұсына аламыз. Бұл тақырып бұған дейін айтарлықтай зерттелгенімен, Томск облысының Мемлекеттік архивінің құжаттар қоры зерттеушілердің әлі де қор қызығушылығын тудырады. Онда қазақ халқының тарихына да қатысты мәліметтер баршылық», - дейді Татьяна Шульга.

Автор: Аян Бекенұлы

inform.kz

Айдары:  Төбе
06.10.17
196 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.